Атырауда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

img 1881 Мәдениет

Атырауда Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Апталық аясындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция -«Махамбет мұрасы – елдіктің өшпес рухы» тақырыбында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтті.

Мәдени шара Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау, қайраткер ретіндегі алып бейнесін республика жұртшылығына жан-жақты таныстыра отырып, жасөспірімдер арасында оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілді. Жиынға елімізге белгілі ақын-жазушылар, махамбеттанушы ғалымдар, тарихшылар және кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.

img 1880

Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бұл конференция Махамбет жырларын жаңа қырынан танытуға серпін беретінін айтып өтті.

– Атырау өңірі қазақ еліне, тарихы мен әдебиетіне үлкен тұлғаларды сыйлаған қасиетті өлке. Соның бірі де бірегейі осы Махамбет бабамыз. Жыл басынан бері ақынды ұлықтау мақсатында облысымызда көптеген іс-шаралар өткізілуде. Және осы бағытта біз тек концерттік бағдарламалар мен театрлық қойылымдармен шектелмей, осы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырдық. Мұнда белгілі әдебиетшілер мен тарихшылардың, зиялы қауым өкілдерінің басын біріктіріп, ақын жырлары мен өмірін терең насихаттамақпыз. Сонымен қатар бұл жиын Махамбет бейнесін жан-жақты зерделеп, жаңа қырынан танытуға үлес қоспақ, – деді Ә.Жоламанов.

Конференция барысында Жүсіп Қадыр, Әділет Қабылов, Алтыншаш Тажигалиева, Бибігүл Хайыржанова және Амангелді Шамғонов пен Ақылбек Шаяхмет сынды өңірге белгілі ақын-жазушылар, профессорлар, махамбеттанушы ғалымдар ғылыми баяндама жасады.

Сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Хайыржанованың «Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен оқытудың өнегесі» атты монографиялық еңбегінің тұсау кесу рәсімі өтті.

– Екі ғасыр бойы өміршеңдігін жоймаған Махамбет жырлары әлі күнге дейін жаңа қырынан ашылуда. Мәселен, мен өз зерттеулерім арқылы ақынның сирек кездесетін өлеңдерін таптым. Оның жырларының әрбір шумағы мен тармағын, ұйқасын терең зерттеп, 2007 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғадым. Бірнеше жылдан кейін бұл еңбегім «Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухқа тәрбиелеу мен оқытудың өнегесі» атты монографиялық кітап болып жарық көріп отыр. Болашақта түрік мамандарымен біріге отырып, Махамбет өлеңдерін түрік тіліне аударсақ деген жоспарымыз бар. Өйткені, Түркия елі ақын шығармашылығына ерекше қызығушылық білдіруде, – деді Б.Хайыржанова.

Өз кезегінде журналист, «Болат Медиа» мекемесінің директоры, «Үшқоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің бас редакторы Болат Батыр педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиевке, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақытбек Таубаевқа және Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова мен Қызылқоға аудандық орталықтандырылған кітапханасының директоры Гүлжан Айсағалиеваға, сондай-ақ Қызылқоға аудандық орталықтандырылған кітапханасының библиографы Нұржамал Жексенғалиева мен Махамбет ауданының ардагер кітапханашысы Ұлжалғас Байетоваға Махамбет атындағы халықаралық қордың Махамбет атындағы сыйлығын табыстады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз