«Алтын Бүркіт» – Атырауда!

altyn burkyt Мәдениет

Көкшетаудың төрінде алты күнге созылған «ТеART-Көкше» V Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетіп, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Бас жүлде – «Алтын Бүркітті» жеңіп алды.

Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» әңгімесінің негізінде белгілі режиссер Мұқанғали Томанов сахналаған қойылым әділқазылардың жоғары бағасын алды.

Театр директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызының айтуынша, өнер сайысына 13 кәсіби театр, оның ішінде 6 қазақ театры қатысқан.

– Біздің шығармашыл ұжым басым бөлігі орыс тілінде қойылған пьесалар ішінде ерекше көзге түсті. Айта кетейін, «Жалғыздық» қойылымының басты кейіпкері – бала күнінде анасын жоғалтқан ер адам. Есейген шағында да аяулы анасының аялы алақанын, ақ жаулықты бейнесін сағынады. Спектакльде бала жүрегінің түкпірінде сақталған анаға деген сағыныш пен аңсаудың мұңы шертіледі. Осы психологиялық көріністі басты рольдердегі театр әртістері – Бекет Зинуллин мен Гүлдана Көшербаева шеберлікпен сомдап, көрерменге жеткізе білгені туралы әділқазылар да пікір білдіруде, – деді Нұргүл Құмарқызы.

Көкшелік көрермен үшін Астана, Атырау, Петропавл, Ақтау, Теміртау қалалары-ның және Татарстан, Армения, Грузия, Қырғызстан және Ресейдің үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз