
Атырауда жаңа концерттік маусым ашылды
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жаңа маусымдағы алғашқы концертімен тыңдарманын қуантты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің мерекелік концерті филармония сахнасында өтті.

Кеш барысында Сыпыра жыраудан бастап Құрманғазы, Абай, Ғ.Құрманғалиев, Е.Брусиловский, Қ.Ахмедияров, Т.Мұхамеджанов, Е.Хасанғалиев және өзге де белгілі композиторлардың ел мен жерге деген сүйіспеншілікті паш ететін патриоттық туындылары орындалды.

Өнерпаздар қатарында дирижерлар Ержан Қитаров, Сая Жұмашева және талантты әртістер Қуандық Нұғмаров, Ханзада Сақыпова, Назым Шаймарданова, Венера Машкалиева, Артур Борисенко, Ақмарал Кәдірбаева, Айбар Ғаниұлы, Азамат Ізниев, Ержан Мырзахметов, Арайлым Кисярова, Шолпан Мұқашева, Жасұлан Базарбаев, Алида Хуанова, Болатбек Жұмашев бар.

– Бұл мерекелік кеш – жаңа маусымның сәтті бастауы. Біз тыңдармандарымызды алдағы уақытта да ұлттық өнердің ең озық туындыларымен қуанта береміз, – деп атап өтті филармония директоры Бақытбек Сартбаев.