Атырауда Ұлттық домбыра күні аталып өтті
2018 жылдан бері шілде айының бірінші жексенбісі республикада Ұлттық домбыра күні ретінде тойланып келеді. Ғасырлар үнін егіз шектен төгілген музыка сарынымен атадан балаға жеткізген көне аспаптың қадір-қасиетін арттырып, ұлттық өнерді насихаттауды мақсат тұтқан атаулы күннің халқымыздың өмірінде алар орны ерек, жөні бөлек. Ұлттық өнердің бұл түрінің әлімсақтан киелі домбыраны қастерлеп, қадір тұтқан халқымыз үшін орны әрдайым төрде тұратыны кәміл.
Атаулы датаға орай Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы – Атырау музыка колледжінің ұстаздары мен студенттерінен құралған домбырашылар ансамблі шаһар тұрғындары мен қонақтарының назарына мерекелік концертін ұсынды. Өнер ұжымы бұл күні қаланың ең көрікті жерлерінде күй атасы — Құрманғазы бабамыздың атақты «Адай» күйін асқан шабытпен, асқақтата орындады. Оны тамашалаған көпшілік қошеметпен қол соқты. Мерекелік шараға жиналғандарды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов құттықтады.
-Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын! Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген қара домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз, — деді Нұржан Мақсотұлы.
Одан соң мерекелік құттықтау сөз оқу орнының басшысы Гүлнар Сәдуақасоваға жолданды. Ол қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идеясының төңірегінде топтастыру мақсатын көздеген мұндай шарадан ежелден өнер қонған ұлы дала елінің өскелең ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеуге тигізер әсері мол, ықпалы зор екенін айрықша атап өтті.
Қазағымның қанында күй ойнатып, ұлтымыздың жанына айналған домбыраның қашан да мәртебесі жоғары, мерейі үстем, үні асқақ болғай!
Дәулетқали АРУЕВ