Жарнама
Мәдениет

Атырауда «Jas tolqyn» өңірлік жас таланттар байқауы өтуде

Аталған байқауға Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының жас таланттары қатысуда. Бұл туралы бүгін «Ренессанс» қонақ үйінің мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Вокал, хореография, аспаптық жанр, дәстүрлі ән өнері және көркемсөз бойынша бақтарын сынайтын конкурс қатысушылары бір апта бойы Қазақстанның әйгілі профессорлары мен еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің шығармашылық шеберлік сабақтарынан өткен. Олардың қатарында ҚР халық әртісі Гүлжан Талпакова мен Қазақ ұлттық өнер университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Марат Нүкеев те бар.
–«Jas tolqyn» – «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Біздің компаниямызды еліміздің экономикасының іргетасы деп те айтуға болды. Қазақстанда өндірілетін «қара алттының» 60 пайыздан астамы «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ арқылы экспортталады.

Биыл «Jas tolqyn» өңірлік жас таланттар байқауына 1 200-ге жуық бала қатысуда. Бұл байқау тасада танылмай жүрген балаларымыздың жолын ашар өнердегі алғашқы баспалдағы боларына сенемін. Бұған дейін де талантты ауыл балаларының Ресей елінің сахнасында өнер көрсетуіне мүмкіншілік берген аталған өнер сайысының бұл жолы да шын талантты танытарына сенемін, — дейді «Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ-ның ҚР үкіметімен байланыс бойынша бас директордың орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Айта кетейік, «Jas tolqyn» жас таланттар байқауы «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ қолдауымен бесінші жыл қатарынан өткізілуде. Бүгінге дейін батыс өңірдің мыңдаған дарынды балалары өздерінің өнерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жоба Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын өнерлі балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Байқаудың мақсаты – ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтау және жаңғырту. Үш орынға ғана іріктелетін байқау жеңімпаздары Ресейдің Мәскеу қаласында өтетін «КТК-Дарынды балаларға» халықаралық байқауында еліміздің намысын қорғайды.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button