Атырауға суретшілердің арт-экспедициясы келді
Маңғыстаулық суретшілер «Отпан тау – Сарайшық – Бөкей ордасы – Қорқыт ата – Қожа Ахмет Яссауи – Жәдігерлер кешені» бағытымен экспедиция бастады. Бүгін арт-экспедиция Атырау қаласына келді.
«Өткізіліп отырған жылжымалы симпозиумның мақсаты — өңірдегі суретшілердің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу. Сондай-ақ жастардың сурет өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Экспедиция қорытындысымен еліміздің кемінде бес облысында және елордамызда суретшілер көрмесі өтетін болады. Осындай шеберлік сағаттарын өткізіп тұру маңызды. Өйткені суретшілеріміздің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай шаралар көп болуы керек», — дейді «Ақтау қалалық суретшілер одағының» мүшесі, «Арт-экспедиция» жетекшісі Тынышбек Балтабаев.
Симпозиум аясында суретшілер табиғат аясына этюд салудың тың тәсілдерін көрсетеді.
Айта кетейік, суретшілер симпозиумы Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Ақтау қалалық суретшілер одағы «Отпантаудан – Ұлытауға» суретшілер экпедициясын ұйымдастыру жобасын жүзеге асыру арқылы бейнелеу өнерін дамыту» жобасы шеңберінде өтуде.
Нұргүл Насыр