Миялы-Тайсойған тас жолы құрылысы басталды
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылқоға ауданында ұзындығы 45 шақырымды құрайтын, 4-ші санаттағы Тайсойған автокөлік жолының құрылыс жұмыстары басталды, деп хабарлайды atr.kz
Енді тайсойғандықтардың Миялыға көлікпен қатынау уақыты екі есеге азаятын болады. «Жол азабын жүрген біледі» демекші, құмдағы Тайсойған халқын аудан орталығымен байланыстыратын бірден-бір маңызды жолдың нашарлығы — ауыл халқының басты мәселесі.
“Аядай ауылдың құжат, аурухана, банк, тағы басқа көптеген мәселелері Миялыдан шешіледі. Ол жаққа жететін жолдың азабы жанымызға батып келеді. Жол құрылысы аяқталғаннан кейін ауылдастарым жол азабынан құтылатын болды. Жұмыстың басталғанын көріп қуанып отырмыз”, — дейді ауыл ақсақалы, Тайсойған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатқали Каримов.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Жоспар бойынша 2025 жылы толықтай пайдалануға берілмек. Мердігер компания – «Ассана Дорстрой» ЖШС. Жоба құны – 14 700,0 млн.тг