Құлсарыдағы үйлер газ желісіне қосылуда
Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғын үйлердің 85%-ы газ желісіне қосылды. Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлады.
«Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғалым Жақашевтың айтуынша, ендігі кезекте газ желісіне қосылуы тиіс 400-ге жуық абонент бар.
«Газ желісін қайта қосудан бөлек, үзілген желілерді жалғау, газ желілерінің жүйесін өзгерту, оларды жаңа желілерге байланыстыру жұмыстары жүргізілуде. Біздің есебіміз бойынша газ желісіне қосылуы тиіс 400-ге жуық абонент қалды. Оның ішінде көп қабатты пәтерлерді тек бір абонент деп есептейтін болсақ, жұмыстардың 85%-ы аяқталды», — деді Ғ.Жақашев.
Сонымен бірге, Құлсары қаласында қазір ток желілерін қайта қосу, құлаған бағаналарды ауыстыру, қосымша және жаңадан желі тарту жұмыстары жүргізілуде.