АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫН ӘН ТЕРБЕГЕН…
Қаланы көркейту, жаңғырту жұмыстары ерекше екпінмен, тың серпіліспен іске асуда. Экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесіндеқаламызда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді.
Әртүрлі елдермен жасалатын өзара халықаралық байланыстар өңіріміздің дамуына жаңа серпін беретін тың мүмкіндік. Осы орайда, өткен жылы Германия, Норвегия, Чехия, Әзірбайжан, Франция елдерінің ресми делегацияларының қабылдануы, биылғы АҚШ-тың Хьюстон қаласымен арадағы достық қатынастар бойынша қолға алынған шаралар қандай да бір жақсы істің бастамасы екендігінде талас жоқ.
«Бүгінгі Атырау – күннен-күнге қарыштап дамып келе жатқан қала. Мұнда өнеркәсіп өндірісі, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, машина жасау секілді салалар өнікті еңбек үлгісін көрсетіп, халықтың әл-ауқатының артуына елеулі үлес қосуда. Ел экономикасының локомотиві саналатын шағын және орта кәсіпкерлікпен қалада 24 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Өткен жылдың екінші жартыжылдығы мен үстіміздегі жылдың ақпан айы аралығында 344 шағын және орта бизнес өкілдеріне жер учаскелері беріліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп отырған инвестициялық алты жобаның іске қосылуының нәтижесінде 456 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті өркендету мақсатында қабылданған «Жұмыспен қамту–2020», «Бизнестің жол картасы–2020», «Агробизнес–2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалары да бүгінгі күні бір арнаға түсіп, сәтті жұмыс жасауда. Қала келбеті күн өткен сайын жаңарып, жасару үстінде. Қолға алған істердің барлығы Атыраудың сәулетін одан әрі айшықтай түсері анық. Бүгінгі күні жоспарланып отырған сауда-ойын орталықтары, Жайық жағалауындағы ретросаябақ сияқты нысандар тұрғындардың көз қуанышына айналары сөзсіз», – дейді қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ.
Халықтың әлеуетін көтеру туралы сөз қозғалғанда, ең бірінші, азық-түлікпен қамту мәселесі алдыңғы кезекте тұрады. Бұл заңды да. Өйткені, тұтынушылардың денсаулыққа пайдалы дәруменді отандық өнімдерді пайдаланудың қаншалықты пайдалы екендігі айтылып та, жазылып та келеді. Осы орайда, қала базарлары мен супермаркеттерін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 36 меморандумға қол қойылған. Азық-түліктерді халыққа төмен бағамен ұсыну, делдалсыз сату бағытында қала базарлары мен шағын аудандарда сауда орындары бөлініп, жергілікті шаруа қожалықтары өз өнімдерін қала халқына ұсынуда. Қаланың әр бөлігінде ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің ұйымдастырылуы да көпшілік сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
Өткен жылы қала бойынша жалпы ауданы 360,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс бойынша тартылған 431,4 млрд. теңге көлеміндегі негізгі капиталдың 39 пайызы қаланың үлесінде. Атыраудың демографиялық дамуы жоғары деңгейде екендігін ескерсек, қала халқының соңғы үш жылда жиырма мыңға өскендігі сөзімізді растайды. Демек, адам өміріндегі маңызды орын алатын қажеттіліктердің бірі баспана мәселесі екендігі айтпаса да түсінікті.
Үстіміздегі жылы тұрғын-үй инфрақұрылымын жетілдіру бойынша Атырау қаласында 1374 пәтерлік 22 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр. Бұл деректің баспана кезегін күткен адамдардың көңілдеріне қуаныш ұялатары сөзсіз.
Қалаға қарасты елді мекендердің даму қарқыны да айтуға тұрарлық. Бұл жерлерде де көздеген мақсат айқын, міндет көп, жауапкершілік жүгі салмақты. Мысалы, Ақсай елді мекеніне су құбырының жүргізілуі, Жаңаталап, Көкарна, Водников-2 поселкелеріне электр желілерінің тартылуы, Балықшыдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың орталық жылу жүйесіне қосылуы сияқты шешімін күткен мәселелер жыл аяғына дейін шешімін таппақ. «Жақсы десе жан сүйсінеді» деген, барлай қараған адамға қай саланы алмайық, спорт, білім беру, жастармен жұмыс болсын ілгерілеушілік, алға ұмтылушылық бар. Мұның барлығы ел ертеңі, халық игілігі үшін жасалып жатқан шаралар.
Әдетте, ел мен елді емен-жарқын араластырып, табыстыратын – мәдениет пен өнер. Ежелден жыр бесігі болған Атырауда жас таланттарды шыңдауда, қала мен қалаға қарасты елді мекендердің мәдени өмірін одан әрі дамыту бағытында жанды жұмыстар көрініс тауып отыр. Қала бойынша үш театр, сегіз би ұжымы, халықтық ардагерлер хоры, әжелер ансамблі және бірнеше ән үйірмелері мен домбыра, гитара, сайқымазақ үйірмелері жұмыс жасайды. Жас таланттар халықаралық, аймақтық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, Атырау өңірінің өнерін кеңінен паш етіп, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
«Биылғы жылы Астана қаласында өткен ІХ халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауында «Камелия» халық би ансамблі бас жүлде, Томарлы ауылдық клубының «Еркемай» би ансамблі үшінші орынды иеленген. Астана қаласында өткен Халықаралық «Рауан» фестивалінде ән-терме жанры бойынша Дамбы ауылдық мәдениет үйінен он жастағы Нұрай Сисенбаева екінші орын алса, «Сәлем, Астана!» республикалық фестиваль-конкурсында Дамбы ауылдық мәдениет үйінен он жастағы Тілекқайыр Ақниет – бас жүлде, ал, он бір жасар Жағыпарова Ақбота бірінші орын алды. Айта түссек, мұндай жетістіктеріміз көп. Табыстың сыры жастарымыздың таланттылығында және оларды шыңдай білер ұстаздардың біліктілігінде дер едім», — дейді Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев.
Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту да күн тәртібінің басты мәселелерінің бірі болып келеді. Жұмыскер, Ақсай, Жаңаталап, Еркінқала, Қайыршақты селолық округтерінің мәдениет орталықтарын салу жоспарға енгізілген.
«Қала маңындағы елді мекендегі өнерпаздар, қандай шаралардан болсын, қалыс қалмайды. Өз жерімізде мәдениет ошағы болса, талант пен талап ұштасып, өнер биігінен көрінуге мүмкіндік көбейері анық. Біз осы істің қолға алынғандығына ризамыз» деп өз ойын ортаға салды Еркінқала поселкесіндегі мәдениет үйінің басшысы Бибігүл Құмарғалиева.
Облыс орталығында жыл сайын қала, аудандардың мәдениет күндерін өткізу дәстүрге айналғандығы бір қуаныш. Атыраулық өнерпаздар да үрдіске енген осы өнер мерекесіне толымды дайындықтармен келіп отыр. Бағдарламада Атырау қаласы қолөнер шеберлері мен суретшілердің өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы арнайы бұрыш жасақталып, бейнебаян көрсетіледі.
Атыраулықтардың өнерін тамашалауға келген көпшілік театрға кіре берісте «Қазақстанда жасалған» деген атаумен ұйымдастырылған дәм тату қатарына келіп, өз талғамдарын жасай алады. Кондитерлік және балық өнімдерінің көрмесі де көпшілік көңілінен шығары анық.
Баршаға мәлім, биылғы жыл көптеген тарихи-мәдени шараларға толы. Солардың ішінде Қазақ хандығының – 550 жылдығына театр фойесінде арнайы безендіріліп, ханның орындығы орнатылып, қысқаша көрініс көрсетіледі. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған стенділер де келушілер назарын аударатын жәдігерлер болмақ. Бұларға қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай жасақталған арнайы бұрышта қаладағы этномәдени орталықтардың мүшелері қонақтарды күтіп, қошемет көрсетеді.
Сондай-ақ, Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап мәдениет үйіндегі 1995 жылы зейнеткерлікке шыққан әжелерден құрылған «Бәйбішелер ауылы» атты драма үйірмесі мүшелерінің қойылымы, халықтық Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің хоры, Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде орналасқан саз мектептері ұжымдарынан құрылған алпыс кісілік оркестр, басқа да өнерпаздардың халықтық, республикалық сазгерлер мен жергілікті композиторлардың шығармаларынан шырқата салған әндері мен мың бұралған билері, күмбірлете төккен күйлері көпшілікті бей жай қалдырмасы анық.
Ағиба ҚАТЕШОВА.