Келісті келін – қызыңдай… (+ФОТО)

img 20200911 wa0132 ФОТОГАЛЕРЕЯ

Отбасы – шағын мемлекет. Оның да басшысы, арман-тілегі мен игі ісін алға жалғар ізбасары, аманатын орындар ұрпағы бар. Қоғам жүздеген, мыңдаған отбасынан тұратындықтан шаңырақтардың мақсат-мұраты кім-кімді де сырт қалдырмайды. Міне, сол себепті де мемлекет басшысынан бастап, мүдделі орындарға дейін елдегі отбасы мәселесін бәрінен биік қойып, мүмкіндігінше оларға қолдау көрсетеді.

Бір шаңырақ астында – үш ұрпақ

Елімізде қолға алынған «Мерейлі отбасы» шарасының арқасында қаншама үлгілі шаңырақ танылып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай отбасының бірі – Исатай ауданы Тұщықұдық селосында тұратын Бекбай Аманов пен Гүлжанай ананың әулеті. Бүгінде жастары сегіз ондыққа жақындап қалса да, тақтан түсіп, саптан шықпаған ерлі-зайыптылардың шаңырағында үш ұрпақ буыны тату-тәтті тұрып жатыр. Олар – өздері, бала-келіні – Мұратби мен Майра, немере бала-келіндері – Мұхаммедрахим-Айдана, Қайрат-Зульфия.

– Мен бұл шаңыраққа тым жас, 17 жасымда келін болып түстім, – дейді бізбен арадағы әңгімеде бас келін Майра Құдайбергенқызы. – Өмірлік қосағым Мұратби екеуміз төрт ұлға ата-ана атандық. Екі үлкенінен үш немере сүюдеміз. Ерім мұнай кәсіпшілігінде жұмыста. Өзім біраз жыл медбике болып істедім. Соңғы бес жылдан бері жеке кәсіпкермін, кіші ұлымыздың есімімен аталатын «Мұрагер» атты азық-түлік дүкеніміз бар. Ал, атамның атындағы жеке қожалық жұмысымен үшінші ұлымыз Ақжол айналысуда.

Сұхбаттасушымыз Майра «бұл өмірде тату тірлікке ештеңе де жетпейді» дейді. Ол 39 жасында – ене, 40 жасында әже болды. Келген жерінің көңілінен шығуға ұмтылды. Үлкендердің «тастай батып, судай сің» деген сөзіне ден қойды. «Келіндеріме ризамын. Қос ата мен қос енеге қабақ шытпай, қызмет көрсетуде. Алла тілеулерін бергей!» дейді.

img 20200911 wa0133 1

«Бұлт арасынан еліктің лағын көрдік…»

Өз ортасына сыйлы шаңырақтың бірі – Индер ауданының Аққала ауылындағы Есмұхановтар әулеті. Ол аймақта марқұм Бисен Есмұханов пен Тәттіқыз Тілегенованы білмейтін адам кемде-кем шығар. Сексеннен асып өмірден өткен үлкендер, әсіресе, қолдарындағы келіні – Гүлжан Ермағанбетоваға дән риза-тұғын. Жасы ұлғайып, басы ауырғанда, балтыры сыздағанда жанында қолұшын берер жанашырының болғанын кім қаламайды дейсіз. Қос қария өздерін жас балаша күткен Гүлжан келіндеріне риза болып, ақжарма алғыстары мен ақ баталарын берген еді.

– Атам марқұм жатса-тұрса: «Алла, балаларыма бейнетімді көрсетпейін» деп тілеумен болды. Ал, енем ұзақ ауырды. Айлап төсек тартып жатты. Ата-ене ешқашан бөтен болмайды, ол – барша келіннің екінші ата-анасы. Осылайша, мен анамыздың айығуына бар күшімді салдым. Дәрі-дәрмегін бердім, массажын жасадым, көзіқарақты дәрігерлерге көрсеттім. Еңбегіміз еш болмады. Жаратқан иеміз сәтін салып, анамыз аяғынан тұрды…

Сенесіз бе, екеуінің дәм-тұзы таусылып, ақ жуып, арулап аттандырған күні кешқұрым отбасымыз болып көктегі ақша бұлттар арасынан еліктің лағын көрдік. Мен үлкен аруақ иесі – Бекет атамызды қатты дәріптейтінмін. Мұны мен жай көрініс емес, сол аруақты атамыздың еліктері деп түйсіндім. Марқұм ата-енемнің о дүниеге риза көңілде аттанғандарын білдім, – дейді келіндері Гүлжан.

Қазіргі күнде Гүлжан мен оның өмірлік серігі Сейітжанның өздері де ата мен ене атанған. Ұлдары – Есенжан мен Есімжан шаңырақ көтерді. Қолдарына Айкүн мен Ақмарал атты аппақ құстарын әкеліп қондырды. Олардан Асылжан, Аяла атты немерелер көруде. Қыздары Нұргүл де бойжетті, студент. Атадан қалған кәсіпті дөңгелентіп отырған Гүлжан қос келінімен бірге жылқы сауып, шұбат, саумал дайындайды. Шағын дүкен ұстап, ауыл тұрғындарын сапалы азық-түлік тауарымен қамтамасыз етеді.

Иманды әйел – үйдің ажары

Алланың разылығына ие болғысы келген ақылды әйел әрдайым өзінің некелі жарын қадірлеп, құрмет тұтады. Сол себепті ол келген жеріне үлкен құрметпен қарайды. Жақсы жар, иманды келін енесін өз анасындай қарауға, бағып-күтуге ұмтылады. Себебі, әрбір келін отбасының берекесі енесімен қарым-қатынасында жатқанын біледі. Аса қамқор, ерекше мейірімді Жаратушымыз: «Маған және ата-анаңа алғыс айт. Қайтып келер жерің – менің алдым» дейді екен. Бұған қоса Алла «сыйлауға, алғысқа лайық» деп, өзінен кейінгі орынға ата-ананы қояды.

Отбасы күнімен, құрметті оқырман, баршаңызға иманды келін кезіксін дейміз.

Лиза СЕЙТІМОВА

img 20200911 210358
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз