
Міндетін атқармаған мердігер
Ақпан айының соңғы күндері Атырау ақ көрпесін жамылды. Балалар екі бетін аяз «сүйгеніне» қарамастан жапалақтаған ақ мамыққа асыр салып ойнап мәз болысты. Иә, мұндай ауа райы кейінгі жылдары сирек кездесетін құбылысқа айналып бара жатқандай. Десек те, табиғат-ананың мінезіне бірден төтеп бере алмай қалған жағдайлар да кездесті. Әсіресе, тас жолдар жабылып, жұртшылық біраз әбігерге түскен еді.
Жақында облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов әлеуметтік желідегі парақшасында осы мәселені сөз етіп, содан туындаған келеңсіз жағдайларды сынға алды.
– Қыс қаһарына мініп, боран соқса болды – жылда жолдар жабылып, қар астында қалады. Халықтың қауіпсіздігіне, қозғалыстың қалыпты жүруіне жауапты компания неге уақытында әрекет етпейді? Қалың қар, жабылған жолдар, кептелістер, боранмен ұшқан миллиондаған қаржы – мұның бәрі жұмысына немқұрайлы қараған мердігердің кесірі.
Миялы–Сағыз, Миялы–Индер тас жолы 21-22 ақпан күндері жабылып, халық сергелдеңге түсті.
Тендерді ұтып алған соң, жұмысты дұрыс атқаруы керек емес пе? Бұл жолдардың тазалығына жауапты мердігер «AG Disinfection Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жолды тазартатын техникасы да жоқ болып шықты. Жауапты мекемелер не қарап отыр? Халық осындай немқұрайлылықтың зардабын тарта беруге міндетті ме? Тиісті органдар бұл мәселені қадағалап, салғырт мердігерге қатаң шара қолдануы керек,-дейді халық қалаулысы.
Біз осы жағдайға байланысты аталған аумақта қар тазалау жұмыстарымен айналысып жүрген жауапты мердігер компания «AG Disinfection Services» ЖШС директоры Нұрлыбек Ахмедияровқа хабарласқанбыз. Оның айтуынша, өңірге қар көп мөлшерде түскен бір күннің ішінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы дерлік жабылған. Содан кейін арнайы техникалар шығып жол бойын тазалапты.
Жалпы, мердігер компания жол бойын тазалау жұмыстарын тендерден өткен жылы ұтып алған. Ал қаңтар, ақпан айларында тапсырыс беруші қосымша келісім-шарт жасақтаған көрінеді.
–Ол аумақта облыс орталығындағыдай қар еріп кеткен жоқ. -20 градус салқындық болғандықтан, қыс сәні әлі де сол күйінде. Миялы–Сағыз, Миялы–Қарабау аралығының әрқайсысы 100 километрді құрайды. Аумақ үлкен болғандықтан, жол бойын тазалау үшін біраз уақыт қажет болды. Бүгінде арнайы техникаларымыздың барлығы осы жерде. Мұндай техникалар жоғары жылдамдықпен жүре алмайды. Сондықтан тазартуға бір күндей уақыт кетті. Компанияда 2 КДМ, жүк тиегіш көліктер бар. Ол аумақтарда 9 жұмысшы-қызметкеріміз жұмыс істеп жүр,-дейді Нұрлыбек Ахмедияров.
Ал жол жиегіндегі жыңғылдарды жұлуға рұқсат жоқ. «Қызыл кітапқа» енген дала өсімдігі қарды тіресе үйіндіге айналуы да мүмкін. Мердігер мекеме директоры ауа райының болжамы бойынша алдағы бір-екі күнде боран болуы ықтималдығын ескере отырып, барлық күш-жігерді сол аумаққа жұмсайтынын жеткізді.
Айбөпе САБЫРОВА
*Сіз не дейсіз?
Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ,
облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
«Акт жасап, ескерту бердік»
Миялы–Сағыз тас жолын күтіп ұстау жұмыстары мердігер компания «AG Disinfection Services» ЖШС-не тапсырылған болатын. Тоқтаусыз жауған қардың салдарынан жол уақытша жабылды. Серіктестіктің 1 КДМ, 2 жүк тиегіш көлігі, 1 КАМАЗ автокөлігі мен жұмысшы-қызметкерлері жұмыс істеді. Арнайы топырақ пен тұз себілді. Бүгінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Десек те, басқарма мердігердің қызметіне көңілі толмай, акт жасады. Арнайы хат жолдап, мұндай жағдай қайталанса келісім-шартты бұзатынымызды хабарлап ескерттік.
Шынында да, қар көп мөлшерде жауды. Мердігер мекеме оны дер кезінде тазалауға үлгере алмай қалды. Қазір әлі де жолды аршу, қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Біз басқарма тарапынан жүргізушілерге қолайсыздық туғызып, ыңғайсыз жағдайға қалдырғанымыз үшін кешірім сұраймыз.
Жалпы, тендер жариялағаннан кейін мердігер компаниямен бір жылға келісім-шартқа отырамыз. Келесі жылдың тендері өткенше сол серіктестікпен қосымша келісім-шарт жасақтаймыз. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін талап күшейтілетін болады.