Тасқыннан кейінгі жол қашан жөнделеді?
Су тасқыны кезінде бұзылған Атырау-Индер автомобиль жолының 18-20 шақырымын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Ол қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. «Тілсіз жаудың» салдарынан бүлінген аумақтарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 5,9 млрд. теңге бөлуге өтінім жолданған. Әзірге жолаушылар облыс бойынша барлық бағыт бойынша уақытша айналма жолдарды пайдаланып келеді.
Биылғы көктем өңірге үлкен сын болды. Жайық, Ойыл мен Жем өзендері арнасынан асып, өңірде 7 жол инфрақұрылым нысаны зақымданды. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз, Атырау-Индер, Индербор кенті, аудандық маңызы бар Махамбет ауданы Сарытоғай ауылына баратын жол және Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы, Атырау-Индер автомобиль трассасының 18-20 шақырым аралығы бүлінген болатын. Сондай-ақ, Жылыой ауданының Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдарына кірме жолдарымен қалаішілік автомобиль жолдары да бұзылған еді.
Ал, республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Ақтау автомо-биль жолының 101 шақырымы және Атырау-Орал автомобиль жолының 44 шақырымы жырылды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің айтуынша, Индербор кентінің кірме жолына орташа жөндеу, Жылыой ауданы бойынша Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдарының кірме жолдары мен Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз автомобиль жолы мен Атырау-Индер жолын қалпына келтіру жұмыстары басталған.
Су тасқынының салдарынан сәуір айында Жылыой, Махамбет, Индер аудандарының тұрғындары облыс орталығымен көлік қатынасынсыз қалған еді.
– Миялы-Тайсойған жолының 46 шақырым аумағында топырақ төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. 14,6 шақырымға ПГС 15, ШПС, 17,2 шақырымға геотекстиль төселді. Негізі, жұмыс қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Су тасқыны жобамызға біраз өзгерістер енгізді. Бұл жұмыстардың барысында қай жерге су өткізгіш құбырлар керек екенін де нақтыладық,-дейді Әлібек Мұхамбетәлиев.
Айбөпе САБЫРОВА
Суретті түсірген Бек АЙДАРӘЛИ