Құлсарыдағы жұмыс қарқынды
Қазіргі таңда Құлсары қаласындағы су тасқынынан соң астан-кестеңі шыққан көше жолдары қайта жөнделе бастады. Осы мақсатта сметалық есеп жасалып, мердігер мекеме анықталған болатын. Бүгінде «Автожолшылар» шағынауданындағы №204 көшеден басталған құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып отыр.
Су тасқынының салдарынан бүлінген «Достық» шағынауданы мен «Сауран», «Сәли Шәкірова» көшелеріндегі тас жолдар қайта қалпына келтірілуде. Көшелерге тас төсеу жұмыстары мен «Басшы ата» зиратының бүлінген қоршауын жөндеу жұмыстары жақын арада басталады. Қаладағы құрылыс қалдықтары, қоқыстар арнайы орынға шығарылуда. Бұл іске тұрғындар да белсене үлес қосып жатыр.
– Көгалдандыру жұмыстары жылдағы дәстүр бойынша жүргізіледі. Абаттандыру, жарықтандыру элементтері қалыпқа келтірілуде. Құрсай жағалауындағы қаланың сәулетін келтіретін жарықтандыру элементтері қайта жасақталады. Қаладағы үйлері суға кеткен тұрғын үйлерді бағалау жұмыстары аяқтала келді, қазір өтемақы төлеу мен өтініштерді қайта қарау процестері жүргізілуде. Бүгінгі таңда қаладағы «Болашақ» шағынауданында суға кеткен жер телімдерінің суы сорылып жатыр, — деді Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Амангелдіұлы.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ