АТЫРАУДА ӨТКЕН КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКА КЕШІ
Қазақстанның халық артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватоиясың профессоры, Атырау облысының Құрметті азаматы Ғафиз Есімовтің 75 жасқа толуына орай шығармашылық кеш өтті.
Құрманғазы мәдениет сарайында өткен бұл шара өнерсүйер қауымға рухани нәр, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концертте есімі елге белгілі өнер иесінің, классикалық музыканың майталманы, атақты опера әншісінің репертуарындағы танымал шығармаларды оның ізбасарлары, болашағынан үміт күттірер бүгінгі шәкірттері асқан шеберлікпен шырқады. Соның ішінде әлемдік опера өнерінің жауларына айналған туындылар, сондай-ақ халық әндері мен халық композиторларының шығармалары болды.
Өнер кезегін орындаушыларды Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның жанындағы Қаршыға Ахмедияровтың есімін еншілеген «Нарын» халық аспаптар оркестрі сазбен сүйемелдеді
Атырауда, әнші-ұстпздың туған жерінде өткен керемет кешке Ғафиз Есімовтің жұбайы, өмірдегі және өнердегі серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті Махинур Рахманова қатысты.
Кеш соңында облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев Ғафиз ағаны мерейлі жасымен құттықтап, жерлестерінің атынан жылы лебізін білдірді. Қазақы дәстүрімізден иығына шапан жауып, зайыбына да сондай сый-құрмет көрсетті. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың атынан Ықылас гүлін ұсынды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор