
Әке жолын жалғаған шебер: атыраулық домбыра жасаушылармен кездесу өтті
Әкелер күніне орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ерекше кездесу өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған жиынға облыстың мәдениет қайраткерлері, студенттер, күйшілер мен домбырашылар қатысты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынның құрметті қонақтары – белгілі домбыра шебері Тұрлан Бисембаев пен оның ұлы Нұрлыбек Бисембаев. Тұрлан Бисембаев домбыра жасауды 1995 жылы қолға алса, ұлы Нұрлыбек 2015 жылы әке жолын жалғап, кәсібін кеңейтіп, шағын цех ашқан. Қазір айына 100-ге жуық домбыра жасап шығарады.
— Жыршы-термеші болып өнер көрсетіп жүрген шақта Кеңес Одағы құлады. Халықтың тұрмысы нашарлады. Сол сәтте бала арманым еске түсіп, домбыра жасау кәсібін бастадым. Айына 25-ке жуығын жасайтынмын. Балам кішкентайынан жанымда көмектесетін. Кейін ержетіп, осы салада білім алды. 2015 жылы домбыра жасаймын деген ойын іске асырып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Жалпы домбыраны домбыра тарта алатын адам жасауы керек. Мерекеге орай айтарым, әкелер, балаларыңызды еркіндікпен, қазақы тәрбиемен өсіріңіздер, білім беріңіздер, — деді Т.Бисембаев.
Кездесу барысында күй күмбірлеп, жастармен еркін сұхбат өрбіді. Қатысушылар ұлттық өнер мен отбасылық мұраның сабақтастығы туралы ой бөлісті.