Атыраулық Мариям Ишанғалиева халықаралық байқаудың жүлдегері атанды
Әлемнің әр түкпірінен жиылған 175 қатысушы таяуда мәскеу қаласында өткен халықаралық «Russian beauty – 2023» сән байқауында сұлулық пен әдемілікті паш етті. Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында тұратын 9 жастағы Мариям Ишанғалиева осы шараға қатысып, бас жүлдені иеленді.
Кішкентай ару туралы бұған дейін де жазғанбыз. Өйткені, Мариям – бірнеше рет осы бағыттағы сайыстарға қатысып жүрген кішкентай жұлдыз. Таяуда өткен халықаралық додада 10-14 жас аралығындағы 55 қатысушының арасынан Мариямның ерекше образын, өзін-өзі подиумда ұстауын бағалаған әлемдік деңгейдегі сән саласының мамандары қаршадай қызды бас жүлдеге лайық деп таныпты. Ұлттық киім, спорттық стиль және кешкі көйлек кию сайыстарында Мариям жоғары ұпайға ие болған. Ал, осынау халықаралық байқаудың нәтижесі бойынша ж а з айларында өтетін дизайнерлер жарысына ең жас қазақ қызы ретінде шақырту алды.
«Осы уақытқа дейінгі жарыстарда киген қазақы үлгідегі киімдерін де алып келудің міндетті екенін атады» дейді анасы Арайлым бізбен әңгімесінде.
Айта кетейік, бұл образдар – Мариямның өз таңдауы. Ал, көрші ауылда тұратын Ботагөз есімді тігінші ол сызып берген жоба бойынша тігеді екен. Алыс ауылда тұратын ару – төртінші сыныпта үздік оқитын үлгілі оқушы. Кішкентай кезінен осы салаға құмартып, интернет арқылы сән саласына қатысты дәрістерді игеруде.
«Бәрін өзі жасайды. Кішкентай күнінен сұлулыққа жаны құмар болып өсті. Екі жасқа толар-толмас шақта-ақ, «Мен ханшайыммын» деп айна алдында тұрғанын көретінбіз. Кейін бұл қызығушылығы артып, өзі осы салада іздене бастады. Уақыт өте келе, интернет арқылы корейлік сән агенттігі иесінің дәрістерін қарап, теледидардан «Сән сабағын» оқыды. Қызығы сол, жарыстарға барған кезде «Өзөзін ұстауы, фотоға бейімділігі тамаша!» деп таңдай қағады» дейді анасы Арайлым Серікқызы.
«Осы жарысқа қолдау білдіріп, демеушілік жасаған ауыл әкімі, мектеп басшысы, апайы, образының ерекше болуына барын салған тігінші Ботагөз апаға, тілеуін тілеген ата-әжесі, барша ағайын-туғанға аналық алғысымды айтамын!» дейді анасы.
Үлкен жетістіктерге жете бер, кішкентай Мариям!
Гүлжан ӘМІРОВА