Жарнама
Инфрақұрылым

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ.САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Мұнайлы өлкеде құрылыс жұмыстары қарқын алып, ауыл-аймақтың ажары айшықталып келеді. Бүгінде облысты дамытуға 300 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген екен. Бұл қаржыға мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі, дамыту орталығы секілді әлеуметтік нысандар салынып, халық игіліне пайдалануға берілуде.

Жақында жергілікті БАҚ өкілдері облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен бірге қалада бой көтеріп жатқан түрлі ғимараттардың құрылысымен танысқан болатын. Сондағы көрген-білгенімізді қағазға түсірген едік.

Облысты дамытуға – 300 млрд. теңге

Біз кейде айналамызда не болып жатқанына мән бере бермейміз. Шындығында қазір өңірде құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алып отыр: Бір ауылдық округте – мәдениет үйі, саз мектебі, шағынаудандарда – емхана мен орталықтар салынуда. Ал маңызды нысандар сапалы болуы үшін құрылыс материалдары мен қондырғылардың бағасы да соған сай болады.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев атап айтқандай, аймақ бюджеті 800 млрд. теңге болса, оның 300 млрд. теңгесі облысты дамытуға бағытталған.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.10 3

– Қазына қаражатын бөлуде әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударылуда. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, жол құрылысы, мәдениет және спорт салаларына көбірек көңіл бөлініп отыр. Үкімет те осы салаларға айырықша маңыз беруде. Жалпы, үш әкімшілік бағыт бойынша 500-ден астам жоба бар. Қазір қалада әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Әрине, кейбір проблемалар да кездеседі. Бірақ еліміздегі мемлекеттік сатып алу заңындағы өзгерістердің нәтижесінде көптеген процедура жеңілдетілді. Яғни, заң аясында мердігер компанияны анықтауға рейтингтік-балдық жүйе қолданылады. Мәселен, құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті компаниялар таңдалады. Жеңімпазды автоматтандырылған жүйе анықтайды. Жасанды интеллект арқылы компанияның тарихы, нарықтағы орны, салық төлемі, мемлекеттік жүйедегі ақпараттар толық тексеріледі. Атап өтерлігі, бұрын мұнай өндіру, өңдеу салаларында болған мердігерлер енді мемлекеттік салаға да келіп жатыр. Оның бір тиімді тұсы – мұндай компаниялар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Демек, жұмыстың сапасы да жақсара түседі,-деді Жасұлан Орақұлы.  

Жеті мектепке жапсаржай салынады

Маңызды нысандарға инвестиция салынғаннан кейін ол кем дегенде жиырма жылдай қызмет етуі керек. Сол себепті бюджеттің әрбір тиыны жұмсалған кезде ең алдымен сапалы материалдар алынуы талап етіледі. Сайып келгенде, мұның барлығы ең қымбат байлық – денсаулық пен болашағымыз балалар үшін жасалып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев те осыны атап айтты.

Өңірде мектептер салынбас бұрын үш ауысымдық мәселеден арылу үшін арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілген. Қала орталығындағы №16, №17 мектептерге талдау жасау барысында оқушылардың 30-40 пайызы қала сыртынан келетіндігі анықталыпты. Яғни балалар білім алу үшін бірнеше автобуспен алыс шағынаудандардан, ауылдық округтерден қатынауға мәжбүр болған. Көпшілік осы оқу орындарының маңында тұратын ағайын-туыстарының үйіне мекен-жайын ауыстырады да, мәселесін «шешіп» алады. Сөйтіп, мектептерде оқушы саны көбейеді.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.10 2

– Осыған байланысты біз ауылдық округтерде білім ордаларын арттыруға жұмыстанып жатырмыз. Оның үстіне қаланың орталығында бос жер учаскесі жоқ. Мәселен, 600 орындық мектеп салуға стандарт бойынша 3,5 гектар жер керек. Ал орталықтан мұндай жер таба алмайсыз. Биыл қаладағы жеті мектепте 250 орындық жапсаржай құрылысы басталады. Екі ауысымды есептегенде қаладағы бірқатар мектепте қосымша 500 орын ашылады. Жапсаржай, қосымша ғимараттарды қосқанда 44 жоба қолға алынды,-деді облыс әкімінің орынбасары.

Орталықта жеке сектор біртіндеп азаяды

Бұл мәселеде ескеретін жайт бар. Атырау қаласы жеке секторы көп облыс орталықтарының көшін бастайды екен. Демек, біздің қала ауылға көбірек ұқсайды. Әсіресе, қаланың орталығында жеке сектордың көп болуы мектеп, балабақша, емхана секілді әлеуметтік нысандар салуға кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Сондықтан облыс әкімдігі шаһар орталығындағы жеке тұрғын үйлерді біртіндеп азайтуды жоспарлауда. Жыл соңында дайын болатын қаланың жаңа Бас жоспарында көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандардың қаланың орталығында орналасатындығы көрсетіледі.

– Көпшіліктің №30 мектеп-гимназияның келешегіне қатысты қоятын сауалдары көп.  Сарапшылар екінші мәрте бұл оқу орнын «апатты» деп таныды. Ол қайта жаңғыртуға келмейді. Оның орнына жаңа заманауи үлкен мектеп салынатын болды»,-деп нақтылады ол.

Еркінқалада – жаңа саз мектебі

Шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан журналистер өңірде құрылысы салынып жатқан жиырмаға жуық нысанды аралап көрді. Алдымен аялдағаны – Еркінқала ауылында салынып жатқан 150 орындық саз мектебі болды. Тұрғындар асыға күткен бұл жоба бүгінде қарқынды жүзеге асырылып жатыр.

Екі қабатты жаңа нысанның құрылыс аумағы 988,34 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 2542,52 шаршы метр. Мектеп 150 орынға арналған. Жобаның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы. Құрылыс жұмыстарын жергілікті мердігер – «ЕламанОйл» ЖШС жүргізуде. Компания директорының орынбасары Аманжол Құспановтың айтуынша, құрылыс жұмыстары наурыз айында басталыпты, ал нысанды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, соңғы жылдары құрылыс талаптары өзгерген.

– Заңнамаға сәйкес құрылыс талаптары жаңарды. Қазір жобаларда тек заманауи материалдар мен құрал-жабдықтар қолданылады. Бұрынғы саз мектебінің қасбеті жоба бойынша табиғи тастармен қапталса, қазір арнайы жаңа материалдар қолданылуда. Бұл – сапа мен эстетиканы арттыру мақсатында қабылданған шешім,-деді облыстың бас құрылысшысы.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.11 3

Саз мектебі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, сыртқы келбеті де соған сай болады. Жоба құны – 1 млрд. 267 млн. теңге. Қазіргі уақытта қаражаттың 30 пайызы игерілген. Құрылыс компаниясы екі жылдық кепілдеме ұсынып отыр. Қиыршық тастар төселіп, айналасы абаттандырылады.

Мамандардың айтуынша, енді Еркінқала ауылының балалары үшін өнерге жол ашылып, мәдениет саласы жаңа деңгейге көтеріледі. Жергілікті халықтың арманына айналған бұл саз мектебі жас дарындардың алғашқы қадамын бастайтын маңызды мекен болмақ.

«Өркеннің» өз емханасы болады

Өркен шағынауданында 250 орындық жаңа емхананың құрылысы басталды. Аталған жобаны жергілікті «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» жүзеге асырып жатыр. Құрылыс жұмыстары биылғы сәуір айында басталып, келесі жылдың наурыз айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

Екі қабатты типтік жобадағы бұл медициналық мекеме заманауи стандарттарға сай салынуда. Бүгінде ғимараттың екінші қабаты бой көтеруде. Сондай-ақ су жүйесі жүргізіліп, қазандық (котельный) құрылысы да басталған.

Балықшы шағынауданындағы №4 емханаға бүгінде 59840 науқас келіп, ем-домын алатын көрінеді. Бұған дейін Өркен шағынауданының халқы Балықшыдағы осы емханаға барып қаралатын, алайда ол тек 25-30 мың адамға ғана есептелген еді. Жаңа емхана бұл тығырықтан шығудың жолы болмақ. Бұған қоса Еркінқала тұрғындары да осы емхананың қызметін пайдалана алады.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.11 4

«Бекболатовтар құрылыс компаниясының» өкілі Аслан Сүйесіновтың айтуынша, жоба аясында толық медициналық құрал-жабдықтармен қамту қарастырылған: КТ (компьютерлік томография), УЗИ (ультрадыбыстық зерттеу), рентген, маммограф және басқа да жоғары технологиялы аппараттар орнатылады. Сондай-ақ бейінді мамандар мен жалпы практика дәрігерлері (ВОП) де осы емханада қызмет көрсететін болады.

– Бұл нысан іске қосылғаннан кейін бір ауысымда 250 адамға дейін қабылдай алады. Өркен аумағы бұрын №4 қалалық емхананың қызмет көрсету аумағына кіретін. Қазір бұл үлкен аймақ екіге бөлініп, жеке медициналық инфрақұрылымы дамып жатыр, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Жанұзақов.

Құрылыс жұмыстарына 24 бетон құюшы және 32 тас қалаушы маман жұмылдырылған. Жобаның бастапқы құны 3,5 млрд. теңге болғанымен, жобалық шешімдерге енгізілген өзгерістерге байланысты қазіргі сметалық құны 5,9 млрд. теңгеден асып отыр. Бұл уақытша кідірістің себебі де құжаттаманың қайта жасалуы мен жобаның нақтылануына байланысты екен.

Қазір Атырау қаласында 7 емхана бар. Жаңа нысан ашылғаннан кейін медициналық жүктеме айтарлықтай жеңілдеп, қала халқы үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет арта түспек.

Жаңаталапта – заманауи спорт кешені

Жаңаталап ауылында бұрын-соңды болмаған үлкен әлеуметтік жоба – 160 адамға арналған жаңа спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан «Теңізшевройлдың» «Игілік» бағдарламасы аясында бой көтерген. Өткен жылдың қаңтар айында басталған құрылыс жұмыстарын «Powercon» ЖШС бар-жоғы 1,5 жылда толық аяқтап отыр.

Құрылысшылардың айтуынша, қазіргі уақытта кешенді газ желісіне қосу жұмыстары ғана қалыпты. Жоғары қысымды газ құбырын қауіпсіздік талаптарына сай төмендетіп орнату үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Бұл мәселе «ТШО» тарапымен келісілген, алдағы бір ай ішінде бұл техникалық кезең де аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.12

– Жергілікті компания ретінде бұған дейін бірнеше ауқымды жобаны табысты аяқтағанбыз. Бұл жолы да өз міндетімізді абыроймен атқардық, — дейді «Powercon» ЖШС өкілі Әлихан Есімов.

Жаңаталаптағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауыл жастарына бокс, еркін күрес, баскетбол, волейбол және шағын футбол сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Кешеннің кейбір бөліктері мобильді, яғни жылжымалы жүйемен жабдықталған – бұл оны көпфункционалды әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Спорт мектебі Дамбы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ретінде жұмыс істейді. Мұнда 600-700 бала спортпен шұғылданып, 8 кәсіби жаттықтырушы тұрақты жұмыс істейтін болады. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд. теңге.

Бұрын мұндай заманауи нысан болмаған Жаңаталап ауылының жастары енді бос уақытын тиімді өткізіп, спорт арқылы жаңа белестерді бағындыра алады.

«Сақалды» құрылысқа жан бітті

Дамбы ауылында 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы қайта жанданып, қарқынды жүріп жатыр. Ол жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 40-45 пайызы орындалып, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және жылу жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы, ал мердігер мекеме ретінде «Vek-Story-Com» ЖШС жұмыс істеуде. Құрылыстың жалпы құны – 2,63 млрд. теңге. «Vek-Story-Com» ЖШС Атырау облысы бойынша жоба жетекшісі Жәнібек Давлетовтың айтуынша, нысанда бүгінде 50-ге жуық құрылысшы жұмыс істеп жатыр.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.11 1 2

Аталған мектептің құрылысы алғаш рет 2019 жылы басталып, 2020 жылдың соңында түрлі себептермен тоқтап қалған болатын. Содан бері қаңырап тұрған еді. Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, мердігерге және мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тергеу жүргізілген. Алайда кейіннен олар ақталып шықты. Себебі заңбұзушылықтар анықталмады. Тергеу нәтижесінде тек рәсімдік кемшіліктер болғаны анықталған: бітпеген нысанды қабылдау әрекеті тіркелген.

– Бұл істі толық қайта қарап, жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгіздік. Жаңа тендер жарияланып, жеңімпаз анықталды. Қазір құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 300 орындық мектепті пайдалануға береміз, — дейді құрылысшылар.

Осылайша «сақалды» құрылыс қатарындағы мектеп екі ауысымда жұмыс істейтін болады, яғни күніне 600 оқушыға дейін білім алуына мүмкіндік береді. Бұрынғы ескі ғимарат бұл жүктемені көтере алмай келген еді.

Дамбы ауылында соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде мұнда мәдениет үйі, көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ашық спорт алаңдары, саябақтар сияқты бірнеше ірі жоба іске асып жатыр.

Ашық спорт алаңдары көбейіп келеді

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде Атырау қаласы мен аудандарда 56 спорттық жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев оның ішінде бірнеше ірі инфрақұрылымдық нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатқандығын айтты. Атап айтқанда, 12 мың адамға арналған орталық стадион мен ипподром құрылысына қатысты дайындық жұмыстары басталған.

Өңірде спорт инфрақұрылымының кеңеюі аймақ халқының салауатты өмір салтына ден қоюына жол ашпақ. Қазір қала аумағында бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар Дамбы, Еркінқала, Жұлдыз, Вокзал маңы шағынауданы, Берекедегі (бұрынғы Память Ильича) ауылы, Алмалы және Көктем сынды ықшамаудандарда салынуда. Сондай-ақ әр елді мекенде ашық спорт алаңдары бой көтеруде.

Ерекше атап өтерлік жоба – Вокзал маңы шағынауданындағы Арбат маңында орналасатын спорт кешеніне қосымша спорт залының салынуы. Бұл нысан жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, кәсіби дайындыққа да мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Мұнайшы» стадионын жаңғырту, Ұлттық спорт түрлері орталығының құрылысын бастау және Самал ықшамауданында ашық спорт алаңын салу жоспарланып отыр. Қала шетіндегі «Грибная база» деп аталып кеткен бұрынғы спорт нысанын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.

Дамбыда – жаңа мәдениет үйі

Қалаға қарасты Дамбы ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Мердігер мекеме – «Батысстройсервис-Атырау» ЖШС-нің учаске басшысы Төремұрат Жаулыбаевтың айтуынша, нысан құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқтала келіпті. Алдағы бір айда ғимарат толықтай пайдалануға берілмекші.

– Құрылыс барысында тапсырыс берушінің өтінішімен жобалық шешімдерге бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, мәдениет үйіне лифт орнату туралы ұсыныс болды. Қазір осы бағытта соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді учаске басшысы.

whatsapp image 2025 08 01 at 14.56.11 5 1

Жобаның жалпы құны – 931 млн. теңге. Ғимарат ауыл халқының мәдени қажеттіліктерін толық қанағаттандыратындай етіп жобаланған. Мұнда би залы, суретшілерге арналған шығармашылық бөлмелер, сондай-ақ ашық жазғы сахна қарастырылған. Бұл ауыл өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдардың өнерін еркін көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Дамбы ауылында кеңестік кезеңде салынған ескі мәдениет үйі болған еді. Алайда ол қазіргі талаптарға сәйкес келмей, жаңа нысанның қажеттілігі туындаған болатын. Енді заманауи үлгіде салынып жатқан бұл мәдениет үйі ауыл өміріне серпін беріп, тұрғындардың рухани-мәдени тынысын кеңейте түспек.

Онкологиялық диспансерге – заманауи радиологиялық корпус

Облыстық онкологиялық диспансерінің аумағында сәулелік емдеуге арналған жаңа радиологиялық корпус құрылысы басталды. Жоба аймақтағы онкологиялық көмек сапасын арттыруға және емдеу технологияларын халықаралық стандарттарға сай жүргізуге бағытталған.

Жаңа корпустың құрылысын салу қажеттілігі халықтың сұранысына сай туындап отыр. Радиологиялық корпуста жоғары технологиялы медициналық жабдықтар орналастырылады. Атап айтқанда, жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия аппараттары, магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография, тері қатерлі ісіктерін, жатыр мойны, тік ішек, ауыз қуысы секілді күрделі ісіктерді емдеуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Нысан науқастардың қауіпсіздігін ескере отырып жобаланған. Сәулелік ем жүргізетін қондырғылар бункерлік жүйеде орналастырылады. Бұл айналадағы адамдардың сәуле әсерінен толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ тұрғындардың жиі шағымданатыны 50 жылдық тарихы бар онкодиспансердің ғимараты болатын. Бүгінде ескі ғимараттың орнына жаңа нысан салу бағытындағы жұмыстар қолға алыныпты. Бүгінде оның құжаттары медициналық бұйымдарды сараптамадан өткізетін ұлттық орталықта.

– Қазір облыстық аурухана жөндеуден өтуіне байланысты уақытша модульдік ауруханаға орналастырылды. Содан кейін біздің құжаттарымыз дайын болса, уақытша сол орынға көшеміз. Егер онкодиспансер құрылысы жыл аяғында басталса келесі жылы аяқталуы мүмкін. Егер келесі жылға қалса, онда 2027-2028 жылдары бітуі ғажап емес. Онкодиспансерде қазіргі таңда 110 тәуліктік төсек және 30 күндізгі стационар орны бар. Жаңа корпус іске қосылғаннан кейін емдеу орындарының жалпы саны 180-ге дейін артады. Бұл – соңғы бес жылда тіркелген науқастар саны мен емдеуге деген сұраныс негізінде есептелген,-деп нақтылады облыстық онкологиялық диспансер басшысы Эльмира Сапарова.

Нұрсаяда – жаңа емхана

Нұрсая шағынауданында заманауи үлгіде салынып жатқан 250 орындық жаңа емхананың құрылысы қарқынды жүруде. Жобаның мақсаты – тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті қолжетімді әрі сапалы ету, әсіресе өсіп келе жатқан тұрғын аудандарда денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту.

Нысанның мердігері – «Бекболатовтар құрылыс компаниясы». Емхананың құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Қазіргі жоспар бойынша құрылыс қараша айында толық аяқталады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 6,4 млрд. теңгені құрайды.

Жаңа емхана №5 қалалық емхана құрылымына қарайды. Күн сайын Нұрсая-3 пен Самал шағынаудандарынан 250-ге дейін науқас қабылдай алады. Қазіргі таңда нысанда 53 құрылысшы еңбек етіп жатыр, құрылыс материалдары жеткілікті.

– Бұл медициналық мекеме типтік жоба бойынша салынып жатыр. Жобалау және құрылыс жұмыстары барысында жерасты суының көтерілуіне байланысты қосымша инженерлік шешімдер қабылдауға тура келді. Атап айтқанда, құрылыс алаңындағы жерасты су деңгейін төмендету жұмыстары екі-үш айға созылды. Бүгінде құрылыс кестеге сай жүріп жатыр,  — деді учаске басшысы Әлібек Әзербаев.

Ал №5 қалалық емхана бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Жанар Дәулетованың айтуынша, жаңа нысан қолданысқа берілгеннен кейін тұрғындар үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету анағұрлым ыңғайлы болмақ.

Үшінші BINOM мектебі

Ақ Шағала шағынауданында жаңа BINOM мектебінің құрылысы басталған. 2000 оқушыға арналған бұл заманауи білім ордасы 22 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.

Жоба бойынша мектепте оқу кабинеті, информатика, химия, физика және биология пәндеріне арналған арнайы зертханалар, екі үлкен және екі шағын спорт залы, сондай-ақ кең асхана қарастырылған. Оқушылар мен мұғалімдер үшін үлкен кітапхана да салынбақ.

Бұл нысанның басты ерекшелігі – жаңа мектептің атауы халықтың ұсынысымен анықталуында. Осы мақсатта тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, әркім өзінің нұсқасын ұсына алады. Басымдық өңірдің дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімдеріне беріледі.

Мектептің бес қабатты ғимаратының құрылысы ақпан айында басталған. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. BI Group компаниясының өкілі Қуанғали Бақтығалиевтің айтуынша, бүгінде әрлеу жұмыстары жүруде. Құрылыстың басында 130 маман еңбек етуде. Жобаның жалпы құны – 13,4 млрд. теңге.

Бұл мектеп бұрынғы екі BINOM мектебінен ерекшелеу болады: мұнда спортқа, ғылымға және шығармашылыққа кең жол ашатын инфрақұрылым қарастырылған. Мектеп екі ауысымда 4000 оқушыны қабылдай алады. Алғашқы кезеңде мұнда №30 мектеп-гимназияның оқушылары көшірілмек. Яғни, өткен оқу жылында аталған гимназияда білім алып жатқан оқушылар автоматты түрде BINOM-ға орналасады.

Дарынды жастарға – шығармашылық орталық

Атырау қаласында дарынды жастардың қабілетін дамытуға арналған көпбейінді мәдениет және шығармашылық орталығының құрылысы басталды. Ауқымды жоба мамыр айында қолға алынып, келесі жылдың қаңтарында толық аяқталмақ.

Жаңа орталық 192 орынға есептелген. Оның құрамында 32 орындық шағын зал мен 80 орындық үлкен зал қарастырылған. Бұл заманауи кешен жасөспірімдер мен жастардың өнер мен шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, мәдени бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жоба өңірдегі мәдени және білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Атыраулық талантты жастар үшін бұл орталық шығармашылық алаңына айналмақ. «Батысстройсервис-Атырау» ЖШС өкілі Айболат Құспановтың айтуынша, қазір құрылыс басында 50-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр.  Жобаның құны 1,4 млрд. теңгені құрайды.

– Біздің қалада жастар орталығы жоқ. Мұнда үйірмелермен қатар коворкинг орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар болады. Яғни, бұл әмбебап орталыққа айналмақ,-деді баспасөз туры барысында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Берекеде –дәрігерлік амбулатория

Береке ауылында 25 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи талаптарға сай салынған медициналық мекеме құрамында дәрігерге дейінгі көмек көрсету бөлімі, стоматологиялық және физиотерапиялық кабинеттер болады.

Құрылыс жұмыстары ақпан айында басталған болатын. Бүгінде нысанның 90 пайызы дайын, ал толық пайдалануға беру тамыз айына жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 775 млн. теңге.

Ауыл тұрғындарының ұсынысы мен бастамасы негізінде Берекеде әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Өткен жылы жаңа мектеп ел игілігіне берілсе, биыл амбулаторияның құрылысы аяқталып жатыр. Алдағы уақытта балабақша мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Қазіргі таңда ауылда 12 мыңға жуық тұрғын бар. Жүзеге асып жатқан бұл жобалар халықтың өмір сапасын арттырып, білім беру, денсаулық сақтау мен спортқа қолжетімділікті жақсартуға оң септігін тигізбек.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға – жаңа оңалту орталығы

Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл маңызды әлеуметтік нысан Алмалы ауылында 2023 жылдың шілде айынан бастап салынуда. Құрылыс жұмыстары биылғы маусым айында толық аяқталады деп жоспарланған. Жобаның құны 9,2 млрд. теңге көлемінде.

Бүгінде құрылыс жұмыстарының 95 пайызы орындалған. Ғимарат ішіндегі әрлеу мен айналасын абаттандыру жұмыстары толықтай аяқталыпты. Қазір мамандар медициналық және оңалту жабдықтарын орнатып жатыр екен.

Жаңа орталық бір мезетте 150 адамға дейін қабылдай алады. Жалпы ауданы 5 гектар болатын кешен бес блоктан тұратын үш қабатты ғимарат ретінде бой көтерген. Мұнда дене шынықтыру залы, акт залы, емдік дене тәрбиесі бөлмелері, медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту бөлімдері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ сауықтыру бассейні де қарастырылған.

Орталықта 125 орындық кең асхана, физиотерапия кабинеттері, тұзды шахта, сумен және инемен емдеу аймақтары, сондай-ақ жылыжай мен көгалдандырылған серуен аймақтары да қарастырылған. Ең бастысы, мұнда еңбек терапиясына басымдық беріледі. Орталыққа І, ІІ топтағы мүгедек жандармен қатар мүгедектігі бар балалар да келе алады. Жолдама мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасымен беріледі.

Жаңа нысан өңірдегі осы саладағы ең ірі орталыққа айналмақшы. Бұл арнайы оңалту қызметтерінің қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, көптеген жанға сапалы көмек алуға мүмкіндік береді.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button