Жарнама
Мәдениет

АТАКӘСІПТІҢ ЖАНАШЫРЫ Іскер Дариға қажы Қосымбайқызы Миялыда тұрады

— Әкем екі әйел алған адам екен. Үлкен анамыз – Ұлақан, кіші анамыз – Нәрік. Мен Нәріктің жалғыз қызымын. Менен басқа бес ұлы болған. Екі анам да өте шебер, елге ісмерлігімен танылған адамдар екен. Бұл қасиет маған дарыды. Киіз үй табиғи өнімдерден жабдықталған. Ең алдымен, қойдың күзем жүнінен киіз басылады. Бұл көп еңбекті, қажыр-қайратты, шыдамдылықты қажет етеді. Бұдан кейін қойдың жабағы жүнін тазалап, түтіп, иіріп, оны сан түрлі бояуға саламыз. Өрмекті құрып бау-басқұр тоқимыз. Әдейі, анамнан қалған өрмек ағашы бар. Өрмектің теру ағаштарына дейін сақталған. Ағаш үйге басқұр, жағалай тұскиіз ұсталады. Күлтеленіп тұратын уықбау, шаңыраққа үш желбау сән беріп тұрады. Кереге таңғышпен қосылады. Қос үзік шаңырақ пен керегенің басына дейін тартылады. Ағаш үйдің 70 уығы, шаңырағы, сықырлауығы (есігі) болады. Осылардың барлығы да біздің отбасымызда сақталған. Күтіммен ұстаймын. Қазір жасым болса жетпістің бесеуіне келді. Қартайдым, бұрынғыдай күш-қуатым жоқ. Киіз үйді тігудің өзі асқан шеберлікті қажет етеді. Көзімнің тірісінде ұлттық өнерімізді дәріптей білетін кейінгі ұрпаққа бергім келеді. Көненің көзі жойылмаса екен деймін. Қазір жастардың арасында киіз үйді тігетін де, киіз басатын да адам жоқ. Осыған қынжыламын. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына «Алтын адамды» кілемге тоқып шығарсақ па деген ойым бар. Соған ауылдағы қыздар мен жас келіндерді жұмылдырсам деймін. Бойымдағы бар өнерімді кейінгі ұрпаққа үйреткім келеді. Себебі, мәңгілік өмірдің жоғы белгілі емес пе? – дейді Дариға анамыз.

Қызылқоға өңірінің Мұқыр ауылдық округіне қарасты бұрынғы «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой зауытында 45 жыл бойы мал баққан, бүгінде 81 жасқа толған Әмір аға мен Дариға анамыз отасқандарына 60 жыл толатын гаухар тойларына қызу дайындық үстінде. Осынау шаңырақтан 24 немере-жиен, 4 шөбере қанат қағыпты.

Дариға анамыз өткен жылы аудан орталығы – Миялы селосынан тұңғыш рет өз қаржысына мұсылмандардың қасиетті мекені Меккеге аттанып, қажы атанып қайтты. Қызылқоға өңіріне келген соң Дариға қажы анамыз Меккеде алған әсерлерін, өз басынан өткен ғажайып көріністерді ауыл адамдарына әңгімелеп, қасиетті судан ауыз тигізді. 

Дариға ананың бір қасиеті қазақы дастарханның сәнін келтіретін ұлттық тағамдарды үзбейді. Ойсылқара мен Қамбар ата тұқымын көбейтіп өсіруде де ауылдастарына үлгі-өнеге көрсетуде. Шұбат, қымыз ашытады, сиырдың сүтінен сан алуан ұлттық тағамдар дайындайды. Тарысы мен талқаны, құрты мен сары майы, қаймағы, қазысы мен қартасы қашан келсең де дайын тұрады. Асыл ана қазақтың ұлттық тағамдарының соңғы кездері ауылда күрт азайып бара жатқанына алаңдайды.

— Қазір бұрынғыдай тезек теріп, күл шығармаймыз, ауыр бейнеттен құтылдық, әр шаңыраққа табиғи отын тартылды. Енді ұлттық тоқыма өнерімізді жандандыруға да, ұлттық тағамдарымызды дайындауға да уақыт жетеді, — дейді ақ жаулықты қарт ана. 

БАЛ ТАТЫҒАН ШҰБАТ-АЙ!

— Қазақтың қашаннан малсыз күні жоқ екендігі белгілі. «Жылқы – малдың патшасы, түйе — малдың қасқасы» деп ата-бабамыз тегін айтпаса керек. Бағымымда түйе мен жылқы түлігі бар. Інгендерден күніге 20 литрге жуық сүт алынады. Түйе сүтінен дайындалған шұбатқа деген сұраныс орасан көп. Отбасынан ауысқанын саудаға шығарып жүрміз,- дейді Әмір аға бізбен әңгімесінде.

Әмір ағаның қасында кәсібін дөңгелентіп, өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп келе жатқан қажы Дариға ананың өзі жүреді.

— Жас кезімізден түйе малын бағып, күтімде өсіргендіктен шұбат дайындауды әлі күнге кәсіп етіп келеміз. Түйе жылына бір рет боталайтын болғандықтан жыл он екі ай бойы сауыла береді. Түйе малы — ең жуас түлік. Басқа мал өнімдеріне қарағанда шұбат дайындау оңай және шұбат — жеңіл әрі сіңімділігі жоғары тағам. Түйе сүтінен дайындалған шұбаттың табиғи иммундық қасиеті өте жоғары. Сондықтан, оны өкпе, тыныс алу, ас қорыту, гастрит, бауыр аурулары, өт жолдары, тоқ және тік ішек ауруларына және басқа да түрлі жараларды емдеуге қолдануға болатындықтан шұбатқа деген сұраныс та, қызығушылық та өте жоғары деңгейде. Мен ұлттық тағамдарды дайындауды, баптауды енем Нұрсұлудан үйрендім. Ерінбейтін, еңбексіз отырмайтын адам еді, — дейді қажы ана. 

Дариға ананың дайындаған шұбатына Мақат, Доссор, Батыс Қазақстан облысынан да сұраныс көп. «Кейде шұбат өзімізге жетпей қалады. Сол кезде Мақат ауданынан келгендерге Мақаттың қасындағы «Белқұдықта» шұбат дайындап отырғандар бар ғой. Соларға барыңдар деп жұмсаймын», — дейді ол.

Бір кездері олар аудан орталығындағы балабақшаларды да шұбатпен қамтамасыз етіп отырды. Анамыздың бұл қасиеті қыздары мен келіндеріне дарыған. Қазір олардың барлығы жұмыс бабымен қалада тұрады. Анамызға шұбат дайындаудың қыр-сырына қанық кенже қызы Зоя қолғабыс етеді. Ол селодағы «Жасұлан» балалар бақшасында көп жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етеді.

Дариға анамыз өз баспанасының бір бөлмесін ұлттық өнерді үйренушілерге арнап жабдықтаған. Селодағы №1 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Айгүл Сағын немересі одан ұлттық қолөнерді үйренуде. Ал, осындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің мұғалімі Жанар Әбуованың қажы анамыздан үйреніп отырған өнегесі көп. Соның арқасында жас ұстаз республикалық, облыстық сайыстарда ұлттық қолөнерімізді дәріптеуден жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр.

Қасиетті қазақ өнерін дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа дарытуға, сақтауға бар қажыр-қайратын жұмсап жүрген қажы Дариға Қосымбайқызына біз де Наурыз тойында «қаймағы бұзылмаған қалың елге сіздей парасатты жанның аялы алақаны әлі де керек, алған бағытыңыздан таймаңыз» деп тілек арнадық.

Мағрупа ҚАЗИХАН.
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button