Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ: «ТАЛАНТТЫҢ КӨЗІН АШУ – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ»
– Өткен жыл өңіріміздің мәдени өмірінде үлкен жаңалықтармен есте қалды. Дегенмен, мәдениет саласында «күйіп тұрған» мәселелер де жоқ емес сияқты. Бірінші кезекте қайсысына назар аударып отырсыз?
– Сонау тоқсаныншы жылдарда мәдениет сарайлары, клуб үйлері негізсізден-негізсіз кім көрінгенге сатылып кеткен еді. Ең сорақы жағдай Жылыой ауданында қалыптасқан. Бүгінгі күні осындай үлкен ауданда бар-жоғы бір ғана мәдениет үйі тіркелген. Орталықтағы бір мәдениет үйі көшпелі түрде мәдени қамту жұмысын жасап келеді. Осы жылы Салтанат сарайының құрылысы басталады және тапсырысқа беріледі деп күтілуде. Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет аудандары және Атырау қаласынан барлығы жеті мәдениет нысанының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда.
– Басқарма тізгінін өзіңіз қолға алған соң, алдымен өлкеміздегі ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға ұйытқы болған екенсіз…
– Қаламгерлердің кітаптарын шығару шаралары облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тарапынан қолдау тауып отыр. Сондай-ақ, өлкемізде өмір сүрген ақындар мен жыршы, жыраулардың, күйшілердің шығармалары антологиясын Қытай елінен үнтаспа түрінде шығармақпыз. Қазақ поэзиясының он томдық антологиясы ағымдағы жылы оқырмандар қолына тиетін болады. Өлкеміздегі белгілі өнерпаздардың әндері мен күйлерін үнтаспаға шығару да биыл қолға алынды.
Бірінші кезекте өнердегі талантты жастарды қолдап, танылуына жағдай жасағым келеді. Эстрадалық бағыттағы үрмелі аспаптар оркестрін (Биг-Бенд) құруды қолға алмақпыз. Бұл — бүгінгі күн талабы. Олай дейтініміз, әлем көз тігіп отырған мұнайлы өлкемізде бірде-бір эстрадалық вокалды аспаптар ансамблі немесе симфониялық үрмелі аспаптар ұжымы жоқ. Тек домбыра оркестрлерімен ұзаққа бармайтынымыз анық. Осындай жұмыстарда кәсіби мамандар қажеттілігі қолбайлау болып отыр. Оларды өзге қаладан шақыртуға тұрғын үй мәселесі кедергі болуда.
Биылғы жылдың наурыз айында Д.Нұрпейісова атындағы оркестр Еуропа елдерін аралау сапарына аттанды. Сәтін салса, ұжым Германия, Австрия, Франция, Түркия, Ресей астаналарында концерт қойып, қазақ өнерінің, қара домбырасының атын асқақтататын болады. Оркестрді бұл сапарға дайындауға атақты жерлесіміз, Ахмет Жұбанов пен Шамғон Қажығалиевтың мұрасын бүгінгі жалғастырушысы Айтқали Жайымовты шақырып отырмыз. Сонымен қоса, осы мақсатта биыл 1 мамыр мен 2 маусым аралығында 34 күн қатарынан үзбестен Балтық елдері үлгісімен Исатай-Махамбет алаңында әр кешті ән мен күйге бөлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл шараларға қаламыздағы ірі мекемелер мен кәсіпорындар, оқу орындары, концерттік ұжымдар және ауыл-село өнерпаздары атсалысатын болады.
— Мәдениет мекемелерінің өзін-өзі қаржыландыру деңгейі қандай?
— Жалпы, мәдениет мекемелері өзін-өзі қаржыландыру, табыс көздерін іздеу бағытында өте сылбыр қимылдауда. Басқасын қойғанда облыстық Н.Жантөрин атындағы филармония мен Махамбет атындағы қазақ драма театрының билет сатудан түскен табысы өте мардымсыз. Ұжым басшылары ғимараттарды жалға беріп тапқан азғантай ақшасы мен үкімет қаражатына күн кешуде. Таланттарды іздеу, табу, тәрбиелеу жайы да сын көтермейді.
— Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония мен Махамбет атындағы қазақ драма театрының алдына қандай міндет қойып отырсыз?
— Соңғы жиырма жылда филармония әншілері Сақыпова-Шаймарданова дуэті ғана сахнадан түспей келеді. Бұл да мамандардың жоқтығы, барларының жалқаулығы деп түсіну керек. Осылай дуэт, трио, квартет, квинтет болып ән салу өнеріне қозғау салу мақсатында облыстық конкурс өткізілді. Оған барлық аудандар мен облыс орталығы өнерпаздары қатысты. Өнерпаздардың сахналық киімдері де көңіл толтырарлық емес. Облыс әкімі өткен жылы біраз қаржы беріп көмектесті. Солай бола тұра, жетпестігіміз өте көп екенін сеземіз.
Махамбет атындағы қазақ драма театры ұжымы өткен жылы 34 спектакль, 6 жаңа қойылым қойды. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден төмен болып отыр. Театр директоры, белгілі драматург Асылбек Ықсановтың «Хақ жолы» спектаклі өзінің бүгінгі күннің тақырыбына лайықтылығымен көпшілік сұранысына ие болып отыр. Осыған байланысты батыс аймақтармен қоса, Алматы және Астана қалаларынан шақырту алды.
Халыққа қазір рухани азық ауадай қажет. Көпшілік бір сәт күйзелісті ұмытып, көңіл сергітетін мәдени іс-шараларға жиі барғаны жақсы. Өз күшімізбен өткізіп жатқан шаралар легі зор екеніне қарамастан, өздері тілегін білдірген өнер жұлдыздарына да бар жағдай жасалуда. Тек осы наурыз айында Нұржамал Үсенбаева, Бүркіт пен Айша дуэті, сәуір мен мамыр айларында Роза Рымбаева, «Каспий» тобы, Алтынай Жорабаева, «Екі езу» әзіл-сықақ театры, итальяндық әуесқой әншілер Антонио Тури мен Лореатта сынды өнерпаздардың концерттік бағдарламалары дайындалуда.
— Тарихи мұраны зерттеу, қорғауға алуды да назардан тыс қалдырмау керек. Қолға алынып жатқан тың жұмыстарға тоқталсаңыз.
— Атырау қаласына қарасты Теңдік селосынан шығысқа қарай 1,5 км жердегі жергілікті маңызы бар ескерткіш – ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығының маңынан тұрғын үйлер салу үшін жер учаскелері бөлінген. Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі №1488-ХІІ «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, қалалар мен басқа да елдi мекендердi жоспарлаудың, салудың және қайта салудың жобалары, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткiштерi бар жердi пайдалану карталары уәкiлеттi органмен келiсiлуге тиiс еді. Алайда, Атырау қалалық мәдениет бөлімінің тарапынан бұл мәселеге дер кезінде әрекет ету шарасы жасалмағандықтан заң талабы бұзылған.
Осыған ұқсас мәселе Махамбет ауданындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген ортағасырлық Сарайшық қалашығында да орын алған. Ол жерде де ескерткіш маңынан тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлініп келеді. Мұның барлығы қалашық аумағының, қорғау аймағының анықталып жасалмағандығынан болып отыр. Бұл жұмысты «Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығы ұйымдастырып, жер актісін алуы тиіс еді, бірақ бұл шара әлі де жүзеге аспаған…
— Ауылдағы кітапханалардың жағдайы қандай күйде?
— Қазір жастардың ауылдағы клубтарда қызмет етуге құлшынысы төмен. Бүгінгі таңда жылдық есептің қорытындысымен мәдениет саласындағы қызметкерлердің кәсіби деңгейінің ең төмені, яғни 26 пайызы (78 қызметкер ішінен) — Мақат ауданында. Қалған жерлерде де жағдай өте төмен. Кешегі тоқсаныншы жылдар сапырылысы мезгілінде мамандар тастап кеткен клубтар мен мәдениет сарайына мамандығы сәйкеспейтін, өнерге еш қатысы жоқ адамдар отырып алған. Басқа ауылдан келіп істейтіндер, аты бар заты жоқтары қаншама? Сол себепті, барлық мәдени мекеме қызметкерлері 2014 жылдың қыркүйек-қараша айларында аттестациядан өткізілмек. Клубтарда жұмыс істеп жүргендердің 60 пайызы да – арнайы мәдениет саласының білімін алмағандар. Осыған қарамай, мәдениет мекемелерінің басшылары мен ауыл әкімдері өз ісін жақсы білетін, мәдениет саласына еңбек сіңірген азаматтарды зейнеткерлік жасына келді деп жұмыстан шығарып жіберуге, сөйтіп өзінің жұмыссыз отырған көршісін, туысын алуға әуес.
Ауыл кітапханаларының, клуб, мұражай саласы қызметінің жеке ғимараттары жоқ. Көпшілігі мектептердің акт залында немесе басқа мекеменің иелігіндегі ғимараттардың бір бөлмесінде орналасқаны рас. Мысалы, Аққыстау селосында кітапхана мен мұражай үш қабатты аурухананың үшінші қабатына орналасқан.
Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық-аспаптар оркестрінің, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының да жеке ғимараттары жоқ. Бұлар да – шешімін күтіп тұрған негізгі мәселелер.
— Зейнеткер жасындағы қызметкерді жұмыстан шығармау жас маманның жұмыс табуына кері әсерін тигізбей ме? Керісінше, мәдениет саласы майталмандарын «қара жұмыстан» босатып, оларға құрметті атағына сай шәкірт тәрбиелеу сынды өзге қызметтерді беруге болмас па?
— Мәдениет саласының майталмандары өмірінің соңына дейін өнермен біте қайнасып жүруі керек. Олардан үйренеріміз көп. Тәжірибесін, шығармашылық қуатын мейлінше пайдалану кажет. Бірақ, өнер ұжымдарында қолдарынан бүгінгі күні ештеңе келмесе де зейнеткерлікке шыққанымен, кетпей жүргендер де көп. Шет елдерде «Сенің өнерің қоғамға керек пе? Онда сен де керексің. Көрермен саған келмей ме, онда басқаша күнкөріс жолына түс» деген философиямен өмір кешеді. Өте дұрыс. Бұл таланттың танылуына жол ашары сөзсіз.
— Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.