Ашық аспан астында тілдер фестивалі өтті (+ФОТО)
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы тілдері» мерекесіне орай Сұлтан Бейбарыс алаңында облыстық фестиваль өтті.
Биыл тілдер фестивалі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен тұспа-тұс келіп, көпұлтты мемлекеттің татулығын паш етуге арналды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембев арнайы қытысып, өңір халқын айтулы күнмен құттықтады.
«Құрметті Атырау өңірінің тұрғындары мен қонақтары, баршаңызды бүгінгі атаулы күнмен құттықтаймын! Бұл күн тек қазақ халқының ғана мерекесі емес, жалпы Қазақстанда тұратын түрлі этностардың да ортақ мейрамы. Сондықтан фестивальге қатысушылар, ардагерлер, тіл жанашырлары, тіліміздің мәртебесі арта берсін» деді ол.
Іс-шарада мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, оның ұлтаралық қатынас құралына айналуына еңбегі сіңген атыраулық тіл жанашырлары марапатталды. Жеміс Дияшеваға, Мүтиғолла Насихановқа, Жамиға Таңатароваға, Жанар Қазиеваға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасы табысталды.
Сонымен қатар осы саланың дамуына үлес қосып, белсенділік танытып жүрген бір топ азамат Атырау облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың, сондай-ақ мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Фестиваль соңы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістері және этно-мәдени бірлестік өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.