«Асқақтай бер, айбынды Атырауым!»

screenshot 7 Мәдениет

Осындай атаумен Атырау қаласының 382 жылдығына арналған Махамбет ауданы көркемөнерпаздарының мерекелік концерті өтті. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған мәдени шараға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов және өнерсүйер қауым қатысты.

screenshot 8

Мәдениет сарайында Жайық бойын жағалай қоныстанған Махамбет өнерпаздарының өнерін тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Әсіресе, «Атамұра» халық аспаптар оркестрінің (көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор Сәлімгерей Садықов), «Әсем-ай» бишілер тобының, Жайлашевтар жанұялық ансамблінің, «Ару-ана» әжелер ансамблінің, «Жұлдыздар» квартетінің, «Ақжайық» триосының, «Театрум» тобының, «Ақжелең» домбырашылар ансамблінің, Зәмзәм Есжанова атындағы өнер мектебі балалар хорының өнерлеріне халықтың қошеметі ерекше болды. Ал, Анель Алпысбаеваның орындауындағы «Харарау», Әли Төлеуов пен Бибінұр Шакимованың шырқаған «Атырау» әніне қосылған көрермендер бір сергіп қалды. Сондай-ақ, мерекелік кеште өнерде де, өмірде қос аққудай қатар жүрген жас әншілер Айбек Ғасырбеков пен Рита Таңатарова «Гүлсезім» әнімен шашу шашты.

screenshot 6

Мерекелік шара соңында «Аудан көркемөнерпаздарының осынау байыпты шараға лайықты дайындықпен келгенін көріп, риза болдық» деген қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаевқа Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.

screenshot 5

Мерекелік бағдарламада Махамбет ауданының 150-ден аса өнерпазы вокал, хореография, дәстүрлі әндер бойынша көрсетті. Мұндағы мақсат – жас өнерпаздардың  шығармашылығына қолдау көрсету, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу. Сондай-ақ аудан, қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтарда шыңдалып жүрген жас дарындарды елге таныту және Атырау қаласының халқына мерекелік көңіл-күй сыйлау еді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттері түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз