
Амал келді — жыл келді!
Бағзы замандардан еліміздің Батыс өлкесінен бастау алып, бүгінде күллі Алаш жұртына аян болған, халқымыздың бірлігі мен берекесінің баяны болған Көрісу – ұлттық тұтастығымыз бен құндылығымыздың тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы ғұрпына айналған қасиетті мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен кейінгі кездері ол бүкілхалықтық сипат алып, кең көлемде атап өтіліп келеді. Көрісу күні, Амал мерекесі бүгінде үлкен көлемде тойланып жүр. Былтырдан бері бұл мейрам жалпыұлттық Наурыз мерекелері «Наурызнама» атауын иеленіп, он күн бойы тойлана бастады.

“Исатай-Махамбет” алаңында ұйымдастырылған ауқымды шараның Көрісу күніне арналған алғашқы күні «Амал келді – жыл келді!» тақырыбындағы театрландырылған көрініспен ашылды.

Салтанатқа жиылған атыраулықтар мен қала қонақтарын облыс әкімі Серік Шәпкенов мерекемен құттықтады:
– Ата салтын ардақтап, баба даңқын дәріптеген халқымыздың Көрісу мейрамын ықыласпен қарсы алатыны бекер емес. Өйткені бұл – ренжіскен ағайынды татуластырып, алыс пен жақынды қауыштырып, үлкен мен кішіні, жат пен жақынды бауырластыратын, бір-біріне шын көңілін білдіретін күн. Бұл – адамгершіліктің ізгі амалы. Алты ай қыс хабарсыз қалған ағайын дәл осы күні таң сібірлеп атқанда жүздесуге асығады. Осылайша амандықтарын біліп, құшақ жая қауышады. Ендеше, осындай мәні зор, мағынасы мол ұлық мереке – Көрісу күні жерімізге ырыс, елімізге құт-береке әкелгей! Әр отбасында той болып, әр шаңырақта шаттық орнасын! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Одан әрі мерекелік шара ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің, құда-құдағилардың, құрдастардың көрісуі, алыстан амандаса келген құдайы қонақтарды қарсы алу дәстүрлері, нағашы мен жиеннің, қыз бен жігіттің айтысы, сал-серілердің ауылдарды аралауы сияқты көріністермен жалғасты. Бұл қойылымдарды Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры мен Жастар театрының әртістері шеберлікпен шынайы жеткізді.

Бір сәт сахна төріне этно-мәдени орталықтардың өкілдері көтеріліп, өнер адамдарына қосылып «Арнау» әнін шырқады. Хореографиялық композицияда орындалған «Жарапазан» да шараның сәнін келтірді. Атыраудағы «Көрісу» мерекесіне арнайы келген еліміздің танымал эстрада жұлдыздары – «Меломен» тобы мен әнші Заттыбек Көпбосынұлы да әуезді де мағыналы әндерімен мерекенің мазмұнын байыта түсті.

Дәулетқали АРУЕВ