Алатау мен Ақтолағай арасы
немесе Құрманғазының «Алатау», «Сарыарқа» күйлері қайда шығарылған?..
Қазірде «Құрманғазы әйгілі «Сарыарқа» күйін Сарыарқа аймағына арнаған, Орталық Қазақстан атырабын Сібір абақтысынан қашып келе жатып басып өткенінде шығарған» деген пікір орнықты. «Алатау» күйінің шығуы да осы қатарға жатқызылады. Ауызша деректерге сүйеніп, күйші Шу өзенін кесіп өтерде алыста мұнартқан Қырғыз (Талас) Алатауына қарап тұрып әсерленіп шығарған екен деседі.
Ал, соңғы жылдары бірқатар зерттеушілер бұл күйдің шығу тарихын Оңтүстік Қазақстан өңірінің Шардара жерінің тумасы, қоңырат рулы Алатау батырмен байланыстырып жүр. Жазуларынша, Алатау – Есім ханның хас батыры, Тәуекел ханның бас сардары (қолбасшысы) болған тарихи тұлға. Осы орайда жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы авторлығы Қазыбек би Тауасарұлына телініп жүрген «Түп-тұқияннан өзіме дейін» атты атышулы еңбекке сілтеме жасай отырып, ондағы: «…1005-қоян жылы Еділ мен Жайыққа Тобылдан шыққан қалмақтар шабуыл жасап, Алшындарға күн көрсетпей жатыр деген хабар жетті. Хазар теңізінің батыс жағалауында елсіз, малсыз, масалы, қамысты өлкеде 83 күн соғыс болды, осы соғыста жекпе-жекте сегіз адамды өлтірген соң, тоғызыншы адаммен түскенде, аты жығылып, Алатау батыр дүние салады» — деген деректі келтіреді.
«Бұған қарағанда, Алатау батыр 1627 жылы Құрманғазы бабамыздың ауылына жақын маңайда қайтыс болған. Ел білгенді Құрманғазы да білген, ел көргенді Құрманғазы да көрген, естіген деуге хақымыз бар. Алайда, мұның бәрі «Алатау» күйін Құрманғазы Алатау батырға арнаған екен дегенге ғылыми дәлел бола алмайды. Алайда ойлануға, саралауға сан алуан мүмкіндік береді… Енді қазір ойланып қарасақ, «Алатау» күйінің азалы сарыны құлағымызға қазақ тарихының көне бетінен шерлі, шерменде үндерді жеткізіп тұрғанын аңғарамыз. Құрманғазы… сонау Түркістан маңынан келіп, қаза тапқан қандасына сүйсінбеді деп те айта алмаймыз. Ендеше «Алатау» күйі Алатау батырға арналыпты дегенге кесіп-пішіп қарсы шығу қиын. Тек «мүмкін» дейміз. Өйткені осы нұсқадан басқа нұсқаның сенімділік салмағы өте төмен».
Жоғарыдағы нұсқадан басқа нұсқаның сенімділік салмағы шынымен де «өте төмен» бе? Таразылайық.
Қазақстанның батыс аймағында Қырғыз, Жоңғар, Талас Алатауынан басқа, осындай ороним иеленген екі тау алабы бар. Оның бірі Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданындағы Шідерті өзеніне жақын тұста орналасқан. Жымпиты кентінің солтүстік бетінде, елу шақырым жерде, Елтай ауылдық округінің аумағына кіреді. Осы орайда белгілі өнер зерттеушісі, өлкетанушы Бөрібай Кәртен әлеуметтік желі бетіндегі пост-пікірінде «Сарыарқа», «Алатау» күйлері қызылқұрттардың көшіп-қонатын мекендеріне байланысты туғаны анық екендігін кесіп-пішіп айтып, дәлел ретінде Исатай Кенжалиевтің Құрманғазы жайлы «Қос ішек» кітабындағы деректерді келтіреді.
Ескертетін жайт, мұндағы Алатау – биіктеу, қырат жер, дәл тау ұғымына келмейді, ал «Алатау» күйін Құрманғазы осынау қырат төбелерге қарап отырып, әсерленіп шығарды деуге күйдің табиғаты, екпіні, динамикасы сәйкеспейтінін айту жөн.
«Алатау» оронимді екінші тау алабы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы мен Атырау облысының Жылыой, Қызылқоға аудандарының шегінде орналасқан.
Құрманғазытануда күйші-нің туған-өскен елі Нарында күштілер мен тістілердің тізе батыруларынан соң, шамамен 1855-1860 жылдары осы аталған өңірге келіп, бес жыл бойы нағашы жұртын сағалағаны – дәлелденген факт (өз нағашылары – беріш, ал әжесінің төркіні таз руы, яғни кәрі нағашы жұрты, таздар сол заман Жылыойдың Ақкиізтоғай жерінен бастап, одан жоғарырақ, «Жыңғылдытоғай», «Досының ағы», «Қосмырзаның тақыры» дейтін жерлер арқылы түстіктегі Ақтолағай борлы үстіртіне дейін келіп, көктеу мен күздеуді осы алапта өткізген).
Осы аталған өңірде күйші нағашылары, таз батырлары Төремұрат пен Нарымбайға арнап «Төремұрат-Нарымбай» күйін, Төремұраттың алғаны, атақты сұлу Қыз Данайға арнап «Қызданай», «Қызданайдың күлгені», «Қызданайдың шай құйысы» сияқты, барлығы он шақты күй шығарғаны белгілі. Демек, күйшінің табаны жоғарыда айтылған Жымпитының Алатауына тигені жөнінде қолға ұстатқандай дәлел, тиянақты дерек жоқ, бұл болжам ғана, ал Ақтолағай тау алабында болғаны, бірнеше жыл сол маңайда кәрі нағашы жұртымен көшіп-қонып жүргені талассыз. Демек, ол «Алатау» күйін осы мұғдарда шығарған деп болжауға әбден болады. Дегенмен, осы тұста ойландырар бір жағдай бар: «Құрманғазының уақытша тұрған жері Ақтолағай болса, сол күй неге «Алатау» аталған?».
Оралдық тарихшы, архивист-зерттеуші Жәнібек Есмурзин Facebook бетінде осы тақырыпты талқылау барысында бөліскен мәліметтер бойынша, Ақтолағай – бұрыннан бар атау. Ол XIX ғасырдағы картада анық көрсетілген. «Орыстар картаға өзгеріс енгізген деген пікір – біржақты пікір. Ресей империясының арнайы тапсырмасымен қазақ даласының ой-шұқырын картаға түсірген орыстың әскери топографтары әр мекен-қоныстың атауына қатысты негізгі мәліметті жергілікті халықтан алып отырған. XIX ғасырдағы картаға зер салсақ, жоғарыда сөз болған аймақта Толағай атын иеленген төрт атаудың бар екенін көреміз: 1. «Оз.Тулагай-сорь»; 2. «Горы Акь-Тулагай»; 3. «Могила Тулагай»; 4. «Гора Тулагай», — деп жазады Ж.Исмурзин. – Төрт атаудың да бір-біріне өзара жақын орналасуы және онда «Толағай моласы» деген зираттың болуы аталмыш жер-су атаулары кісі есіміне байланысты шыққан деуге келеді. Яғни, бұл мекенді заманында Толағай есімді адам қоныс еткен».
Зерттеуші сөзіне дәлел ретінде XIX ғасыр картасынан бірнеше фрагмент келтірілген. Осындай деректілігімен пікірі шындыққа сәйкеседі, тек Толағай антропониміне байланысты атап өтер нәрсе, ескіде қазақ «толағай» деп аттың ақ сөңке қу басын айтқан, яғни семантикалық тұрғыдан атау жалаңаш, тегіс жер (тау) бедерін (ороним) білдіреді. Кейін келе ол өзгеріске түскен сияқты. Осы орайда жоғарыда аталған зерттеуші автор: «Осы төрт атау (Толағай – М.Т-М.) кейін XX ғ. кеңістік топографиялық картаға енген, — деп жалғастырады ойын. – Мұнда Ақ-Толағай таулары мен Толағай моласынан жиырма шақырымдай оңтүстікте орналасқан, XIX ғ. картаға «Горы Тулагай» деп тіркелген тау кеңестік топографиялық картада «Горы Алатау» болып белгіленген. Оған қоса, осы кеңестік топографиялық картада Ақтолағай тауларынан 10 шақырымдай батыста «кладбище Алатау мола» деген қорымның бар екені көрсетілген. Олай болса, екі атау да әр кездері қолданыста болған. Алайда уақыт өте келе жергілікті халық арасында бастапқы Толағай атауы ұмытылып, оның орнына Алатау атауы орныға бастаған сыңайлы».
Бұл жорамалға ұйысақ, Ақтолағай тауы бар да, оған жапсарлас Толағай тауы бар. Соңғысы жүре-бара Алатау деп аталған (1942 жылғы Бас штаб жасаған әскери-топографиялық картада шынында да осы атаумен бөлек тау алабы белгіленген). Дегенмен, бұған келіспейтін, бұл екеуінің де – Ақтолағайдың да, Толағайдың да бір орониммен, яғни Алатау деп аталғаны жайлы жазбаша және ауызша деректер бар.
2016 жылы 17 маусымда Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінде Байғанин ауданының Құрметті азаматы Бердіхан Кемешевтің, журналист Аманқос Орынғалиұлының мақаласына сілтеме жасап келтірілген мәліметтері жарияланды.
«…Бұл ауданның жер көлемінің бедерін халық Қазақстанның кішірейтілген картасына бекер теңеп жүрген жоқ. Сарыарқа, Алатау деген жер атаулары мұнда да бар. Осы аттас күйлерін Құрманғазы бабамыз осы жерлерді көргенде шығарған екен деген де болжамдар айтылып жүр», — дейтін Аманқос Орынғалиұлының мәліметін келтіре отырып, автор ойын былай жалғастырады: «Қопа елді мекеніндегі Шалқардың тақыры деген жердің түстік жағы үлкен ақшаңқан таулармен астасып жатыр. Оның ұзындығы 40 шақырымға дейін созылады. Аршыған жұмыртқадай бұл таудың сұлулығын сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес, көзбен көру керек. Бұл тауды ертеден Алатау тауы деп атаған. Таудың әр қойнауы тұнып тұрған тарих десе болады… Ал осы таудың үстіңгі беті теп-тегіс жазықтыққа жалғасып жатыр. Шөбі ерекше шүйгін, құнарлы, көбінесе бидайық, ақ селеу боз, изен, жусан болып келеді. Крупская атындағы кеңшардың мал азығын дайындайтын шабындығы осы жер болатын. Бұл жерлерді Қатпар, Қоңырсай шабындығы деп атайтын… Кешегі уақытта біздің аталарымыздың жайлаған жерлері осы Алатау, Қоңырсай өңірлері болып келеді… Әжемнен «қора жоқ, үй жоқ, малды қалай баққансыңдар?» — деп сұрағанымда: «Қыста малмен бірге көшіп, Маңғыстаудың ойына құлаймыз, жазда қайта арқаға малды жайып, көшіп келеміз» дейтін. «Арқа деген қай жақ?» — деген сұрағыма, жаз жайлаулары болған осы Алатаудың үсті Маңғыстаудың түстік жағы болғандықтан «арқа жағы» деп аталатындығын, Маңғыстау, Жылой жағының халқы Алатау тауының үстіңгі жағындағы жайылымдық жерлерді «арқаның жері» деп атайтындарын түсіндіретін еді.
Кейін бұл жерлердің «арқаның жері» деп аталатынына өзімнің де көзім жетті.
Ал енді негізгі айтпақ ойыма оралайын.
Құрманғазы бабамыз Жем бойына келгенде Алатаудың, таудың үстіндегі арқаның шөбі жайқалған кең даласының үстімен жүріп өткендігіне сөз жоқ. Тау түгілі жөнді төбе де кездеспейтін Нарынның құмы мен Тұран жазығынан келген бабамызды Ақшаңқан Алатау тауының келбеті, оның үстіндегі теңіздей толқыған, сары алтынның түсіндей жайқалған алқаптың көңілін толқытып, терең тебірентіп, сезіміне әсер еткеніне сөз жоқ болар. Осы бір көріністер, сол аймағымыздың табиғаты бабамыздың «Алатау», «Сарыарқа» күйлерін дүниеге әкелуіне себеп болған деп ойлаймын. Болмаса Құрманғазы бабамыз атпенен Қаратау асып, Алатауға барды немесе Сарыарқаны аралады деген ешқандай тарихи дерек жоқ…»
Бұл пікірді ақтөбелік белгілі өнерпаз Орал-Қосай Байсеңгір де айтып-жазып жүр. 2022 жылғы 6 қаңтарда әлеуметтік желіде жариялаған постында осы автор: «Құрманғазының күй арнаған АЛАТАУЫ осы! — деп кесіп айтады. – Айтпақшы, «Сарыарқаның» да шыққан жері осы маң, осы төңірек. Жұрт Құрманғазының «Алатауын» іздеп Алматыға емес, ауылға келсін деп жазып отырмын… Бұл үлкен аймақтың қазіргі аты АҚТОЛАҒАЙ деп аталады. Ол кейін қойылған туристік жалпылама атау. Жергілікті жұрт Алатау дейді. «Туған жерім Алатау, әнге де қоссам болады-ау» деген жергілікті жұрттың айтатын әні де бар. Осы Ақтолағайдың аумағына кірген соң әр шоқының жеке аты бар. Мысалы, «Шахмат королевасы», «Ақұшан» (үстінде қыз жүрген тау), «Ладья», «Құлшардың шоқысы», «Колизей», т.с.с. Әрине, кей шоқылардың аттары шетелдік туристердің айтуымен аталып кеткен».
Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Ақшелек жазығындағы шаруа қожалығының иесі Серік Құлшықов та бұл тауды Мұқыр, Төсқұдық, Сағыз жағының халқы баяғыдан «Алатау» деп аталғаны (атап та жүргенін) қостады. Нағашысы, бәйімбет адай Шырғабайдың айтуынша, ертеде бұл жақтың малшы қауымы Маңғыстаудың ойына ерте түссек жерімізді жеп қоямыз деп, Алатауға, (Ақтолағайға) күздеуге шығып, сонда жерге қар түскенше отырады екен. Осы информант жергілікті тұрғындар әлі күнге бұл тау алабының Ақтолағай атауын білмейтінін, Алатау деп атайтынын айтты.
2023 жылғы тамыз айының соңғы күндері осы атырапқа арнайы ұйымдастырылған елтану автоэкспедициямыз жоғарыда, 1942 жылғы картада «Алатау» деп, ал ескі карталарда «Толағай» деп көрсетілген таулы жерден басталды. Ол Байғанин ауданындағы, Жем өзені бойындағы Тоғалай құмынан батысқа қарай 20-25 шақырымдай, оңтүстігінде Құлақши жазығымен шектесетін ұзындығы 6-7 км-дей қырат. Ақ және қаратопырақты шөгінділер аралас келетін, үсті жалпақ жазық, оңтүстік-батысында «Намазтақыр» атты көлемді кебір жерге ұласып жатқан ашықтау жота. Бір сөзбен айтқанда, Құрманғазының «Алатауында» сипатталатын өр де асқақ, көркем де қиын тау алабына ұқсамайды. Ал осы Толағай-Алатаудан солтүстікті бетке алып, кең жазықпен 40 шақырымдай жүргенде, Шилісай, Шилі қыстауы дейтін, ішіне қалың қоға-құрақ өскен ұзын терең жыра арқылы Ақтолағайдың алабына кіресің. Бұл – жоғарыда айтылғандай, біріне-бірі ұласып жатқан ақшаңқан тау шоқылары, жиынтық атаумен «Шахматсай» деп аталады. Бірқатарының байырғы аты ұмытылғандықтан (не ат қойылмағандықтан), шахмат фигураларына ұқсас болғандықтан, туристер тарапынан солардың атын алған. Ал 1930-шы жылдары Маңғыстаудан НКВД-дан қашып келген Құлшар есімді адай елі жігітінің атымен аталған шоқы, сондай-ақ Сәңкібай-Ақбота шоқысы (шеркештің қылышкестен тақтасының байы Сәңкібайдың қызы Ақбота жерленген биік) тау алабында ақтөбелік табын, кете және жоғарғы адайлармен қатар Маңғыстау, Жылыой, Қызылқоға атырабының адай-таз, шеркеш бөлімдері келіп, жайлау, күздеу ретінде жайлағандарын нұсқайды. Маңайы өте шұрайлы, малдың оты – құнарлы шөптерге бай және көркемдігі көз сүріндірерлік. Ақ борлы карст шөгінділі шоқылар, олардың беткей-баурайындағы қара-қоңыр түсті керсаз топырақ осыдан 100 миллион жыл бұрын бұл алап бағзы Тетрис мұхитының түбі болғанын көрсетіп тұрғандай. Юрий Пастухов сияқты палеонтолог-зерттеушілер жүргізген далалық зерттемелер нәтижесінде осы алаптан акула, ихтиозавр, плеонтозавр, скаттардың қаңқалары, тістері, омыртқалары табылған. Тетрис тереңдігі 50-200 метрлік таяз мұхит болған, содан да қазіргі шоқылар су бетіне арал ретінде шығып тұрған және сондай шоқының үлкен біреуінің Ақұшан аталуы (көне түркіде ұшан-теңіз үстіндегі маржан рифтері, осыдан «ұшан-теңіз» тіркесі туған), ал жалпы тау алабының Ақтолағай (толағай – аттың ақ сөңке қу басы) атауын иеленуі бізді өте ескі замандардың архаик сілемінің кейінгі қоныстанушылар жадында жатталып қалуы олардың осы өңірдің байырғы (автохтонды) тұрғындары екендігі жайлы ойға жетелейді.
Түйіп айтқанда, бағзы Толағай, Ақтолағай оронимдері кейін Алатау халықтық топонимикасына ығысып орын берген. Ал ескі жағрафиялық түсінікте солтүстік-батыс бағытты нұсқайтын Сарыарқа атауымен осы тау алабын көмкерген шабындық, жайылымдық алқаптар аталған. Демек, бұл екеуі де домбыраны қайыстай илеген Құрманғазы бабамыздың шабытына шабыт қосып, қолына қайрат берген деуге әбден болады.
Ендігі міндет – осы оқиғаны халық санасына жаңғыртып, «құрманғазытану» іліміне әкеп қосу және екі облыстың – Атырау мен Ақтөбенің шегіндегі Алатау-Ақтолағай борлы тау алабына арнап туристік маршрут ашып, өз халқымыз да, шетелдік туристер де келіп аралайтын бір тәбәрік орынға айналдыру.
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,
жазушы-эссеист
Алматы қаласы