Т Е А Т Р: Күнделікті өмірдің күнгейі мен көлеңкесі

snimok 1 Мәдениет

Atr.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Театр – өмір айнасы. Күнделікті өмірдің күнгей жағы мен көлеңкелі тұстары спектакльдер мен қойылымдар арқылы көрермен көңіліне жол тартады. Сөйтіп, көркем әдебиет пен өмірді байланыстырып, өнер туындысының халықтық сипатын айқындайтын да – осы өнер ордасы.

Өлмес өнердің шындық өмірмен қабысып жататынын драматургиялық шығармалар арқылы танитынымыз, ондағы кейіпкерлердің заманының толғақты мәселелерін көрермендер жүрегіне жеткізетіні ақиқат. Қоғамның әртүрлі даму сатыларында театр тұтас бір ұрпақтың тәрбиешісі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі таңда да өнерді бағалайтын жұртшылықтың драматургияға, театрлық қойылымдарға ынтасы ерекше. Сол спектакльдерде сан түрлі тағдырларды сомдап, көрермен ықыласына бөленіп жүрген әртістердің алдыңғы сапында – актриса Гүлнұр Қайырлиева.

«Сендер осындай киелі шаңырақтың астында өнердегі жолдарыңды бастамақсыңдар. «Өнер-халықтың тағдыры», оны сахнада көрсету көп оқуды, адал еңбекті талап етеді», -деп алғаш жұмысқа келген 2007 жылдары Жайықтың ер мінезді ерке ұлы марқұм Төлеген Қуанышов айтушы еді. Міне, содан бері 13 жылдай уақыт өтіп кетіпті…

Театрда басшылар да бірнеше рет ауысты. Әрқайсысы театрдың тағдырына, жас актерлердің болашағына алаңдап, өздерінше еңбек қылды. Қаншама режиссерлер шақыртты, елдің әр түкпірінен актерлер келді. Театрдың үлкендерінің айтуынша, 40 жылдай уақыт театр әртістеріне үй берілмеген екен. 2015 жылдан бастап, облыс басшысының тікелей қолдауымен, кезектен тыс жас актерлерге алты үй берілді. Өмірдегі, өнердегі серігі Әміржан Нұрланұлы екеуі жергілікті жас мамандар, Аяжан мен Айнамкөздей қос қыз тәрбиелеп отырған жас отбасы ретінде баспаналы болды. Әрине, бұл өнер адамдары үшін қуанарлық бастама болды.

Алғашқы рөлдер…

«Армансыз адам болмайды», бұл – халық даналығы. Театр сахнасына келу – әрбір актер үшін үлкен арман. Гүлнұрдың арманының орындалуы – тосын жағдай. Алғашқы курсты аяқтаған кезі, жазғы демалыста анасы ауырып, қасында ауруханада еді, ұялы телефонына театрдан Дания дейтін режиссердің көмекшісі хабарласып, Әзербайжаннан келген Аждар Улдуз деген режиссер «Ене» деген комедияны сахналамақ, сондағы өмірдің ащы-тұщысын көрмеген, министрдің еркетотай қызы Әселдің ролін ұсынатындығын айтты.

Ертеңіне театрға кеп Аждармен сөйлесті, ол Гүлнұрды төртінші курстың дипломдық жұмысы Дулат Исабековтың «Әпке» драмасындағы Наздың ролінен көріп, ойынын ұнатқандығын, егер келіссе, ертеңнен бастап театрға актриса қылып алатындықтарын айтты. Бұл өнерге қадамын жаңа бастаған өрімтал қыз үшін көрген түстей болды, өйткені, ол кезде бар болғаны, жалаңаяқ студенттердің бірі еді. Сөйтіп, ойламаған жерден өнердің бұрқ-сарқ қайнаған ортасына тап келді. Содан бері театрда өзі құрмет тұтатын аға буын өнер адамдарымен бір кеменің жолаушысы болып келеді…

Ең алғашқы сомдаған ролі әртістің болашағын айқындайтыны анық. Қалибек Қуанышбаев атындағы Астана театрының бас режиссері Нұрлан Жұманиязов Есенжол Домбаевтың «Әй, қыздар-ай» комедиясын сахналады. Сол спектакльде Шолпан деген ерке қыздың ролін сомдағаны есінде. Одан кейінде ролден кенде болған емес. Қазақ классикасынан Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзіндегі» Қарагөз, әлем классиктерінен Ж.Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» комедиясында Анжелика сынды басты ролдерде, эпизодтарда, көпшілік сахналарында ойнады. Гүлнұр роль талғамайды. Әйтеуір сахнада жүрсе, труппамен бірге болса, көрермендерге ұнаса, ол үшін одан асқан бақыт жоқ.

Театр және драматургия

Театр мен драматургтердің еңбектері тығыз байланысты. Қазіргі таңдағы қазақ драматургтерінен көкейіне қонатындар санаулы-ақ. Драматургия саласында қалам тербетіп, сөз өнерінің өрнегін нақыштап жүрген жазушыдраматургтер жетерлік. Роза Мұқанова, Дулат Исабеков, Рахымжан Отарбаев, Асылбек Ихсан, Мұханғали Томановтың шығармаларын айрықша сезіммен, ерекше толғаныспен оқитыны рас.

Өзекті проблема, әр шаңырақтағы қуаныш пен мұң, қазіргі заман талабына сай жаңашылдық көзқарас бар… Оскар Уайлд: «Бұрынғы заманда кітапты жазушылар жазып, оқырмандар оқитын. Ал, бүгінгі күні кітапты оқырмандар жазады, ешкім оқымайды»,- деген екен. Қазір бізде драматургия шамалы,
оқиғалары қайталанатын дүниелер немесе ескі көзқарастағы шығармалар деп жатады… Әрине, әдебиет немесе театр сыншысы болмағанымен, азаматтық көзқарасы Уайлдтың пікірімен үндеседі.

Ізденіс

Асқар Тоқпанов, Әзербайжан Мамбетов , Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, атыраулық Қуат Төлеков, Алма Ахметова, Оңай Жақсыбаев сынды сахна саңлақтары өз заманының талабына қарай, қазақ даласында театр уығын бірлесіп көтеріп, шаңырағын құрды. Одан бері қаншама уақыт өтті. Қазақ театр өнері қазір ізденіс үстінде… Драматургияда, режиссурада да қазір өз бағытын әкеп жатқан таланттар жетерлік. Бір ғана мысал, Мұқанғали Томановтың театр сахнасына әкелген «Made in Махаббат» қойылымы – осының дәлелі.

Қазір көрермендердің қызу талқылауына түсіп жатқан мұндай спектакльдер театр сахнасына керек. Бұл спектакльде қоғамда орын алып отырған небір келеңсіздіктер суреттелген. Қазір «еркін ақпарат әлемі» деп ойына келгендерін жасайтындар, махаббат деген ұлы құдіреттің аяқасты боп тапталуы ашықтан ашық көрсетіледі. Оны кейбір көрермендеріміз қабылдай алмай жатады. Бұл қазақтың менталитетіне жат десіп жүргендер де бар. «Деген
мен, өз кемшілігімізді жасырмай, оны әдеби тілмен аялап жеткізбей, кейде осылай ашық қөрсетіп, жастарды осындай анайы, тұрпайы қылықтардан жиіркендіріп, ұялтып отырған да дұрыс-ау» дейді кейіпкеріміз.

Идеал

Қазіргі жастар – өте алымды, ақылды, салқынқанды. Тіптен, өнер адамдарына қызу қандылық, аңғалдық, ақ көңілділік тән дегеннің өзінде, «заманына қарай-адамы» дегендей, олардың мінезқұлық, жүріс-тұрысынан өз-өзін қалыпқа салушылық байқалады. Сонымен қатар, бұрынғыға сынай қарап, өзінен бұрынғының бәрін сызып тастауға тырысу да бар. Бұл, әлде «жұлдыз ауруы», әлде білімсіздік?! Ал, Гүлнұрдың бұл турасында өз пікірі бар. Театр сахнасының небір майталмандары, қарлығаштары – Серке, Нұрмұхан, Сабира, Әмина, Фарида және басқалары… Бірақ, бұлар туралы оқығаны, естігені болмаса, сахнада роль сомдағанын, не өмірдегі өнеге алар жақтарын көрген емес. Сондықтан, үлгі тұтар актерлерім деп жалған айта алмайтыны даусыз. Бұл ол кісілердің еңбегін жоққа шығарғандығы емес, бүкіл қазақ театры үшін де олар – нағыз өнер корифейлері… Көзін көрген, батасын алған, балаларым деп маңдайларынан сүйген, сол асылдардың сынығы Төлеген Қуанышов – біздің кейіпкеріміз үшін нағыз үлгі тұтар идеал адам…

Тұжырым

Ж ұ р т ш ы л ы қ к ө п айтқандықтан, жауыр болуға айналған «меценат» деген ұғым бар. Қазіргі таңда қайырымдылық жасағанның бәрін «меценат» деп атап, осы бір түсініктің беделін түсіріп алған сияқтымыз. Негізі меценат деп көне Римде өнер қамқоршысын атаған. Қазіргідей нарық заманында өнер қамқоршылары саусақпен санарлықтай. Бірақ оған ренжуге де болмайды. Өйткені, біреуден қамқорлық күтіп, қол қусырып отыратын уақыт баяғыда өткен. «Адамда талант бір пайыз ғана болады, 99 пайызы оқумен, еңбекпен келеді» дегендей, еңбектену керек, тағы да еңбектену керек…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-birgemiz-bilim-atty-zha%d2%a3a-zhoba-bastau-aldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз