Жарнама
Мәдениет

Атырауда домбыра мен ұлттық қолөнер көрмесі өтті

Түркітілдес халықтардың «Saz perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық музыкалық “Dombyra” фестивалінің ашылу салтанаты алдында ұйымдастырылған домбыра және ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі көрермендерді айрықша сүйсінтті. Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары облыстық тарихи-өлкетану музейінің домбыралар коллекциясымен танысты.

Облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі Ғалия Назарбекованың айтуынша, көрмеде Нұрғиса Тілендиев, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Рысбай Ғабдиев, Нариман Үлкенбаев, Сағым Жалмышев, Шәміл Әбілтаев, Илья Жақанов, Карима Сахарбаева, Секен Тұрысбеков және Айгүл Үлкенбаеваның домбыралары ұсынылды. Көрменің ең құнды жәдігері — Ұлы Отан соғысының ардагері Тыныбай Лекеровтың сүйек пен күмістен апталған домбырасы. Қала тұрғындары бұл домбыраға ерекше қызығушылық танытып, оның тарихына терең үңілді.

Сондай-ақ, ұлттық қолөнер көрмесі көпшілік назарын аударды. Облысқа танымал шеберлер мен дизайнерлер өз туындыларын ұсынды. Олардың қатарында Камила Жапалова, Нұрсұлтан Қалиев, Зинада Орынбасарова, Кеңес Айыпқалиев сияқты шеберлер бар. Суретші әрі қолөнерші Нұрсұлтан Қалиев көрмеге 20-дан астам туындысын әкелді. Майлы бояумен Атырау қаласының көрікті жерлері бейнеленген суреттер көздің жауын алып, көрермендердің қызығушылығын оятты.

Қолөнер «URSHYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің 25-тен астам қолөнершісі өз жұмыстарын көрсетті. Аталған бірлестіктің Атырау өңірі бойынша директоры Салтанат Елеусінова көрмеге қатысушылардың үздік қолөнер шеберлері екенін атап өтіп, олардың ұлттық нақышты насихаттаудағы еңбегі туралы айтты. Көрме сөрелерінде ұсынылған бұйымдардың қолжетімді бағамен сатылуы тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік болды. Осылайша мәдени іс-шара аясында ұлттық өнер ерекше дәріптеліп, мәдениетіміздің байлығы ұлықталды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button