Атырауда Music Lab жобасының екінші кезеңі аяқталды
Атырауда жас музыканттарға арналған Music Lab шығармашылық жобасының екінші кезеңі сәтті аяқталды. Жоба облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Key Transform қоғамдық бірлестігі мен Kilen Creative Hub ұйымының серіктестігі негізінде жүзеге асырылды. Оның басты мақсаты – талантты жастардың музыкалық индустриядағы әлеуетін арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
2024 жылы өткен жобаның іріктеу кезеңіне 100-ден астам өтінім түсіп, оның ішінен 50 қатысушы таңдалды. Финалға өткен 11 жас музыкант авторлық әндерін кәсіби студияда жазуға мүмкіндік алды. Жоба барысында қатысушылар музыкалық продакшн, студиялық жазу, сахна өнері және өзін-өзі дамыту бойынша кешенді сабақтарға қатысып, тәжірибелі музыканттар мен продюсерлерден тәлім алды.
Жобаның басты жетістігі – жазылған 11 жаңа авторлық әннің Apple Music, Spotify, Яндекс Музыка және YouTube Music сынды танымал платформаларда жариялануы. Бұл – жас музыканттардың өнер әлеміне қосқан үлкен үлесі.
Жобаның финалы 600-ден астам көрермен жиналған шығармашылық концертке ұласты. Қатысушылар LED-экрандармен сүйемелденген жанды дауыстағы қойылымдарын ұсынып, сахнада өз шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, Kilen Creative Hub резиденттері, өткен жылғы Music Lab қатысушылары және қазақстандық эстрада жұлдыздары да сахнада өнер көрсетті.
Жобаға қатысушылардың қанағаттану деңгейі 96,4%-ды құрады. Music Lab – жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың шығармашылық дамуына қолдау көрсететін маңызды бастама ретінде танылды. Ол Атырау жастарының музыка индустриясына жол ашып, өнерге деген қызығушылығын арттыруда ерекше рөл атқарды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Сурет: fripeek.com