Жарнама
Мәдениет

Атырауда «Шаңырақ күні» ерекше сән-салтанатпен атап өтілді 

Орталық алаңдағы ақшаңқан киіз үйде қолөнеріміз ұлықталса, сахна төрінде ұлттық әндеріміз шырқалды. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжі «Армысың, әз Наурыз»  мерекелік концертін ұсынды. Бойға дарыған ерекше қабілетімен, шеберлігімен танылған Қуанышқалиевтер әулетінің шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. 

501a3c26 cd83 4c79 95e3 68b1c7e90373

Онкүндік шеңберінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Атырау облыстық филиалы және «Алтын шаңырақ» аналар кеңесі бірлесіп ұйымдастырған мәдени- танымдық шара да көптің көңілінен шықты. Отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық өнер мен қолөнерді жаңғырту мақсатында өткізілген мерекелік басқосуда Қуанышқлаиевтер әулетінің шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Бұл отбасы қолөнер бұйымдарынан шеберлік сағатын ұсынып қана қоймай, жетіген секілді ұлттық аспабымызда ойнап, кішкентай мүшелері әннен шашу шашты. 

ca68383c d1fc 4e47 b52a 57e8ce899d57

Ағаш шебері Бөлекбай Қуанышқалиевтың бұл саланы таңдауына қоқыста жатқан бесік түрткі болыпты. Бала кезден-ақ ағаш бұйымдарға қызығушылығы болған Бөлекбай Табылдыұлы отбасының қамы үшін сүйікті ісін вахталық жұмысқа алмастырды. Алайда жылдар өте келе тоқырау жылдары бала арманына қайта оралды. «Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын қоқыста жатқан бесікті көріп, киелі бұйымымызға жаным ашыды. Кейін «осындай бұйымдарды неге өзім жасамасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, үш күннің ішінде бесікі ойып, қашап жасап, оны бесіктойға апардым. Сол жерде тапсырыстар түсті. Бірте-бірте бесікпен қатар сандық, үстел сынды ағаш бұйымдарын жасап, кәсіптің кілтін тапқандай болдым. Қазір қарапайым нан тақтайынан бастап, он облысқа 200-ден астам ағаш өнімін ұсынамыз. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпшілік өңірден тапсырыс көп болды. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» деген бар ғой. Кей кездері шикізаттан тапшылық болып жатады. Өйткені, біздің бұйымдарға кез-келген ағаш бармайды. Бұл сала елімізде әлі толыққанды дамымағандықтан, Қырғызстан мен Моңғолияның тәжірибесіне сүйене отырып, үлкен киіз үйлерді Атыраудан шығармақ жоспарымыз бар»,-дейді Бөлекбай Табылдыұлы. 

Өз тәжірибесімен бөліскен шебер «Ақпанда келген көктем» туындысын шараны ұйымдастырушыларға табыс етті. «Желтоқсан, қаңтар айларында болмаған қыс ақпанда келгені белгілі. Сол кезде облысаралық жолдар жабылып, қаламен қатынас қиындай түсті. Ауылдарда ақтүтек боран болып, халық әбігерге түсті. Соған қарамастан, біздің аналарымыз көгілдір көктем алдында тіршіліктерін жалғастырып, кимешектерін киіп алып елді аралап, жұртшылыққа жылыжүздерімен жақсы көңіл-күй сыйлады. Осынау процестен мен де шабыттанып, «Ақпанда келген көктем» туындысын жасап шығардым. Көктем келіп, жер жаңарады, айнала көкке оранады, тіршілік басталады деген ниетпен скрипка аспабын жасыл түспен дайындадым»,-дейді ол. 

«Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып барша мұсылманның жаңа жылы келеді. Ендеше, той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке қазақ еліне тек жақсылық әкелсін!» — деген шынайы лебіздермен «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды. Сахна шымылдығы «Adaqqio»  квартетінің орындауындағы А. Сағатұлының «Наурыз» әнімен ашылып, халық әні «Қарағым ай»-ға жалғасты. Дәстүрлі әншілер тобының қазақ халық әндерінен «ән шеруі» көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button