Судың сұрауын сұрайтын кез келді
Тұрғындарды ауыз сумен тұрақты қамту және осы салада су үнемдейтін технологияларды қолданысқа енгізу – аса маңызды және жедел жүзеге асыратын міндет. Сондықтан бұл бағытта тиімді тәсілдер ұсыну қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Мемлекет басшысы жуырда Алматы қаласына жұмыс сапары барысында бұл мәселеге назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Облыстық «Атырау» газетінің редакциясында өткен «Дөңгелек үстелде» осынау өзекті тақырып жан-жақты талқыланды. Басқосуға облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Асан НҰРҒАЛИЕВ, «Атырау облысы су арнасы» КМК директоры Мейірім ҚАЛАУИ, коммуналдық сала ардагері, Мақат ауданының Құрметті азаматы Ерғазы ЖОЛАМАНОВ, мемлекеттік қызмет және коммуналдық қызмет саласының ардагері Ақылбек БАЙШАХАНОВ, коммуналдық қызмет саласының маманы, кәсіпкер Серік СӘДУАҚАСОВ, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Руслан КҮМІСҚАЛИЕВ қатысты. Басқосуды басылымның бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.
Н.ҚОСШИЕВ: – Судың орынсыз ысырабына себепші тозығы жеткен жабдықтарды жаңғыртып, жаңа, сапалы әрі төзімді инфрақұрылым жүргізу – кезек күттірмейтін өте маңызды міндет. Шығынды жауып, тығырықтан шығу үшін тарифті де кезең-кезеңімен, сатылап көтеріп, үнемдегіш технологияларды өндіріске кеңінен енгізу керек.
Ал, суды нормативтен артық, шамадан тыс жұмсағандар оның ақысын да өзгелерден жоғары, яғни қымбат тарифпен төлеуі, оған қоса суды тұтынудың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуы тиіс. Мемлекеттің ұстанымы да осы. Бір сөзбен түйіндегенде, не нәрсені де, соның ішінде тіршілік нәрі саналатын судың сұрауы бәрінен де жоғары тұратынын ескеріп, оны мейлінше үнемдеп, тиімді жұмсай білсек қана ұтарымыз даусыз.
Сүзгілеу стансалары жаңғыртылады
– Әңгімемізді су шаруашылығы саласында өңірімізде жүзеге асырылуы жоспарланған жобалар, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы уақытқа межеленген жұмыстардың барысынан бастасақ?
А.НҰРҒАЛИЕВ: – Әрине, бәрі бірдей керемет демесек те, бұрынғымен салыстырғанда бүгінгі жағдайымыз айтарлықтай жақсарды деуге болады. Нақты деректер келтірсек, облыстағы екі қаланың (Атырау мен Құлсары) тұрғындары толықтай, өңірдегі 153 ауылдық елді мекеннің 138-і немесе 90,2%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қалған 6 елді мекеннің тұрғындары суды орталықтандырылмаған жүйеден, ал 9 ауылдың халқы суды тасымалдап ішеді. Тұтастай алғанда, облыс халқының тазартылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 99,7%-ды құрайды.
Қазіргі уақытта Қызылқоға ауданының Қоғам, Қоныстану, Қоңыраулы, Аққора, Сарқұмақ, Былқылдақты, Соркөл, Кенбай ауылдарында (барлығы 8 елді мекен) су құбырының құрылысы мен суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жұмыстары аяқталып келеді. Енді көп кешікпей, облыстағы 5 ауылдық елді мекенде (Құрманғазы ауданындағы Қошалақ, Махамбеттегі – Бала Ораз, Атамбаев, Көздіқара, Есмахан ауылдарында) су құбырының құрылысы басталады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде облыс халқының таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99,9%-ға жетеді деген болжам бар.
Қазіргі мезгілде атыраулықтарды толық көлемде ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы №5 сүзгілеу стансасын қайта жаңғырту, №6 стансаны жаңадан салу, сондай-ақ, су көтеру қондырғысын тұрғызу жоспарланған болатын. Соның ішінде №5 сүзгілеу стансасын жаңғырту жұмыстарын мердігер мекеме – «БатысАльянсСтрой» ЖШС 2022 жылдың тамыз айында бастаған. Алайда, түзетулер енгізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын. Нақтылай түссем, су деңгейінің төмендеп кетуі себепті оны жүзбелі станса ретінде, соған орай сыртқы электрмен жабдықтау қарастырылған еді. Өткен жылдың қараша айында түзетілген жобаның мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, жұмыс одан әрі жалғасты. Бүгінде жоспарлы жұмыстар 50%-ға орындалған. Жоба биылғы тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Аталған №2 сүзгілеу стансасын қайта жаңғыртудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат қаралып, бұл жұмысты орындау «КазВодоканалПроект» ЖШС-іне жүктелді. Қазірде қолданыстағы стансаның тәуліктік қуаттылығы 10 мың м3-ді құрайды. Әйтсе де, мұндағы құрылғы-жабдықтардың тең жартысы істен шыққан. Осы мәселені техникалық тұрғыдан шешу үшін қуаттылығы 60 м3-ді құрайтын №6 сүзгілеу стансасын салу туралы шешім қабылданды. Енді осы жобаны жүзеге асыру шаралары жүргізілуде.
Өзгерістер өңірлерде де болады
Осындай жұмыстар жекелеген өңірлерде де жүргізілмек. Мәселен, Махамбет ауданында «Махамбет-Су» КМК-на сенімгерлік басқаруға берілген 13 су тазарту қондырғысын қайта жаңғыртудан өткізудің жобасы дайындалуда. Өткен жылдың соңында бұл мақсатқа қажетті қаржы қаралып, қаңтар айында конкурс жарияланды. Санаулы күндерден соң мақұлданып, сараптамадан өткен жобаны атқаратын мердігер анықталады. Жоспар бойынша жаңарту жұмыстары бес ай мерзімді қамтиды. Соның нәтижесінде су тұтынушыларға тәулік бойы берілетін болады.
Жыл сайын сәуір айының 10-15-і аралығында мұнда тұрғындарға жазғы су беріле бастайды. Дегенмен, ауданның бірқатар елді мекенінде бұрын жүргізілген жазғы ауыз су құбырларының да, бұрандалардың да тозығы жеткендіктен істен шыққан. Тұрғындардың ауласындағы құдықтар мен өрт сөндіру гидранттарына қажетті су да ауыз су құбырынан алынады.
Құрманғазы ауданының Котяевка және Кудряшов ауылдарында су тазарту имараты мен су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Аталған ауылдардағы 3,5 мыңға жуық тұрғын әлдеқашан оның игілігін көруге тиісті еді. Әйткенмен, түрлі себептермен тоқтатылып, кейінге қалдырылған нысанның (жоба бойынша жалпы ұзындығы 22 шақырым, тәуліктік қуаттылығы 550 м3) құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер кәсіпорын «Болат-Д» ЖШС былтырғы қараша айынан бастап қолға алып, жалғастыруда. Нысанды 2024 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, осындағы Қоянды топтық су құбырының бойына 6 ұңғыманы орнату жұмыстарын да биылдан қалдырмай аяқтау көзделген.
Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылдық округіне қарасты Қаратүбек пен Өркен елді мекендерінде су тазарту қондырғыларының құрылысы қайта жаңғыртылса, Қызылқоға өңіріндегі «Кереген–Сағыз–Жамансор» топтық су құбыры реконструкциядан өткізілуде. Ауданның 7 елді мекенінде су желілері мен кешенді су тазарту блок-модульдерін қою жоспарға енгізілген. Ал, 8 ауылда тұрғындар санының аздығына және орталықтан шалғайда орналасуына байланысты ауыз су арнайы көлікпен тасымалданып жеткізіледі.
Шәуіштен шатақ шықты
– Жуырда Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендігінен су айдайтын құрылғылардың аузына мұз қатып, халық сусыз қалды. Бұл елді елеңдеткен оқиға болды. Осындай жағдайдың қайталанбауы үшін бүгінде қандай әрекеттер жасалып жатыр?
М.ҚАЛАУИ: – Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда кәсіпорын теңгеріміндегі Жайық өзенінен су тарту және су тазарту стансалары жұмыс жасап тұр. Әзірге оларды алмастыратын басқа ешқандай балама қондырғы жоқ. Олардың өздері де өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында салынған, яғни пайдаланылып келе жатқанына 80 жылдан асып отыр.
Кезінде Жайықтың деңгейі төмендегі шахтадан 8 метр биіктікте болған екен. Мұздың қату, қалыптасу процесі жүреді, әрине, алдыменен шәуіштенеді. Мамандардың түсіндіруінше, мұның өзі өзеннің бетінен 1-1,5 метр тереңдікті алуы мүмкін. Атап өткенімдей, бұрындары шахта неғұрлым тереңде орналасқандықтан аяз тұрып, салқын түскенде судың бетіне мұз қату ықтималдылығы да соғұрлым төмен болатын еді. Сол сәтте бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанындай, «мұндай оқиға жиырма жылдан бері болып отыр» деп жаңсақ хабар таралды. Расында осындай жағдай жыл сайын дерлік болып тұрады. Жауапты құрылымдар тарапынан жедел әрекет жасалып, шұғыл шарасы алынғасын, оның залалы онша білінбей, қалыпты жағдай сақталады. Десек те, соңғысында шынымен төтенше жағдай орын алды. Қала бірнеше сағат бойына, жекелеген елді мекендер мен шағынаудандарда тәулікке жақын сусыз қалды.
Мысалы, осыған ұқсас жағдай 2020 жылы болған еді. Онда да өзеннен су соратын бас сораптың аузындағы қорғаныш торлардың көзі шәуіштенген мұзбен бітеліп, су алуға қиындық келтірген. Айта кету керек, бұған бірден-бір себеп Жайықтың жылдан-жылға таязданып, түбіндегі шахтаның судың бетіне жақындауы салдарынан, ауа температурасы сәл төмендеп, аяз біліне бастағанда-ақ, шәуіш тұрып, әлгіндей жағдайдың орын алатынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Тозығы жеткен қондырғылардың қабілет-қуатының бүгінгі уақыт талабына сай келмейтіні белгілі. Сондықтан да уақыт оздырмай оны жаңа, мейлінше қуатты да төзімді заманауи технологиямен алмастырып, жаңғыртуымыз керек. Өйткені, қолданыстағы қондырғы-құрылғылар өзенде судың мол, шахтаның тереңде орналасқан кезеңінде, ескі технология бойынша салынған. Енді су азайып, шахта айдынның бетіне жақындай түскен сайын, қатты жел тұрып, су толқынданса болды, шәуіш мұз сораптың аузындағы торды бітеп тастайды да, апатты ахуал қалыптастырады. Қазір бізге тәулігіне 180 мың текше метр су соратын қуатты насос орнату қажет. Қалай дегенмен ескінің аты ескі, бұл технологиялар өз кезеңінде суға деген сұранысты қанағаттандырып, толықтай қамтуға қауқарлы болғанымен, тап қазірде олардың қуаттылығы мен мүмкіндігі жеткіліксіз.
Әріптесім айтып кеткендей, егер №5 сүзгілеу стансасын тездетіп іске қоссақ, көптеген қиындықтардан құтылып, проблемаларды оңтайлы шешкен болар едік. Өйткені, айтылып отырған стансаның өзінде тәулігіне 50 мың текше метр су өндіріледі. Осылайша, жағдайдан шығуға мүмкіндік туады. Бұл да баламалы нұсқа болып есептеледі. Желтоқсан айында судың болмай қалуының бірден-бір себебі де сол резервтің жоқтығы.
Маман ретінде шахтаның конструкциясын өздеріңіз білесіздер. Су өзінің ағынымен сорғыға келіп кіреді, сол кезде оның аузына балықтарды ұстап қалатын тор орнатылған. Оның диаметрі 4,4 мм. Шәуіш бетіне қатқан кезде су жүрмей қалады. Содан келіп әлгіндей жағдай орын алады. Сүңгуір мамандарды пайдаланғандағы мақсатымыз да сол торды жауып тастаған жұқа мұзды тазартып, судың кідіріссіз жүрісіне жол ашу болатын. Сондықтан да бірінші кезекте бесінші стансаны барынша тездетіп салып, келесі қысқа дейін пайдалануға берсек, мұндай мәселе туындамайтынына сенімдімін. Әрине, шәуіш деген тек қыста су қата бастағанда ғана емес, көктемде мұз еріген уақытта да болып тұрады. Соған қарағанда одан қауіп жоқ дей алмаймын. Оған өзімізше қамданып та жатырмыз.
Төтенше жағдай қайталанбауы тиіс
– Тәжірибе көрсеткеніндей және мамандардың болжамынша жыл санап Жайық өзені суының деңгейі төмендеп, арнасы тарылып, түбі таяздануда. Соны ескерсек, жағдай бұрынғыдан да гөрі күрделеніп, қиындай түспей ме? Қайткенде, өткеннің сабағынан қорытынды шығарып, орын алған ахуалдың қайталануына жол бермеу үшін нақты қандай қарекет жасалуда?
– Орынды сауал. Әңгімемнің басында айтқанымдай, біздегі су жинақтаушы стансаның салынғанына сексен жылдан асты, жарамдылық мерзімін артығымен өтеді, тозығы жетіп, әбден ескірді. Содан да оның қуаты сарқылып, мүмкіндігі шектелді. Ендігі жерде қалай да жаңа стансаның құрылысын ыждағаттап, барынша тездетіп, іске қосудың амалын қарастыруымыз қажет. Басқаша жолды көріп отырғаным жоқ. Ең бастысы, бұған аймақ басшылығы тарапынан қолдау бар. Тағы бір көңілге қонымдысы, жобаланып отырған жаңа станса жылжымалы (жүзбелі) болады. Сондықтан да қажеттілігіне қарай өзеннің тереңдеу тұсына таман жылжытылып барып та суды керегінше сорып, жинақтап алуына мүмкіндік туады.
Жасыратыны жоқ, солай деп сеніммен айтқанымызбен, бұл жоба ойлағанымыздай болмағанның өзінде оған балама ретінде тағы бір жобаға қатысты облыс әкімдігі мен мүдделі тараптардың келісімі алынып отыр. Ол – «Қиғаш–Маңғышлақ» магистралды су ағызғысының бойынан қосымшы құбыр тартып, Жайықтың су қорын толықтыру жобасы. Мамандардың пайымдауынша, мұның өзі бірінші кезекте қала халқының сұранысын өтеуге кепілдік береді.
Бүгінде Жайық бойында Оралдан бері қарай 40-тың үстінде канал бар. Олар облысымызға қарасты Индер, Махамбет аудандары арқылы өтеді. Өңіріміздегі басты табиғи су көздері – Жайық пен Қиғаш өзендері және жерасты су қоймалары. Бүгінгі алдымызда тұрған маңызды міндет – осы табиғаттың бізге берген байлығын пайдалануда ұқыптылық, үнемдей білу, орынсыз ысырапқа жол бермеу, кез-келген уақытта төтенше жағдайға ұрындыруы ықтимал тәуекелдерге дайын болу.
Инвестициялық бағдарламаның игілігі қандай?
– Енді кәсіпорын бойынша бірнеше жылға қабылданған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жоспарланған шараларға тоқталып өтсеңіз?
– Басқа салалас кәсіпорындар секілді «Атырау облысы су арнасы» КМК да өзіне инвестициялық бағдарлама қабылдап, оның орындалысын назарда ұстайды. Дегенмен, бағдарламаға енгізілмесе де, кейбір шұғыл атқарылуы тиісті шаруалар бар. Қаладағы осыдан ондаған жыл бұрын тартылған ауыз су құбырлары темірден салынған. Бүгінде олар әбден тозып, апатты жағдайға жетіп отыр. Мысалы, Жұмыскер ауылындағы су құбырлары түгелімен дерлік темірден төселген. Сол секілді қаланың қақ ортасындағы Центральный ш/а-да да солай. Соны ескере отырып, алдыңғы жылы осындай нысандарға ревизия жүргізілді. Ал, 2023 жылы бұл құбырларды жаңғыртып, полиэтилен тұрбалармен ауыстыру жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, рұқсаты алынды. Оның бірінші кезеңінде 30 шақырым ауыз су құбыры мен 40 шақырымды құрайтын апатты жағдайдағы кәріз желісін жаңарту көзделген. Бұған қажетті қаржы мәселесі де оң шешімін тауып, биыл құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Нақтылай кетсем, Авангард шағынауданындағы көпқабатты үйлердің нобайының жертөлелеріндегі кәріз құбыры істен шыққандықтан, лас суға толған, тұрбалардың іші бітеліп, өткізгіштік қабілеттілігі төмендеген. Кезінде Авангард-2,3 ш/а-дарындағы тұрғын үйлердің жертөлесіне төселген тұрбалардың техникалық жағдайы сын көтермейді. Бұл күнде осы ескі кәріз құбырын пайдаланушы тұрғын үйлер де көбейген. Жаңғырту барысында осының бәрі ескеріледі. Бүгінде кәріздер бойынша жоспарланған жұмыстың бір бөлігіне (12 шақырым) қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, тендер жарияланды. Қаржысы бөлінісімен көп кешікпей бұл жұмыс та басталады. Мұның барлығы қыруар қаражатты қажет ететіні белгілі. Мәселен, бір ғана кәріз желісін жаңарту жобасының өзі 11 млрд. теңгеге бағалануда.
Сәл шегініс жасап, ауыз сумен жабдықтау жайына қайта оралсам, мұндағы маңызды шаруа – су тазарту болып табылады. Бүгінгі таңда кәсіпорынға қарасты станса өзеннен тәулігіне 80 мың текше метрге тарта су сорса, соның 65 мың м3-ін ғана тазартып беру мүмкін болып отыр. Қалған 12 мың ш/м су қайта Жайыққа құйылады. Экологиялық кодекстің талабына сай, сол суды кері тазалаудан өткізіп, техникалық мақсатта пайдалануымыз қажет. Сонда оның орынсыз ысырабына жол берілмей, үнеммен тұтынуға мүмкіндік туар еді. Қазірде құрылысы жүріп жатқан №5 сүзгілеу стансасының жобасында мұндай технология қарастырылған. Бұдан басқа да осындай игі бастамалар баршылық.
Мысал ретінде айтсам, Ескенедегі газ өңдеу зауыты мен Қарабатандағы мұнай-химия кешеніне берілетін су Мақатқа тартылған құбырдан алынады. Содан келіп жаз айларында аудан орталығына, Ескене мен Бәйгетөбе ауылдарына және Доссор кентіне су жетпей қалу қаупі туындайды. Оған қосымша осы аумақтан болашақта ірі өндіріс орындары – зауыттар (полиэтилен, бутадин, т.б.) салынады. Сол жердегі шағын кәсіпорындар суды пайдалануға рұқсат алу үшін техникалық шарттарды талап етуде. Алайда, біз жаңағы айтылып отырған аудан елді мекендерін сумен жабдықтайтын құбырдан олардың су алуына рұқсат бере алмаймыз. Міндет – ең алдымен халықтың талабын қанағаттандыру.
Дегенмен өнеркәсіп нысандарының суға сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа жоба әзірленді. Осы және өзге де жобалар бес жылдың ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Тағы су тазарту төңірегінде сөз қозғасақ, келешекте қолданысқа қолайлы, құны әнебір қымбатқа түспейтін локалды жүйеге көшуге бағыт ұсталуда.
Мақсат – ортақ, мүдде – бір
– Қай уақытта да жоғары сұраныс пен сұрауға ие суды орнымен, ұтымды, үнемді пайдалану, қызмет көрсету тарифі секілді күн тәртібінен түспейтін мәселе төңірегіндегі ойларымызды ортаға салып, пікірімізді қоссақ?
Е.ЖОЛАМАНОВ: – Иә, соңғы мезгілде Мақат ауданында да су шаруашылығының жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар қолға алынып, соңғы үлгідегі қондырғы-құрылғылар орнатып, пайдалануға беріліп жатқанына куәміз.
Облыстағы салалық басқарма мен сумен жабдықтаушы кәсіпорынның басшылары айтып кеткендей, су тапшылығын болдырмау, қажеттілікті қанағаттандыру, халықтың таза ауыз суды тұтына отырып, кәріз желісінің де қызметін талапқа сай қолдануына, пайдаланылған судың өзін тазартып, қайталап кәдеге жаратуына жағдай туғызу үшін ұсынылып отырған жобалар мен тәжірибе жүзінде өміршеңдігін дәлелдеп отырған бастамалар бір реттік, науқандық шара ретінде шектеліп қалмай, жалғасын тапса деген тілегім бар. Бұған осы отырған баршамыз қолдаушы болуға тиіспіз. Сонда ғана діттеген мақсатымызға жетеріміз даусыз.
Айта кетерім, аудан орталығы Мақат кентінде әрқайсысының сыйымдылығы 2 мың текше метрлік 4 су жинау қазаны бар. Осы мезгілге дейін бұл резервуарлардың көмегімен су қоры жасақталып, халыққа жеткізіліп келді. Дегенмен, бүгінде бұл қазандықтардың тозығы жетіп, сыр бере бастаған сыңайлы. Кәріз құбырларының да жағдайы оңып тұрған жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын аталған нысандарға күрделі жөндеу жүргізу жөнінде мәселе көтерілгенімен, ол да осы күнге дейін шешілмеді.
С.СӘДУАҚАСОВ: – Бұл саланың арқалар жүгінің қашан да жеңіл болмағаны анық. Екі мыңыншы жылдардың басында ауыз судың ысырабы 60%-ға дейін жетті. Оған сол кездегі су құбырларының тозып, істен шығуы себепші. Соған байланысты су желілерін жаңғыртудың пилоттық жобасы қабылданып, оны орындауға қытайлық компания тартылды. Тым-тәуір жұмыстар жасалып, ахуал айтарлықтай оңалды. Мұнымен бар проблема шешілді демесек те, ілгерілеушілік байқалды. Бүгінгі басшылық тізгінінде жүрген азаматтар да осы үрдісті жалғастыруда.
Дегенмен, саланың экономикалық тұрғыдан тұралауына бірден-бір себепші фактор – ысырапшылдық, үнемшілдіктен гөрі шашпашылдық, ауыз суды техникалық мақсатқа пайдалану әлі де жойыла қойған жоқ. Талапқа мойынсұнбай, тәртіпке бағынбайтындарды жауапқа тартып, тәубесіне келтіретін, қатаң шара қолданатын кез жетті деп есептеймін.
А.БАЙШАХАНОВ: – «Дөңгелек үстел» басындағы отырысымыздың мақсаты – ортақ тақырып аясында ой бөлісу. Осы тұрғыда жұртшылықты дүрліктіріп, тұрғындарды әбігерге салған жайт өткен жылдың желтоқсан айындағы оқиға болғаны сөзсіз. Сусыз қалған санаулы сағаттың өзі оның қадірі қаншалықты жоғары, онсыз тіршіліктің жоқ екенін аңғартты. Сондықтан мұны бір сәттік құбылыс деп қарамай, өмірлік маңызды мәселе деп қабылдауымыз, сол себепті де оған бейжай қарамауымыз қажет.
Жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер телімін жобалап, жоспарлаудағы қателіктердің салдарынан тұрғындардың зардап шегіп, қиындықтарға душар болғанын көзіміз көріп отыр. Оған қала маңындағы «Жұлдыз», қалаберді «Сарықамыс» шағынаудандарындағы тұрғын үйлердің суға кетіп, еденінен су шығуы куә. Дәлірек айтқанда, бұлардың ауласындағы септиктің лас суға толып, кәріз желісінің жұмыс жасамауынан осындай оқиға орын алды. Сонымен бірге автокөліктерді жуу қызметіне техникалық емес, ауыз суды пайдаланудың тоқтамай, оған заң түрінде тыйым салынбауы да жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызуда. Бұл судың орынсыз ысырабына жол беріп отырғаны өз алдына, экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан да дұрыс емес екенін түсініп, қатаң шарамен шектелетін шаруа екенін естен шығармағанымыз абзал.
Р.КҮМІСҚАЛИЕВ: – Үкімет еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын қабылдады. Оның жүзеге асырылуы осы салада қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне кепілдік береді. Тұжырымдаманың маңызды да басым бағыттары – су шаруашылығы инфрақұрылымдарының құрылысы мен реконструкциясы болып табылады.
Ашығын айту керек, оған ұзақ жылдар бойы жеткілікті мән берілмеді. Одан бөлек, республикамыздың көптеген өңірінде каналдар ондаған жылдар бойына күрделі жөндеу көрмеген. Соның салдарынан олардың тозу көрсеткіші ұлғайып, ысырап көлемі 40%-дан асқан. Осы орайда, суды тұтыну мөлшерінің өсуімен байланысты туындайтын тапшылықтың орнын толтырудың бірден-бір жолы барды ұқыпты пайдалану болып саналады.
Одан өзге, отырыста жалпыүйлік және жеке пәтерлік есептегіш құрылғылары мен тарифтердің қолданылу, қызметтің бағасы мен бағамы, басқа да актуальды аспектілеріне қатысты пікірлер қоғалды.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ