
Атырауда сегіз мәдениет нысаны салынады
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған кеңес мүшесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Рафик Сәрсенов төрағалық етті.

Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының Атырау облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының «Мәдениет» бағыты бойынша «Жол картасының» іске асыру мәселелері қаралды. Бұл жөнінде облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев баяндама жасады.

Айтылғанындай, көрсетілген мерзімде облыста барлығы 8 мәдениет нысанын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, жұмыс жасап тұрған 56 мәдениет ошағын жөндеуден өткізу көзделген. Сондай-ақ, тарихи және қасиетті орындарға (Ақтөбе-Лаэти, Қызылқабақ қорғаны, Таскешу керуен сарайы, Қарабау және Қарақұдық қорғандары және т.б.) ірі қазба жұмыстары жүргізіледі.
Оған қоса, осы кезеңде есімдері елге танымал тұлғаларды (Бейбарыс, Исатай, Бөкен би, Махамбет, Мұрат, Құрманғазы, Дина, Мақаш Бекмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Әбу Сәрсенбаев, т.б.), тарихи мұраларды халыққа кеңінен насихаттау жобаларын іске асыру, Қазақстанның бірегей тарих және мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін қажетті шараларды қабылдау ойластырылған.
Баяндаманы мұқият тыңдап, талқыға салған кеңес мүшелері бағдарламаға енгізілген шараларды тағы бір мәрте пысықтап, нақтылап алу қажеттігіне тоқталды. Мәдениет ошақтары қала мен ауылдың рухани мәйегі десек, ата-бабадан аманат болып қалған тарихи-мәдени мұралар – халқымыздың баға жетпес құнды қазынасы. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жетуіне қамқор, жанашыр болу, осы үрдіске үлес қосу – борышымыз. Жиында айтылған әңгіменің түйіні осы болды.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ