Жарнама
Мәдениет

Айгүл ЕЛШІБАЕВА, әнші-сазгер: «АҚ ЖАЙЫҚ» МАҒАН ШАБЫТ БЕРДІ

 — Кейде адамды сағыныш билейді ғой, байқауға қосқан бұл ән өмірімнің бақытты күндеріне себепші жақсы адамдарға, достарыма деген ризашылығымнан, жүрек қалауымен шыққан ән еді. Ең алғашқы тыңдаушысы Фариза апам болды. Апама бір шумағын телефонмен айтып беріп едім, «тамаша ән ғой» дегесін, ол кісіден мақтау естіп, әннің шалығына ұшырап, шабыттанып жазып тастадым. Ол әнді өнердегі жолыма көмегі тиген, Ақ Жайықта туып, Алаштың азаматына айналған Иманғали Нұрғалиұлына арнап едім. «Атырау – асыл мекенім» байқауына жолдағанда бұл конкурс екі рет кейінге шегерілді. Күпті ойыма қуат Илья Жақанов ағамыздың «Әнің отлично» деген сөзі болды. Әнімен талай қазақтың сүйіктісіне айналған Илья ағадан естіген жылы сөз менің жүрегіме сенім ұялатты. Сол сенім жеңіске жеткізді. «Ақ Жайық» әні мені бір-ақ күнде ойламаған жерден композитор, ақын, әнші қылды.

— Бүгінде шет ел тілдерін меңгеру жаңалық болмай қалса да, әншілердің арасында Кембриджге барып ағылшын тілінде қазақ өнері жайлы баяндама жасаған Айгүл Елшібаеваның аты дара аталады. Сапардан қандай әсермен оралдыңыз?

— Англия сапарында әнші болып шақырылып, ғалым болып оралдым. Кембридж университетінің профессоры Рәзия Сұлтановаға кітабымды сыйлық ретінде ұсынып едім, «Мұндай ғылыми-зерттеу кітабың болса, неге баяндама оқымайсың?» деп ұсыныс жасады, қуана келістім. Баяндамадан соң қазақтың жыршылық мектептерінен шеберлік сыныбын өткіздім, кітабымның тұсаукесерін жасап, дүниежүзі өнертану ғалымдарының ықыласына бөлендім. Бұл сапар маған ұмытылмас әсер сыйлады.

— Дәстүрлі ән өнерінің өрістеуі үшін, жаһандану кезінде жұтылып кетпеуі үшін біз қандай әрекеттерге бара алмай жатырмыз? Бүгінгі қоғам жыршы-жырауларға мұқтаж ба, әлде оларды қажет етпей ме?

— Жаһандану заманында бағы жарқ-жұрқ етіп тұрған — эстрада өнері. Мемлекеттің саясатында ұлттық өнерге деген ұстаным болса, ол өнер өлмесі анық. Домбырамен ән айтатын әнші-жыршыларды телеарналардан жиі насихаттаса, халық оларды да эстрада әншілері сияқты жаттап алар еді. Ел ішінде ән-жырды мүлде тыңдамайды деп айта алмаймын. Менің жеке концерттеріме келетіндер де – ұлттық өнерді сүйетіндер. Олардың көптігі қуантады.

— «Қазақтың жыр мақамдары» деген кітабыңыз тек музыка зерттеушілерінің ғана емес, көпшіліктің ықыласына ие болды. Осы еңбекті жазу үстінде сіз үшін жаңалық болған дүние бар ма?

— «Қазақтың жыр мақамдары» кітабымның жаңалығы — ел арасындағы термелер нотаға түсіріліп, жырдың әліппесі, теориялық сараптамалар жасалынды. «Қазақтың жыршылық мектептерінің орындалу ерекшеліктері неде, немен ажыратылады?» деген сұрақтың жауабын осы кітаптан табуға болады. 

Менің жетекшім, ұстазым, өнертану ғылымдарының докторы Болат Қарақұловтан алған тәлімімді ғылыми тілде жүйеледім. Кітап жеке қаражатыма шығарылған соң таралымы аз болып қалды, сұраушылардың саны көп болғандықтан, демеушілер табылса, тағы шығарамын деген ойым бар.

— Биылғы қаңтар қазақ руханиятына орны толмас қазамен келді. Алты алаштың ардақты ақыны Фариза Оңғарсынова фәниден өтті. Фариза апайға ән арнадыңыз, ол кісі қалай қабылдап еді?

— Фариза апама арнаған әннің әуені бір күні таңертең келді. Өлеңін де өзім жаздым. Апама телефонмен айтып беріп едім, «Ұялып отырмын», —  деді.  «Апа, ұялмаңыз, сіз лайықтысыз», — дедім, апам күлді, «Рахмет, бақытты бол», — деп ризашылығын білдірді. Кейін Фариза апа ауруханада жатқанда, Қазақ радиосында болған сұхбатымда домбырамен орындап бердім. Апам телефонмен алғысын білдіріп, «Бақытты бол» деді. Фариза апамның бұл соңғы дауысы болды ғой…

— Иә, өмір ғой деп жұбанамыз шарасыз. Әнші Айгүлдің бала арманы қандай еді? Уақыт сізді, ой-армандарыңызды өзгерте ала ма екен?

— Менің арманым – өнердің шыңына шығу еді, өмірде менің ойламаған армандарым орындалды. Бақыт деген — бала арманға қолың жеткен сәттер. Мен де еңбектің арқасында бақыттың бал шәрбатын татқан адамның бірімін. Себебі, Қазақстан мен шет елдерде  халықтың ризашылығын алып, дүр сілкініп, дуылдап соққан шапалағына бөлену бақытына ие болдым, соған шүкірлік етемін.

Бақытгүл БАБАШ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button