
«Шағымымызды кімге айтамыз?!»
«Атыраудан Есбол ауылына (Индер ауданы) бара жатырмын. Бұдан бұрын дәл мұндай емес еді. Мынау сұмдық қой! Шұрқ-тесік жолмен жүру мүмкін емес. Жәй жүрдім дегеннің өзінде көлігіңнің астын соғасың. Сонда мұны қадағалайтын жауапты орындар жоқ па? Шағымымызды кімге айтамыз?» деді жол жиегінде тұрған жеңіл көліктің иесі Марат деген жігіт.

Шынымен Атырау–Орал жолының бойы, әсіресе Махамбет ауданы орталығынан Топайлы ауылына қарай бағытталған тұсы үстіне бомба түскендей қопарылып жатыр. Мұны жергілікті тұрғындар трассаның бойымен ауыр жүк көліктерінің көп жүретіндігімен байланыстырады.
– Иә, жол мәселесі өзекті. Трассаның бүлінген жерлерін жөндеуге байланысты алдағы күндері тендер өтеді. Мердігер мекеме сол кезде анықталады. Анықтай айтқанда, Атырау–Орал жолының 45 шақырымынан 109 шақырымына дейінгі аралық жөндеуден өткізілетін болады. Одан соң тағы екі бөлік бар. Әзірге тендердің нақты қашан өтетіні белгісіз болып тұр,-деді «КАЖсервис» ЖШС Махамбет аудандық жол пайдалану №22 бөлімшесінің бастығы Абзал Жолдасов.

Бұдан бұрын Көлік министрлігі 2025 жылы көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында қолға алынатын ірі жобаларды жариялаған болатын. Солардың қатарында 516 шақырымды құрайтын Атырау–Орал жолы да бар. Маңызды бағыт биыл орташа жөндеуден өткізіледі екен.
Біз туындаған мәселеге орай «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Аслан Дүйсеновке хабарласып, пікірін білген едік.

– «Атырау–Орал» тас жолының Атырау облысы аумағына қарасты 5-189 шақырымы аралығындағы 100 шақырым жолға биыл орташа жөндеу жұмыстары басталады. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Атырау филиалы. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдары жүргізіледі. Әбден тозығы жеткен жол қырылып, екі қабат асфальт төселеді. Республикалық тас жол бойына демалыс алаңдары салынады. Таңдай елді мекені маңындағы бұрылыс кеңейтіледі. Махамбет тұсына жарық шамдары орнатылады. Құрылыс жұмыстарының сапасы біздің мекеме инженерлерінің қатаң бақылауында болады. Қазір жолдың техникалық құжаты дайындалып жатыр. Ведомстволық сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады,- деді ол.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Суреттерді түсірген автор