
Өңірде 70 шақырым электр желісі жаңғыртылады
«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 70 шақырымнан астам электр желісін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Іс-шаралар «Атырау Жарық» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
Бағдарлама Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментімен келісілген. Жөндеу жұмыстары апат жиі тіркелетін және электр қуатының жиі өшірілуі байқалған елді мекендерді қамтиды.
Департамент басшысы Арман Өтегеновтің айтуынша, жаңғыртылатын электр желілері 1950–1990 жылдары пайдалануға берілген және тозу деңгейі 75 пайыздан асып кеткен. Мұнда ескірген ағаш тіректер темірбетон бағаналармен, ал тозығы жеткен сымдар заманауи желілермен алмастырылады. Бұл, өз кезегінде, тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырады.
– Жоба тариф қаражаты есебінен қаржыландырылады және уәкілетті органның тұрақты бақылауында болады. Жұмыстардың техникалық стандарттарға сай және уақытында орындалуына ерекше мән беріліп, айрықша назар аударылады, – деп қорытты сөзін департамент басшысы.
Дәулетқали АРУЕВ