
Атырауда музей түні өтті
Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы-сәнді өнер музейінде «Музейге саяхат» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Өнерді дәріптеу арқылы көпшілік назарын музей қызметіне аудару, суретшілер мен қолөнер шеберлерін қолдауда көпшілікке олардың туындыларын ұсыну мақсатында өткізілген жиынға қатысушылар аз болмады.

«Музейге саяхат» барысында көрермендер музей залдарында түрлі шеберлік сабағына қатысып, тарихи тұлғалар кейпіндегі сахнагерлермен «Жанданған картина» жанында жүздесті. Кішкентай көрермендерге қызықты құммен сурет салу шеберлік сыныптары да жүзеге асты.

Ал бұл күні кештің көркін қыздырып, шырайын келтірген кеш қонағы, сонау Алатаудың баурайынан, жер жәннаты — Жетісу жерінен жеткен танымал суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Оралбек Қабөке де болды. Атыраулықтар кеш қонағының кілем бетін бояулармен сәндеп, бейнелеген өнерін таңдана тамашалады.

Диана ҚОЙШЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің І курс студенті
Суреттерді түсірген автор