Атырау жұртшылығы апта бойына театрға ағылды

ызыл орамалды шынарым Жаңалықтар

Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры атыраулықтарға 5-11 сәуір аралығында күні бойы әр түрлі жанрдағы қойылымдар ұсынды. Алматыдан жеткен театр шымылдығы 5 сәуір күні Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетто» трагедиясымен ашылды. Одан  кейін осетиялық драматург Георг Хугаевтың әфсанасы «Қара шекпен», Мұқағали Мақатаевтың «Мен ұмытылмаймын» лирикалық драмасы мен Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясымен жалғасты. Әр қойылымның бөлек көрермені бар ма дерсің?! Атырау жұртшылығы апта бойына театрға ағылды. Күн сайын залда ине шаншар орын болмады.

__ызыл орамалды шынарым

Бізге жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» хикаясын арқау еткен қойылымды көрудің сәті түсті.

Әлемнің бірқатар театр сахналарынан көрінген бұл қойылым Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында алғаш рет 45 жыл бұрын көрсетілді. Кезінде Чапай Зұлқашев, Байділдә Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, Роза Әшірбекова секілді сахна саңлақтары осы пьесада ойнап, Мәскеу қаласында өткен театр фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, қойылым «Қызыл орамалды шынарым» деген атпен сахнаға қайта оралды.

Танымал шығарманың қайта сахналануына Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор, режиссер Талғат Теменов ықпал етті.

Шығармада өткен ғасырдың 60-жылдарында Тянь-Шань тауларының бөктерінде, Қырғыз жеріндегі Долан асуында өткен оқиға сипатталады. Жол бойында кездейсоқ танысқан ауыл қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілияс пәк сезімдер арбауына түсіп, шынайы махаббаттың кейіпкерлері атанады. Ата-анасының рұқсатын алмай, атастырылған жігітіне қарамай, Әсел Ілиястың соңынан еріп кетеді. Алайда, қас-қағым сәтте олар бастарына қонған бақтан айырылып, әрқайсысы өз жөнімен кете барады. Әсел өзінен үлкен азаматқа қосылып, ортада қалған Самат бүлдіршін өзге жанды әке деп кетеді. Өзегінде өкініш өрті лауласа да, өткенді қайтара алмайтынын түсінген Ілияс жаңа өмір сүруге қадам басады.

«Қызыл орамалды шынарым» қойылымы бұйырған баққа ризалық білдіріп, жеңіл ләззаттың арбауына түспеуге итермелейді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, танымал шығарма көрермен қауымға өмірді бағалау туралы ой тастайды.

Қойылымда  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Иманбаева, Сәкен Рақышев, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Бейбіт Қарманов,  тағы басқа театр актерлері өнер көрсетеді.

Басты кейіпкер Әсел рөлін Ақбота Қаймақбаева сомдады. Ол жаны таза, ажарлы қыздың бейнесін айқын көрсете білді. Бұған дейін де қазақтың батыр әрі сұлу, ақылды әйелдерінің бейнесін сомдап жүрген Ақботаға бұл рөлді алып шығу оңай болған тәрізді. Сахнада ол өзін еркін ұстап, шынайы өнер көрсете білді. Ақботаның аталмыш театрда қызмет етіп жүргеніне он жылдан астам уақыт өткен. Осы аралықта ол Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі» – Жібектің, М.Хасеновтың «Жұбайлар-ай, жұбайлар!» қойылымында – Зәуреш, Иран-Ғайыптың «Фатимасында»  Фатима рөлін сомдапты.

Ілиястың рөлін Бейбіт Қарманов сахналады. Ол да осал актер емес. Он жыл бойына  Т.Теменовтың «Карменситада» – Эскамильо, М.Хасеновтың «Жұбайлар-ай, жұбайлар!» қойылымында – Есет, М.Мақатаевтың «Мен  ұмытылмаймын…» пьесасында – Мұқағали, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» қойылымында – Қабанбай, тағы басқа рөлде ойнап үлгерген.

Бізбен әңгімесінде Бейбіт Атырау жұртшылығының театрға, өнерге деген ерекше құрметіне таңғалғанын айтты. «Қойылымдарымыз аншлаг болып өтуде. Әсіресе, сахнадағы Ілиястың алғашқы рөлін сомдаған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Чапай Зұлқашевтың алдында өнер көрсету – мен үшін үлкен жауапкершілік. Ілиясты Чапай ағай сомдаған деңгейде алып шықсам деп қатты қобалжыдым»  дейді Бейбіт.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз