Орталық көпір қашан жөнделеді?

b9e72066 d680 4ead b46b d0f6d837f082 Инфрақұрылым

Атырау қаласы әкімдігінен білгеніміздей, орталық көпірді күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бас жобалаушымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобалауға қатысты шешімдер осы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Содан соң ғана күрделі жөндеу басталмақ.

Еске сала кетейік, салынғанына 60 жыл болған көпірге қатысты 2021 жылы өткен қалалық мәслихаттың сессиясында екі шешім ұсынылған еді. Бірі – күрделі жөндеу, екіншісі – қайта жаңғырту. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан бес ай мерзімде күрделі жөндеу жобасын мақұлдады. Себебі, қайтадан жаңа көпір салуға 35 ай кетеді екен.

– 2016 жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен алты көпірге техникалық қызмет көрсету мақсатында «Трансинжиниринг.krg» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Соның негізінде орталық көпірдің техникалық жай-күйіне қанағаттанғысыз баға берілді, – дейді қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев.

2018 жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі көпірді жөндеуге жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға ашық электронды байқау жариялады. Оны 47 миллион 155 мың теңгеге «Алматы Жоба» ЖШС ұтып алған. Бірақ жөндеу жұмыстары ақыры басталмапты.

– 2020 жылы көпір қайта техникалық тексеруден өткізілгенде күрделі жөндеу жұмысының құны 920 миллион 488 мың теңгеге бағаланды. Бірақ 2021 жылдың 10 қаңтарында Атырау жылу-электр орталығының қызметкерлері көпір астымен өтетін жылу жүйелерінің қиылып кету қаупі барын анықтады. Осылайша, көпірдің үстінде көлік қозғалысы тоқтатылды. Артынан «Тека-Проект» ЖШС-мен келісім-шарт жасақталып, қайтадан техникалық тексеру жүргізілді, – дейді С.Нысанбаев.

Күрделі жөндеуден кейін шаһардың айшықты нысаны саналатын орталық көпірдің сырт келбеті қаншалықты өзгеретінін алдағы уақыт көрсетпек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз