Жаңа кітаптардың тұсауы кесілді (+ФОТО)

img 7382 ФОТОГАЛЕРЕЯ

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершумен шығармашылық кездесу өтті. Ақ Жайықтың Маржан қызы – қазақ поэзиясында өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы бар, ізденіс пен ізгілікке жаны құштар, жүрегі жырға толы талантты ақындардың бірі.

Танымы мол, тағылымы зор шараға əдебиет сүйер жастар мен зиялы қауым өкілдері көп келді. Филармонияның жезтаңдай əншілері ақынның сөзіне жазылған əндерді шырқады. Маржан ақынның туындылары əсем дауыс ырғағы арқылы көрермен жүрегіне жеткендей. Əсіресе, «Атырау-арман», «Қыран қыз – Хиуаз», «Білектей бұрымың-ай!» əндері көрерменнің қошеметіне ие болды.

Əдеби шара қонақтары – Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, еңбек ардагері Мəдина Ғабдісəлімова атыраулық ақын қыздың шығармашылығы туралы парасатты ой өрбітті.

«Маржанның поэзия əлеміндегі өрнегі өзгеше өлеңдерінен Махамбетке тəн қайсарлық, Фариза апамызға тəн тектілік пен нəзіктік сезіледі» дейді көрермендер.

Олар Маржан Аманқосқызының қиядан шалып орағытатын шеберлігіне тəнті екен. Шығармашылық кеште Маржан Ершудің «Бопай ханым», «Білезік», «Атыраудың Маржандары» атты кітаптары таныстырылды.

img 7350
img 7336

– Қазір тарихшылар «Бопай ханым – кім?» деген тақырыпқа қызығушылық танытып жүр. Менің ойымша, заманын[1]да елді бірлікке үндеген Бопай ханымның туған жері – Жем бойы, кең Жылыой өңірі. Ол Ресей өкіметінің жоғары лауазым иелерімен хат алысып, жеке мөр ұстаған беделді анамыз болған. Ал, «Атырау Маржандары» кітабымда есімі елге белгілі Маржандардың өмірі мен өнері, тағдыры туралы сыр шерттім, – деп, Маржан ақын «Бопай ханым» кітабынан үзінді оқығанда, жиылған жұрт тамаша өрілген жыр шумақтарын ерекше ықыласпен тыңдады.

Халықты ұлттық рух атойлаған жалынды жырларымен тəнті еткен ақын қыздың алдағы жоспарлары да ауқымды. Ол Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жылдығы жəне Дина Нұрпейісованың 160 жылдығын атап өту туралы ұсынысын да жасырмады.

– Мұндай шаралар халықтың ұлттық кодын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан, əкімдер қолдайды деп үміттенемін, – деді Маржан Ершу.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Əнуар ƏБІЛҒАЗИЕВ

img 7294
img 7289
img 7301
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз