Түркияда қазақ өнерін паш етті
Түркияның Фетхие қаласында өткен халықаралық би және дәстүрлі әндер фестиваліне Атырау қаласындағы «Алтын Жұматина» өнер мектебінің өнерпаздары қатысып, жоғары деңгей көрсетті. Фестивальге Грузия, Сербия, Македония, Югославия, Осетия, Ресей және Босния елдерінің шығармашылық ұжымдары қатысты.
Өнер додасының ашылуына дейін Фетхие қаласының губернаторы барлық қонақты қалалық әкімдікте қарсы алды. Кездесуде әр ел өздерінің ұлттық дәстүрлері мен салттарын таныстырды. Ал мерекелік шеру кезінде қазақстандық өнерпаздар мемлекеттік гимнді асқақтата шырқады.
Атыраулық өнерпаздар ерекше өнер көрсетті. Күйші Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін Әмірхан Асылбекұлы шебер орындап, көрермендерді тәнті етспе, Арыстан Нығметолла, Жалғас Ысмағұлов, Мақсат Манас орындаған «Ән шашу» халық әні ерекше ықыласқа ие болды. «Zhastar» вокалдық тобы «Құдаша» халық әнін нақышына келтіре орындап, көпшлікті сүйсінтті.
Айта кету керек, фестивальге қатысушылардың жетістіктері – олардың ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Оқушыларға Алтын Жұматина, Аида Өмірғали, Элеонора Сәлімгереева, Мерует Сейітова және Әлберді Хамидуллин секілді өнер иелері жетекшілік етті. Олардың қажырлы еңбегі мен тәлім-тәрбиесі шәкірттерінің халықаралық деңгейдегі өнер бәйгесінде жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік беріп, жас таланттар халықаралық лауреат атанды.
Алдағы уақытта атыраулық өнерпаздар Ташкентте өтетін халықаралық конкурсқа қатысады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА