
Қала көшелерінде қайнаған жұмыс
Атырау қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда Қ.Сәтпаев даңғылында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Атырау – Астрахан және Атырау – Индер бағытындағы тас жолдардың қала аумағындағы бөліктерінде, Жастар – Еркінқала жолында, Шамелов көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алды.

Қала әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғасырбек Төлегеннің сөзінше, қалаішілік жолдарды жақсарту жұмыстары тек күрделі жөндеумен шектелмей, Азаттық, Жарбосынов, Махамбет, Молдағұлова көшелерінде орташа жөндеу де қатар жүргізілуде. Бұл жұмыстар көліктілер мен жаяу жүргіншілердің күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Аталған жобаларды жүзеге асыруға «АтырауИнжСтрой», «КазСервисГрупп», «ДостықСпецТранс», «КазДорСтрой» секілді тәжірибелі мердігер мекемелер тартылған. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Жауапты мекемелердің мәліметінше, жазғы каникул мезгілін тиімді пайдалану арқылы бірқатар көшелердегі жұмыстарды маусым және шілде айларының соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта Гагарин, Ерниязов, Сатыбалдиев және Бигелдинов көшелерінде де құрылыс жұмыстары жалғасады. Бұл бастамалар Атырау қаласының заманауи әрі жайлы инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қала тұрғындары үшін көлік қозғалысы әлдеқайда ыңғайлы, жайлы әрі қауіпсіз болмақ. Қаланың көркі мен қолайлылығын арттыру бағытындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, — дейді әкімдіктің өкілі.

Мына суреттерде қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысы бейнеленген.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ