«АТЫРАУ – АРМАН ҚАЛАМ»
СӨЗ БАСЫ
Айтысты ашқан Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев: «Тәуелсіздік кезеңінде жаңа көрік, әсем әуенге бөленген біздің қаламыз — болашақтың қаласы. Мұнайдың астанасы атануының өзі біздің сәт сайынғы мәртебемізді биіктете түседі. Бүгін біз Атырауымызды айтыс ақындарының тілімен жырлауға келдік. Әрине, қаламызда атқарылып жатқан керемет келешекті істер баршылық, сонымен бірге тұрғындардың көңіліне түйткіл түсіретін жайттар да жетеді. Бірақ, ақындарымыз қос тізгінді тең ұстап, басшының да, қосшының да көңілінен шығады деп ойлаймын. Айтыс алмас қылыш сияқты нәрсе, аңдамай тисе, аямай қиып түсері анық, сондықтан оған да дайын отырып, өкпелеспеуге тырысалық. Мен өз тарапымнан бүгінгі айтысқа қаржы бөлген қалалық әкімдікке ризашылығымды білдіре отырып, айтыскерлерге шабытты сәттер тілеймін», — деді.
Ақындардың жыр майданын арнайы тамашалауға келген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шакирова қатысушыларға ақ жол, сәттілік тіледі. «Талант» қоғамдық қорының директоры Әбдіхан Есенғалиев айтыс тізгінін өз қолына алды. Белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиев төрағалық еткен қазылар алқасында Қазақстан Журналистер Одағы Атырау филиалының директоры Қуандық Батыров, облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов, айтыскер ақын Мұрат Таласов, журналист Балауса Халеловалар айтыскерлер өнеріне баға берді.
АҚЫНДАР АЛАМАНЫ
Алғашқы жұп болып сахнаға республикаға танымал Сырымбек Сәрсенбаев пен облыстық айтысқа алғаш қатысып отырған Әсел Таушанова шықты. Сырымбек бұған дейін де талай мәрте айтысқа қатысып, ащы тері алынған ақын. Әсел де осал емес, облыстық оқушылар айтысында қара үзіп шыққанына куә болғанымыз бар, әлі-ақ төселіп кететініне сенеміз.
Әр сөзі мірдің оғындай, тереңнен қозғап, әдептен озбайтын Жәнібек Садыров пен қызылқоғалық «шоумэн» Шалқарбай Ізбасаровтың сөз сайысы көптің көңілінен шықты.
Айтыс сайын өсіп келе жатқан Айзада Дәулекенованың бұл жолғы қадамы да сәтсіз болмады, оралымды ойлар, сәтті тіркестер Айзаданың қай сайысқа салса да, сүрінбейтін жүйрік екенін дәлелдеп берді. Оның қарсыласы Нұрбек Сарбасов та – болайын деп тұрған бала. Жеңгесіне жұмбақ жасыру арқылы әдемі айтыс үлгісін көрсете білді.
Шындықты шынайы жырлайтын Атырау айтыскерлерінің арасында қолтаңбасы бөлек Шынарбек Қабиевтің бұл жолғы қарсыласы Әділбек Қайыров та осал емес.
Айтыстың ақтаңгері Салауат Исақаевты «Қарсыласқа зиянды ақынсыз ғой, табиғаты секілді Құлсарының» деп Нұрболат Нұғманов сөзбен түйреп өтті. Талай аламан бәйгеде шашасына шаң жұқтырмаған Салауат ақын бұл жолы да өзінің шабытты шақта екенін көрсете білді. Атырауда бәрі қымбат болғасын да арман қала деген ойын айтқан Нұрболат әр шумағын тереңнен толғайды, арзан шоу жасауға әуес емес.
Асылбек Есжанов пен Ануарбек Садықовтар өлең өлкесіне енді ғана ат шалдырып жүрген жастар болғасын ба, жыр көрігін қыздыра алмады. Бірақ, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, бұл екі жас тұлпар да тәжірибемен, біліммен қаруланса, әлі-ақ оза шауып кетеді деген сенім білдірдік.
Сарайшықтың шайыры Серік Қойшығұлов пен Амангелді Панабердиевтің сөз қағысы да көрерменнің қошеметіне бөленді.
Серікбол Панабердиев пен Өнербек Дәулекенов, Нұрбейбіт Нұғыманов пен Ерболат Қарақойшиев өлең сөздің көрігін қыздырып, әдемі айтыс жасады.
Бұл жолы «Атырау – арман қалам» атты айтыс тақырыбының ауқымдылығы ақындардың кең көсілуіне мол мүмкіндік туғызды. Бірінші айналымда Шалқарбай Ізбасаров көрермендерге әдемі әзілдерімен күлкі сыйлай білді. Басқа ақындар да осал болған жоқ, айталық, қос құда — Серікбол Панабердиев пен Өнербек Дәулекеновтердің сахнада жолығуы туыстық байланысты сақтай отырып, халыққа керемет айтыс үлгісін көрсетуімен ерекшеленді. «Екі құда айтысып жатырғанын сіздерден басқа адам естімесін» деген Серікболдың:
Ол рас, қала қазір ажарланған,
Ішкі бетін ысқылап
жатқанменен,
Сырт жағы сырт қалып
жүр назарлардан,
Бұны да ақын балаң сөз етеді,
Өйткені шындық десе
өжет еді.
Қаланың сыртындағы
Сарыөзектен
Мәшинелер ылғи да тез өтеді.
Өйткені, Сасықкөлдің
сасық исі
Ішіндегі адамды мезі етеді,
Ауызын жұмып жүрген
көкелердің,
Білінді қауқарының аз екені.
Қала сырты осындай
күн кешуде,
Білмейміз кімнің кімге
сөзі өтеді?
Жұмып алып, жан-жаққа
қаша бермей,
Жұмылып іс қылғанға не жетеді? — деген шумақтарына көрермен дүркірете қол соқты.
ЖҮЙРІКТЕН
ЖҮЙРІК ОЗАР…
Қаладағы мешіттер санының аздығы, Каспий теңізінің экологиялық ахуалы, мөлтекаудандарға атау бергенде көп жағдайда жер қорғаған батырлар есімдерінің ұмыт қалып жатқаны секілді көптеген мәселелер айтыс сахнасынан айтылды.
Бірінші айналымнан сүрінбей өткен алты жұп финалда жолықты. Осыдан үш — төрт жыл бұрынғы айтыстарда ақтық сынға келгенде тыныстары тарылып, әупірімдеп шығатын жүйріктеріміздің бұл жолы біраз шыңдалып қалғаны анық байқалды. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орынға Салауат Исахаев, Ерболат Қарақойшиев, Нұрболат Нұғмановтар ие болды. Екінші орынға Айзада Дәулекенова мен Шалқарбай Ізбасаров қол жеткізді. Ал бірінші орын Жәнібек Садыровқа берілсе, айтыстың бас жүлдесін Серікбол Панабердиев жеңіп алды.
Қала күні мерекесі қарсаңында өткізіліп, елге қуаныш сыйлаған, рухани серпіліс берген шара көрермендерінің көптігімен де ерекшеленді.
Бақытгүл БАБАШ.