
Атыраудан ЮНЕСКО тізіміне жаңа мәдени элемент ұсынылады
Бұл туралы Атырау облысында Қазақстан Республикасы Материалдық емес мәдени мұралары бойынша ЮНЕСКО сарапшысы Меруерт Құрманғалиева қатысқан жұмыс тобының отырысында айтылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгінде еліміз бойынша ЮНЕСКО-ға тіркелген 78 мәдени элемент бар. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс тобы «Кербез қыз» элементін Атырау облысынан халықаралық тізімге енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.
– «Кербез қыз» – бұрынғы заманда сән мен мәдениетті қалыптастырып отырған тұлға. Біз соңғы кербез қыз деп Роза Бағланованы білсек, бүгінде бұл дәстүрді жалғастырып жүрген әйелдердің Атырауда барын көріп отырмын, – деді М.Құрманғалиева.

Сондай-ақ отырыста Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі арасында материалдық емес мұраларды сақтау мақсатында меморандумға қол қойылғандығы айтылды.