«АЛТЫН КҮЗ – 2013»
Қаланың жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып жатқан талапты да талантты жастардың өнерін сарапқа салған осынау дәстүрлі сайысқа сегіз команда қатысты.
«Сәлем – сөздің атасы» деп аталған алғашқы бөлімде сайыскерлер өздерін өлең жолдарымен таныстырып шықты. «Өнерлі өрге жүзер» атауын еншілеген екінші бөлімде олар бойларындағы өнерлерімен бөлісті. Әуелетіп ән салды, мың бұрала би биледі, күмбірлете күй шертті, мәнеріне келтіре көркемсөз оқыды, сахналық көрініс жасады.
«Менің әлеуметтік желідегі өмірім» бөлімінде жастар өздерінің күнделікті ғаламтор желісіндегі жұмыстары, әлеуметтік желі арқылы танысқан достары, бастарынан өткерген қызықты оқиғалары туралы тартымды әңгімелеп берді. Ал, төртінші қорытынды бөлімде додаға қатысушылар өздері дайындаған немесе таңдаған күзгі киім үлгілерін көрсетуден сынға түсті. Жылдың осы бір тамаша мезгіліне арнап тігілген киім түрлері мен қолөнер бұйымдарын паш етті.
Байқауға әділ төрелік жасаған қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік танылған жеңімпаздар да анықталды. Сөйтіп, барлық сыннан сүрінбей өткен Атырау медицина колледжінің командасы (директоры Муса Өтепқалиев) «Алтын күз-2013» байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, Бизнес және құқық колледжі (Нұрлы Әйтиева) – бірінші, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті (ректоры Бейбіт Мамраев) – екінші, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжі (Абылай Досниязов) үшінші жүлделі орындарды иеленді.
Жеңімпаздарды облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы Мейірім Қалауи құттықтады. «Жас Отан» ЖҚ жетекшісі Асқар Бопылдықов, Қазақстан КВН одағы облыстық филиалының басшысы Асхат Қалауов, «Сағыз» КВН командасының капитаны Ернар Сакупов, Атырау қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры Жасұлан Бисембиев, «Байкеновтер» би ансамблінің жетекшісі Гүлсина Байкенова жылы лебіздерін арнады. Білімді, өнерлі, талантты жастарға қызықты сайысты тамашалап, жанкүйер болған көрермен қауымның да қошеметі зор болды.
Айрықша атап өтуге тұрарлық бір жайт, бұл жолы ұйымдастыру алқасы дайындаған бағалы байрақтар мен дәрежелі дипломдардан басқа, байқау жеңімпаздарына демеушілер тарапынан да ерекше сый-құрмет көрсетілді. Мәселен, «Мұнайшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшылығы оларға осындағы бассейнге бір жыл бойына тегін шомылуды ұсынса, «Ретфиш» жекеменшік компаниясы шаһардағы сұлулық салондарының бірінен біржолғы ақысыз қызмет көрсетуге жағдай жасаған. Ал, «Просто хобби» дүкенінің иелері осында келіп, қалаған кітаптарын алуға болатындықтарын жеткізді.
Дәулетқали АРУЕВ.