
Жол құрылысы кешеуілдеп жатыр
Жол құрылысы – өңірдің даму қарқынын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Инженерлік инфрақұрылымның сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Жуырда облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласы аумағындағы бірқатар жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерді аралап, жағдаймен танысты.

Мұндай аралау – тек ресми есеп үшін емес, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді орындаушылардың аузынан естіп, нақты нысандардан көрудің бірден-бір жолы. Себебі ресми ақпардан байқала бермейтін жайттар нысан басында айқын көрінеді.
Көпір құрылысы бітетін күн…
Алдын ала тізімге іліккен БАҚ өкілдері мен жауапты мамандар мінген шағын автобус пен жеңіл көліктер «Атырау-Астрахан» тасжолы бағытындағы Солтүстік өнеркәсіптік аймақ маңындағы ұзындығы 27,6 шақырым солтүстік айналма жолының құрылысына барды. Облыс әкімдігінің ғимаратынан есептегенде тура бір сағатқа жуық уақыт жүріппіз. Қала ішінде кептелістің көптігі және бір мезгілде жүріп жатқан жол құрылыстары мен жөндеу жұмыстары да бұған себеп екендігі түсінікті.
II техникалық санатқа сай айналма жол жобасының құрылысын «AzVitr» және «АқЖолҚұрылыс» ЖШС-тері бірлесіп салып жатыр екен. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Серік Керімқұловтың айтуынша, құрылыс 2022-2025 жылдарға жоспарланған. Жалпы құны – 28,4 миллиард теңге болатын жаңа жолда 2 көпір, 3 жол айырығы және 2 көлік өтпесі болуы тиіс. Оның ішінде Жайық өзені арқылы өтетін көпір де бар.
Қазір жолға 1 асфальт-бетон зауыты, 43 техника және 90-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Әр учаскедегі жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асуда. 315 мың тоннадан астам қиыршық тас, 12 мың тонна битум және 21,5 мың текше метр құм жеткізілген.
Жол толық пайдалануға берілсе, қаладағы көлік кептелісі айтарлықтай азайып, жүк көліктері тікелей өте алады. Дегенмен негізгі түйткіл – Жайық өзені үстінен өтетін көпір құрылысында.
Филиал директоры Серік Сейітжанұлының айтуынша, көпір құрылысы ірі бетонды арқалықтардың тапшылығынан кешеуілдеп тұр. Өйткені ол Алматыдағы зауыттан жеткізілуі тиіс. Логистикалық тұрғыдан күрделі әрі уақытты көп қажет ететін бұл жағдай құрылыс қарқынына кедергі келтіріп отыр.
– Қазір қосалқы мердігерлермен бірлесіп, көпірдің жобалық құрылымына өзгеріс енгізу жайы талқылануда. Себебі қолданыстағы бетонды конструкциялар жергілікті жерде шығарылмайды. Басты мақсат – құрылысты жеделдету, — деді ол.
«Атырау-Индер» жолынан көпірге дейінгі кейбір учаскелер жекеменшікке сатып алынғанымен, мемлекеттік актісі толық ресімделмеген. Құрылыстың кешігуіне ол да кедергі. Мұны облыс басшысы сынға алып, мердігерлерге нақты талап қойды.

– Исатай ауданындағыдай айналма жол барлық ірі елді мекендердің жанынан салынуы тиіс. Бұл – жүк көліктерінің қалаға кірмей, ішкі жолдарды бүлдірмеуі үшін қажет. Биыл жылдың соңына дейін келісім бойынша барлық жұмыс толық аяқталуы керек. Барлық мүмкіндікті жасап, ақшасын да төледік, технологиясын да әкелдік. Сондықтан жұмысты созбай, биыл бітірген жөн. Егер жол уақытында аяқталмаса, «Атырау-Астрахан» тасжолының кебін құшады, — деді Серік Жамбылұлы.
Әкім мердігерлердің кейбір учаскелерде бастаған жұмысын аяқтамай тастап кететінін де қатаң сынады. Сол үшін бірнеше рет ескерту де жасапты.
– Барлық жұмыс бір уақытта қатар жүруі тиіс. Мысалы, Махамбет ауданындағы көпірді бірнеше жылда әрең салдық. Егер жұмыс сол қарқынмен жүрсе, бетонды екі жағынан құюдың өзіне жыл жарым-екі жыл уақыт жоғалтамыз. Бұл қаладағы қозғалысқа үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан министрлікпен бірге жаңа технологияны пайдалануымыз керек, — деді С.Шәпкенов.
Көпірдің уақытылы бітпеген әр күніне келісім-шарт бойынша мердігердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған айыптық санкция қарастырылған. Ал, қазір қосалқы мердігер ұсынған жаңа технология мақұлданса, құрылыс қарқыны жеделдетіліп, келісім-шарттағы мерзім ішінде толық аяқтау мүмкіндігі бар.
Өңірдегі жолдың жайы қалай?
«Атырау-Астрахан» тасжолының қалаішілік бөлігіндегі құрылысына барған арнайы топ облыс көлеміндегі ауқымды жобалардың барысымен танысты. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев жол құрылысының қарқыны артып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде облыстағы көлік жолының жалпы ұзындығы – 6466,4 шақырым. Оның 1125,6 шақырымы – республикалық маңызы бар, 838 шақырымы – облыстық, 2051 шақырымы – қалаішілік, 1088 шақырым – аудандық, 1363,2 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Мұндай ауқымды желіні қамту үшін облыста қазір 78 жоба жүзеге асып жатыр. Оның 15-іне орташа, 11-іне күрделі жөндеу жасалып жатыр. Ал, 30 нысан қайта жаңғыртылып, қалған 22-сінің құрылысы енді ғана басталған.

Жол құрылысына бөлінген қаражат та аз емес. Республикалық бюджеттен 7 миллиард, жергілікті бюджеттен 55,7 миллиард теңге қарастырылған. Бұған қоса, су тасқынының салдарын жою үшін 5,9 миллиард теңге бөлінген. Республикалық маңызы бар жобаларға 7,5 миллиард, ал жергілікті жолдарға 51,5 миллиард теңге бағытталған.
Атырау қаласында да көлік жолын салу қарқын алғанына ел куә. Жалпы ұзындығы – 229 шақырым, барлығы – 103 нысан жоспарланған. Қазір соның 20-сында жұмыс басталып, 48 көше жөнделуде. Бұл мақсатқа 33,1 миллиард теңге бөлінген.
Астрахан бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың 616-621 шақырымының аралығы қайта жаңғыртылып жатыр. Осы 5 шақырымның өзі 13,2 млрд. теңгеге бағаланыпты. Құрылыс жұмыстарын «Kazakhdorstroy» ЖШС жүргізуде. Компанияның жоба жетекшісі Ермек Едігеновтің айтуынша, бүгінде компания екі ірі учаскеде жұмысты бастап кеткен. Тайманов көшесінен Қараөзекке дейінгі 6,4 шақырымдық жол бөлігі мен «Атырау-Астрахан» тасжолының 5,05 шақырымдық аралығы толық жаңартылады. Жоба аясында ұзындығы 54 метрлік көпір мен 89 метрлік теміржол үстінен өтетін жол айырығын салу қарастырылған. Құрылыс I санаттағы талаптарға сай орындалуда.
– «Атырау-Астрахан» бағытындағы көпір құрылысы да басталып кетті. Жуық арада іргетас қадалары қағылады. Қыс түскенше бетон жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Желтоқсан айында көпірдің арқалықтарын орнату басталады. Уақытты үнемдеу үшін өз күшімізбен қосымша теміржол өткелін салып, ескі көпірді бұзып, жаңа көпірдің құрылысын қатар жүргізіп жатырмыз. Бұл тәсіл жобаны мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік береді, — деді Е.Едігенов.
Қараөзек бағытындағы жобаның жалпы құны – 11,2 млрд. теңге болса, Астрахан бағытындағы жобаға 12,9 млрд. теңге қарастырылған. Жоба жетекшісінің айтуынша, қазір 4 шақырымдық бөлігі толықтай асфальтталып біткен. Келесі жылы жолдың соңғы қабаты ретінде полимерлі асфальт төселмек.
Қазір жұмылған 60-қа жуық техника жер қазу, жасанды құрылымдар, жол өткелдері мен көпір құрылысын қатар жүргізіп жатыр. Асфальт төсеу де қарқын алған. Дегенмен жүргізушілер үшін уақытша қолайсыздықтар бар. Әсіресе айналма жолдарда су жиналып, шаң көтеріледі. Бастапқыда қарастырылмаған Қараөзек жобасындағы қосымша айналма жолдарды компания өз күшімен екі жолаққа дейін кеңейтіп, тамыздың соңына дейін 5 шақырымдық қозғалысты ашпақшы.
Айналма жолдардың шаңын басып, қауіпсіздік үшін жарық шамдары мен жол белгілері де орнатылуда. «Атырау-Астрахан» жобасында алдын ала жоспарланған айналма жолға қосымша фрезерленген материал төселіп жатыр. Бұл тәсіл жолдың қауіпсіздігін арттырып, шаңды азайтады.
Балықшыда жол салынады
Тайманов көшесінің айналмасынан Қараөзекке дейінгі 6,4 шақырымдық учаске де қайта жаңғыртылуда. Жобаның құны – 11,4 миллиард теңге. Құрылыс барысында ұзындығы 1530 метр болатын айналма жол және 140 метрлік жолөткізгіш салу жоспарланған. Бұл учаскенің қала үшін стратегиялық маңызы зор, себебі халықаралық тасжолмен тікелей байланыс жасайды.

Атырау қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілек Махуовтың айтуынша, келесі жылы да жол салу және жөндеу жұмыстары жалғасады.
– «Авангард-2» шағынауданынан Балықшыға дейін ұзындығы 4,2 және «Жұмыскерде» 6,3 шақырым болатын жаңа жол салынады. Жаңа шағынаудандарда жалпы ұзындығы 12,6 шақырымдық ішкі жолдар төселеді. Бұл кешенді жоспар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, жолдардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етеді, — деді Тілек Алдабергенұлы.
Қаланың негізгі күретамырларының бірі И.Тайманов даңғылында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сейсенбіде пайдалануға берілді. «Казсервис Групп» компаниясы мердігерлік еткен 5,3 шақырымдық жобаның құны – 1,5 миллиард теңге. Жаңа жол қаланың көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындар үшін ыңғайлы болмақ.
Сапа мен мерзім – бақылауда
– Атырауда соңғы жылдары жол инфрақұрылымына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұған дейінгі басты мақсат – шалғайдағы елді мекендерді жолмен қамтамасыз ету болса, бүгінде олардың бәрі негізгі жолдармен қамтылды. Енді кезек қаланың орталық көшелеріне келді. Сондықтан, қаладағы жол құрылысын мейлінше тезірек әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырамын, — деді Серік Шәпкенов аралау барысында.
Облыс әкімінің айтуынша, қазір ең көп жүктеме Сәтбаев, Тайманов, Азаттық, Махамбет, Құрманғазы көшелеріне түсіп отыр. Қоғамдық көліктен бөлек, әрбір ата-ана баласын мектеп пен балабақшаға өз көлігімен апаратындықтан, жолға түсетін салмақ бірнеше есеге артқан. Сондықтан биылдан бастап қаржының негізгі бөлігі осы көшелерді кеңейтуге, төрт жолақты етуге бағытталмақ.
Өңір басшысы қаланың кіреберіс жолдарының барлығы төрт жолақты болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл – стратегияның негізгі талабы. Мәселен, бастапқыда екі жолақты болып жобаланған «Атырау-Астрахан» бағыты жергілікті биліктің түзетуінен кейін төрт жолақты жол ретінде салынып жатыр. Доссор мен Орал бағытындағы жолдар да кеңейтілмекші.
– Тұрғындар жолды қырып тастап, ұзақ уақыт жұмыс істемей қоятынына наразы. Сол себепті биылдан бастап әрбір жобаның кестесі қатаң бақылауда. Әсіресе 1 қыркүйекке дейінгі мерзім – ерекше назарда. Өйткені жаңа оқу жылы басталғанда қаладағы көлік қозғалысы күрт артады, — деді Серік Жамбылұлы.
Атырау қаласының басты магистралдарының бірі – Азаттық даңғылы қазір қайта түлеп жатыр. Қаланы қақ жарып өтетін бұл көшенің Абай-Әуезов көшелері аралығындағы бөлігі орташа жөндеуге жабылған болатын. Құжатқа сәйкес төрт жолақты жолдың ұзындығы – 2,4 шақырым, ал ені – 16-17,5 метр аралығында. Жол жамылғысының жиынтық ауданы – 45 174 шаршы метр.
Мердігер «ДорСпецТранс» компаниясы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Жақсыбек Қалниязов жобаның барысын егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, тиісті құрылыс Азаттық көшесінің Әуезов-Абай көшелерінің аралығы, Махамбет-Бейбарыс сұлтан даңғылы, Молдағұлова-Мақатаев көшелері аралығындағы үш негізгі бағыт бойынша қамтылған. Оның ұзындығы орта есеппен 1,7-2,4 шақырым. Құрылыстың әр кезеңінде заманға лайықты әдістер қолданылады. Әуелі ескі жабын суық фрезерлеу әдісімен қырылып, тегістеледі. Оның үстінен 5 сантиметрлік ірі түйіршікті асфальт қабаты төселеді. Кейін тағы да қалыңдығы 5 сантиметрлік жабын қабаты салынып, соңғы сатыда 3-5 сантиметрлік фиништік асфальт қабаты беріледі. Осылайша жолдың төзімділігі мен сапасы артады.
Қазір Азаттық көшесінің 870 метр бөлігі толық жабылған, ал 1300 метрге дейін асфальт төселіп болды. Енді шамамен 1 шақырымдай учаске қалған. Жоспар бойынша барлық жұмыс қазанның соңына дейін аяқталмақ. Жаяу жүргінші жолының да 95 пайызы дайын.
Алайда жекелеген учаскелерде уақытша қолайсыздықтар туындап отыр. Әсіресе, Атамбаев-Махамбет көшелерінің аралығы өте күрделі, себебі бұл жерде айналма жол жоқ. Жолды кезең-кезеңімен жауып, қозғалысты екі жолақ арқылы ұйымдастыруға тура келеді. Оның үстіне, Әліпов көшесі бойындағы жылу жолы да жаңартылып жатыр. Әрбір учаскенің жұмысына орта есеппен бір апта уақыт кетеді.
Жөндеуге 10-нан астам маман және асфальт төсегіш, грейдер, тегістегіш және жүк көліктері тартылған. Жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Компания өкілдерінің айтуынша, қаржыландыру уақытылы жүргізілсе, жоспардағы кейбір учаскелерді биыл толық аяқтап шығуға мүмкіндік бар.
– Біз қолымыздан келгенше жұмысты жеделдетіп, сапасын да жақсартуға күш салып жатырмыз. Қазан айының соңына дейін Азаттық көшесіндегі учаскелерді толық аяқтап, пайдалануға береміз, — деп уәде берді Ж.Құлниязов.
Тұрғынның тілегі орындала ма?
Гагарин көшесі де қаладағы негізгі қозғалыс бағыттарының бірі. Жалпы ұзындығы 1830 метрлік көшеде бүгінде толықтай қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Жолдың жабындысының аумағы – 25 106 шаршы метр. Қазір құрылыс мерзімі мен сметалық құнына байланысты жоба қайта нақтылануда.
Жоспарға сәйкес, көшенің әр бөлігі өз ерекшелігіне қарай қайта жасалмақ. Х.Досмұхамедов-Ә.Молдағұлова көшелерінің аралығында жолдың ені 14 метрге дейін кеңейтіліп, ортасына 3 метрлік бөлу жолағы салынады. Бұл шешім көлік ағынын реттеп, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ал Ә.Молдағұлова-Пушкин көшелерінің арасында жолдың ені 9 метр болып қалмақ. Пушкин-М.Есенов көшелерінің аралығында жолдың ені 6 метрге дейін қысқарады. Мұндай әртараптандырылған шешімнің басты мақсаты – көлік қозғалысының өткізу қабілетін арттырып, қалалық трафикті тиімді реттеу.
Жоба толық жүзеге асқанда Гагарин көшесі қаладағы негізгі қозғалыс артерияларының біріне айналып, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз қатынасты қамтамасыз етпек.
Осы көшенің тұрғыны, ардагер құрылысшы Роберт Құрманғазиев компания құрылысты мерзімінен бұрын аяқтаса, тұрғындарға зор көмек болатынын жеткізді.
– Қазір халық жолдың кесірінен көлігімен үйлеріне кіре алмай, түрлі көпшілік шараларда да қолайсыздыққа тап болып отыр. Бірақ қаражат бөлінді, материал жеткілікті, техника бар. Енді тек жұмысты сапалы әрі уақытынан бұрын аяқтап берсе дейміз. Ал, қазір кабель желілерін тартып жатыр, сол сияқты кәріз жүйесін де бірге жүргізсе жақсы болар еді. Әйтпесе кейін жолды қайта қазуға тура келеді ғой. Тіпті, жанынан жүргізуге де болар еді. Сосын көшеге тал егілсе, көшенің де көркі артып, жасыл желек қалаға да, халыққа да сән берер еді, — деді тұрғын.
Ерниязовта жұмыс аяқталады
Бұдан әрі Ерниязов көшесінің Гагарин-Сәтбаев көшелері аралығында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен таныстық. Жобаны жүзеге асырушы мердігер – «KazServisGrupp» ЖШС. Жөнделетін учаскенің ұзындығы – 753 метр. Жол жамылғысы капиталдық типте, яғни күшейтілген қабаттық құрылым негізінде төселуде. Асфальтбетон жабынның таңдалуы да кездейсоқ емес, ол жолдың беріктігі мен ұзақ уақытқа шыдамдылығын қамтамасыз етеді.
Жобаның жалпы сметалық құны – 317,1 миллион теңге. Нормативтік орындалу мерзімі – 8 ай. Жоспар толық жүзеге асқанда Ерниязов көшесінің осы бөлігі екі жолақты қозғалысқа лайықталған, асфальтбетон жабыны төселген жаңа кейіпке енеді. 16 метрлік жер төсеніші жол қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, инженерлік инфрақұрылым элементтерін орналастыруға да мүмкіндік береді.
Серіктестіктің жоба жетекшісі Асылбек Әбдешов қайта жаңғырту жұмыстары Гагарин көшесі мен Сәтбаев даңғылы арасындағы көлік қатынасын жақсартып, жүріс жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жобада екі жақты жүргінші жолдары да қарастырылған. Дегенмен бастапқы құжаттамада суағар арық ескерілмегендіктен, тапсырыс берушімен келісе отырып, жаяу жүргінші жолының бір жағы алынып, орнына арық салынды. Бұл жұмыс қазір толық аяқталған.
Жолдың шамамен 700 метрі пайдалануға берілген. Жұмысы жалғасып жатқан қалған 50 метрлік бөлік алдағы аптада пайдалануға берілмекші. Бұрынғы жолдың ені де, қазіргі ені де – 9 метр. Орташа жөндеу барысында ескі асфальт жабындысы толығымен алынып, орнына екі қабатты жаңа асфальт төселді. Бүгінде қалада қолданылып жатқан жаңа технология – қиыршықтасты мастикалық асфальтбетон. Бұл тәсіл орташа жөндеудің беріктігін арттырады.
Жобаның кепілдік мерзімі – бес жыл. Осы уақыт аралығында жолда ақау байқалса, мердігер компания өз мойнына алады. Ал тұрғындар үшін бұл жол кем дегенде 15-20 жылға дейін қызмет етуге жарамды.
Әуежайдың да жолы жаңарады
Орташа жөндеу жұмысы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы 4,98 шақырымдық көлік жолында да жүріп жатыр екен. Бұл көше қаладағы басты магистральдардың бірі болғандықтан, оның сапасы мен өткізу қабілеті тұрғындар үшін аса маңызды.
Жоба бойынша жол II санатқа жатады, қозғалыс төрт жолақпен ұйымдастырылады. Жер төсемінің ені 20 метр болса, жүру бөлігі 10,5-16 метр аралығында салынады. Мердігер компания «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Компания прорабы Ренат Салахиденовтың айтуынша, қазір жұмыс екі ауысыммен жүргізілуде. Бірінші учаске толығымен аяқталған, екінші учаске асфальт төсеуге дайын тұр. Бұл жерде тек асфальттың көлемі – шамамен 7900 шаршы метр. Алты учаскенің әрқайсысы шахматтық тәртіпте кезекпен жабылып жөнделеді.
Қалада көлік қозғалысын жеңілдету және жол сапасын арттыру бағытындағы ең ауқымды жобалардың бірі жүзеге асып жатыр. Ол Әбілхайыр хан даңғылынан басталып, «Сарықамыс» шағынауданы арқылы Жастар көшесіне дейін созылатын автокөлік жолы да қайта жаңартылуда. Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысына сәйкес негізгі жұмысты «Маңғыстау жол-құрылыс материалдары комбинаты» ЖШС атқаруда. 2023 жылы басталған құрылыс жоспар бойынша 2026 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жобаның жалпы құны – 2, 6 миллиард теңгеден астам.
Жоба үйлестірушісі Райымбек Бисембиевтің айтуынша, қазір аумақта 300-ден астам жұмыс жобасы қатар жүріп жатыр. Әсіресе жиектастар орнату жұмыстары қарқын алған. Жиектастардың астына 15 сантиметрлік цемент пен арнайы қоспадан тұратын «С» маркалы материал төселуде. Бұл – асфальт төсеуге дайындықтың маңызды бөлігі.
Үйлестірушінің сөзінше, шамамен он күн ішінде асфальт төсеу жұмыстары басталып, қысқа мерзімде аяқталады. Қазір мердігерлер Жастар шағынауданынан бастап жұмыс істеп, асфальттың соңғы 300 метрін аяқтауға жақындаған. Сол біткеннен кейін жол қозғалысқа толық ашылады.
Жұмыс барысында тұрғындардың өтініші бойынша қосымша шаралар қолға алынған. Әсіресе су жиналып қалатын аумақтарда арық салынып жатыр. Бұл бастапқы жобаға енгізілмесе де, халықтың сұрауы бойынша мердігерлер өзгеріс енгізіпті. Сонымен бірге көпір құрылысы да жоспарланған. Қажетті арқалықтар жақын күндері жеткізіліп, орнатылғаннан кейін құрылыс қарқыны артады.
Облыс әкімінің құрылыс нысандарын аралауы барысында бірқатар мәселелерге назар аударылды. Жөндеу мерзімі созылып кеткен учаскелерде мердігер компанияларға қарқынды күшейту тапсырылды. Жол сапасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы да қатаң қадағаланды. Әсіресе әлеуметтік нысандарға қатысты жобаларда материалдардың жеткізілуі мен кестелердің орындалуына баса мән берілді.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ