Атыраулық домбырашы республикалық байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды
Павлодар облысының Ертіс-Баян өңірінде Қазақ ССР-інің Халық әртісі, дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына арналған І республикалық «Жастық шақ» домбырашылар конкурсы өз мәресіне жетті.
Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 33 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жоғары деңгейде өткен сайыста Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртістері де өз шеберліктерін көрсетті.
Нәтижесінде Жәнібек Жәмиев Бас жүлдені жеңіп алса, Нұрлыбек Нәжікенов Алғыс хатпен марапатталды.
Бұл жеңіс Атырау өнерпаздарының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жәнібек Жәмиевті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА