
Атырауда «Дала үні» көрмесі өтті
Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Дала үні» атты көрме өтті. Шара мақсаты – қазақ халқының бай музыкалық мұрасын, ұлттық аспап – домбыраның тарихи, мәдени мән-маңызын дәріптеу, ұрпақ санасына сурет өнері арқылы сіңіру.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Индира Мерекенқызының хабарлауынша, көрмеге музей қорынан алынған кескіндеме, графика және қолөнер туындылары қойылды. Олардың қатарында Қабдол Досниязовтың «Домбыра туралы аңыз», Бақытнұр Бурдесбековтың «Домбыра-дастан», Ғалия Қожахметованың «Күй», Өмірбек Жұбаниязовтың «Жамбылдың домбырасы», Қамбарбек Амановтың «Күй атасы – Құрманғазы», Нұрлан Дәуренбековтың «Екі шекті» сияқты картиналармен қатар, Нұрлыбек Бейсенбаевтың «Ойма домбыра», Мәзен Шакиевтің «Домбыра қобдиша», Нұрсұлтан Қалиевтің «Шешен ағаш» атты қолданбалы өнер туындылары да көрермен назарына ұсынылды.
Көрмеге музей жанындағы бейнелеу өнері студиясының оқушылары да қатысып, ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын көрсетті.
Айта кетейік, қазақ халқының киіз үйі, айтыс және домбыра өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Осы тұрғыда домбыра тек музыкалық аспап қана емес, халықтың рухы мен болмысын айқындайтын құнды жәдігер саналады.
Шілде айының алғашқы жексенбісінде тойланатын Ұлттық домбыра күні – елдің мәдени мұрасын ұлықтайтын маңызды мерекелердің бірі. Ал «Дала үні» көрмесі – ұлттық өнерге тағзым, рухани мұрамызға құрметтің айғағы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА