Атырауда «Қылқалам шертеді» облыстық әуесқой суретшілер фестивалі өтті
Кеше Атырау қаласында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен әуесқой суретшілерге арналған «Қылқалам шертеді» фестивалі өтті.
Сурет өнеріне қызығушылық танытқан таланттарды қолдау, олардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру мақсатындағы өнер додасына Атырау қаласы мен аудандардан 16 жастан асқан суретшілер қатысты. Суретшілер фестиваль талаптарына сәйкес бірнеше бағытта жұмыс істеді. «Бояулар құпиясы» тақырыбында натюрморт, пейзаж, портрет жанрларында сурет салды, ал «Сүйікті иллюстрация» тапсырмасы бойынша ертегілер, аңыздар мен әңгімелерден кейіпкерлерді бейнеледі.
Фестивальдің басты көрмесі мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі бүгін, 11 қазан күні Сұлтан Бейбарыс алаңында сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін өтеді. Жергілікті өнер сүйер қауым бұл іс-шарада жас таланттардың туындыларымен танысып, олардың шығармашылық бастамаларына қолдау білдіре алады.
Фестиваль Атырау өңіріндегі әуесқой суретшілер үшін үлкен мүмкіндік болып отыр, әрі болашақта олардың шығармашылығын кәсіби деңгейге жеткізуге септігін тигізбек.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ