
Атыраулық көрермендерге ерекше форматтағы қойылым ұсынылады
Бүгін, 10 маусым күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында драматург А.Казанцевтің «Ағайындылар және Лиза» пьесасының желісімен «Жоғалған үміт» атты камералық, эксперименталды перформанстық қойылымның тұсаукесері өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндалды.
Қойылым режиссері Данияр Базарқұлов драманы фрагменттік құрылыммен, үнсіздік пен ішкі үн арқылы жеткізуге тырысқан. Оқиға үш кейіпкердің — Таң, Елес және Сағымның төңірегінде өрбиді.

— Бұл қойылымда біз көрерменге дайын жауап ұсынбаймыз. Бұл – ішкі күйге құрылған, ойын түрінде өрбитін тартыстар. Үнсіздіктің өзі шындықтың даусындай естіледі. Көрермен ощиғаны өз ойымен жалғастырып, өзін, айналасын көреді. Бұл – классикалық қойылым емес, қойылымның өзі шұқырда өтіп, көрермен жоғардан көз тігеді. Бұл – ойлануға шақыратын алаң, — деді театрдың көркемдік жетекшісі, осы қойылымның қоюшы суретшісі Темірбек Мұхтаров.
Таң рөлін сомдайтын актриса Нұршат Аралбаева да бұл перформансты сахнадағы ерекше тәжірибе деп бағалайды.
— Таң — нақты кейіпкер ғана емес, ол – үміттің, жан күйзелісінің символы. Бұл рөл мен үшін тек сахналық жұмыс емес, ішкі жандүниеге саяхат болды. Әр көрермен осы қойылымнан өз сұрағына жауап таба алады деп сенемін, — деді ол.
Қойылым Махамбет театрының жаңа бағыттағы ізденістерінің нәтижесі. Театр ұжымы көрерменді шындық пен сезім, үнсіздік пен үміт арасындағы кеңістікте бірге болуға, үміт отын гзіп, жанды жоғалтып алмауға шақырады.