
Атырау Жастар театры әлемдік киноиндустрияда
Жуырда Атырау Жастар театры Болливуд киноиндустриясына шақырту алып, Грузияға аттанды. Бұл – Атырау халқы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін зор мәртебе. Жас өнер ордасы мұндай әлемдік деңгейдегі жетістікке қалай жетті?
Осы және өзге де сауалдар аясында аталған театрдың негізін қалаушы Жасұлан Қайыровпен сұхбаттастық.

– Жасұлан Тұрғалиұлы, бүгінде театр ұжымы бірқатар жаңашылдықты қолға алды. Қазір қандай бағыттағы жобамен жұмыс жасап жатырсыздар? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Бұл – біздің алғашқы әлемдік жобамыз. Осыдан төрт жыл бұрын жарыққа шыққан атыс-шабыс жанрындағы драмалық “Аканда” сериалының жалғасы. Мұндағы эпизодтарға Жастар театрының он шақты әртісі түседі. Жалпы, «Жаңа ғасыр» театрының Қуаныш Құдайберген деген әртісі менің ұялы байланыс нөмірімді продюсер, режиссер Алмас Әлімжанға берген. Сол арқылы біз кастингке қатысып, басшылық бірден қолдап, Болливудқа шақыртуды қабыл алдық. Қазір Грузияның Казбеги, Гудаури таулы аймағындамыз.

Түсірілімге жиналғандардың біразы – спортшылар. Біз басты рөлдегілермен бірге киноға түсеміз. Ұйқыдан таңғы сағат 5:30-да тұрамыз. Күнде кешке дейін каскадёрлармен бірдей трюктер жасаймыз. Мұнда инсайттар өте көп. Кино терминдерін тереңірек біліп жатырмыз.
Шыны керек, бұл өте қызық. Мұнда Грузия, Үндістан мемлекеттерінің әртістері де бар, шамамен 600 адаммен тығыз байланыстамыз. Түсірілімге Қазақстан бойынша үш театрдан әртістер алынған. Оның бірі – Атырау Жастар театры. Бұл жердегі әр күн бізге мол тәжірибе. Көз алдыңда көлік жарылғандағы көріністерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір ғана дубльде шынайы эмоция білдіру керек.
Қазір 3 мың метр биіктікте тау үстіндеміз. Күн төбеңнен төніп тұр. Мұндай жағдайдағы жұмыстың қаламақысы да жоғары.

— Ал мұндағы қауіпсіздікке қаншалықты кепілдік бар?
– Әр әртіске толық нұсқама, бағыт-бағдар беріп отыратын ассистент белгіленген. Менің Лука есімді ассистентім бар. Бізге продюсер, режиссерлер де қауіпсіздік туралы толық мағлұмат береді. Сонымен қатар, әрине, қауіпсіздік мәселесі алдын ала жасалған келісімшартта да көрсетілген.
— Туған жерден жырақта жүрсіздер. Елге деген сағыныш туралы ой бөліссеңіз…
– Грузияға келгенімізге бір аптадан асты. Әрине, елді қатты сағындық. Мұнда 20 шақты күн боламыз. Тау басында қазақ әндерін шырқап, “Нені ойладың, құрбыжан?” деп әндетіп жүрміз. Бұл әнді Қазақстанның әр түкпірінен келген азаматтар қосылып айтып, елге деген сағыныш сезімін осылай шығарып жатырмыз.

Мынандай бір қызық болды. Мен “Жайлаукөл кештерін” әндетіп бастап едім, айналамдағы бүкіл қазақ қосыла шырқай кетті. Бұл көрініске өзге ұлт өкілдері таң қалып, бізді бейнежазбаға түсіріп, осы ролик әлемдік платформаларға “Қазақтар киноалаңда өз әндерін шырқауда” деген хабармен лезде тарап кетті.
— Шетел сапарына шығуға қорықпадыңыздар ма?
– Әрине, алғашында үрейдің болғаны рас. Бірақ «Шетел асып, өнер көрсетіп жүргендер де аз емес қой, біз де өзімізді сынап көрейік» деп тәуекелге бел будық.
Алғашқы күні түсірілім алаңына тек қазақтар жиналдық. «Басқалары қайда?» деп ойымыз сан-саққа жүгіріп үлгерді. Келесі күні бұл жерге барлық қажетті техника жеткізіліп, әлемдік түсірілім алаңы құрылып, ерекше атмосфера орнағанда, ішімде сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім пайда болды.
Театрдың Болливуд киноиндустриясындағы бұл дебюті – Қазақстан үшін үлкен жетістік. Бұл түсірілімді абыроймен атқаратынымызға сенемін. Өйткені біздің театрдың жалындаған жастары жан-жақты өнер иелері.
— Сұхбатыңызға бек рақмет! Сәттілік серік болып, биік шыңға жете беріңіздер!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлыгүл ДОСТАНОВА