Жарнама
Мәдениет

Атырауда үш күн бойы түнгі кітапхана жұмыс істеуде

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы үш күн бойы жұмыс кестесін өзгертіп, түнгі сағат 00:00-ге дейін қызмет көрсетіп жатыр. Бұл жаңашылдық оқырмандарға өздеріне ұнаған кітаптарды еркін іздеп, оқуға зор мүмкіндік береді.

–Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрлерін сақтау, оларды насихаттау, жастарға ұлттық мұрамыздың құндылықтарын ұғындыру. Сонымен қатар ұлттық ойындар мен ғұрыптарды жаңғырту арқылы оқырмандардың ұлттық сана-сезімін көтеріп, мәдени мұраға деген сүйіспеншілігін арттыру, — дейді Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың басшысы Сара Ізмұханбетова.

Мерекелік іс-шара барысында кітапхананың тұрақты оқырманы Айжан Бисембайқызы жүн түту мен ұршық иірудің маңыздылығы туралы айтып, бұл дәстүрлерді көпшілікке көрсетті. Қазақтың ұлттық ойындарының шығу тарихы туралы сөз қозғалып, сахнада асық ойнау мен күш сынаспақ ойындары ойнатылды. Жиналған меймандарға ақсақалдар бата беріп, әжелер тойдың шашуын шашты. Сондай-ақ, қазақ халқының маңызды ғұрыптарының бірі – тұсау кесу рәсімі көрсетілді, кітапхана басшысы сәбидің тұсауын кесіп, оның жолының ашық, қадамының нық болуын тіледі.
Мерекелік іс-шарада Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледждің студенттері өнер көрсетті. Сонымен қатар салт-дәстүрлер мен мәдени мұраға қатысты викториналық сұрақтар қойылып, қатысушыларға сый-сияпаттар берілді.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button