Жарнама
Инфрақұрылым

Махамбеттегі «Жаңа ауыл» қашан жаңарады?

БҮГІНДЕ ОБЛЫСТЫҢ БІРАЗ БӨЛІГІНДЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛІП, БАЯҒЫ МИБАТПАҚ БАЛШЫҚТАН АРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖАҒДАЙДЫ ЖИІ БАЙҚАП ЖҮРМІЗ. ДЕЙТҰРҒАНМЕН, ҚАЙ ЕСІКТІ ҚАҒЫП, КІМГЕ МҰҢЫН ШАҚСА ДА ШАРУАСЫ ТҮГЕНДЕЛМЕЙ ЖАТҚАН ЖҰРТ ТА ЖОҚ ЕМЕС.

Жуырда редакциямызға Махамбет ауылында тұратын жалғызбасты ана Райхан Ихсанова редакцияға хабарласып, өздері тұратын көшеде жарық пен асфальттың жоқтығын, соның кесірінен жаңбыр жауса резеңке етік киіп амалдауға мәжбүр екенін айтып шағымданды. Аудан орталығының «Жаңа ауыл» шағынауданындағы Е.Серкебаев көшесінде жиырма жылдан астам уақыттан бері тұратын тұрғын атқамінерлердің осы кезге дейін қайырылмай жүруінің себебін түсіне алар емес.
– Бүгінде екі қызымыз мектепті бітіріп, қалада жұмыс істейді. Оларды осы жолда тасжолға дейін арқалап жүріп өсірдік. Енді екеуі де қаладан келгісі келмейді. Әсіресе жаңбыр жауған күндері таза киімін бүлдіріп, екі ортада әбігерге түсіп жүруді жөн санамайды. Өзіміз жұмысқа, оқушы балаларымыз мектепке бару үшін аяғымызға ұзын қонышты резеңке етік киеміз, қысқа қонышты резеңке етікпен жүру мүмкін емес. Көшеге су жиналған кезде оны кешіп өту қиын. Жаңбырлы күндері резеңке етікпен ғана жүреміз, — деді Райхан Маратқызы.
Жергілікті әкімдіктегілерге шап-шағын көшенің бір топ тұрғыны базыналарын айтып талай рет барғанмен, мәселенің шешімі кейінге шегеріліп келе жатыр. Оның себебін де ешкім түсіндірмейді екен. Бұл көшеде тіпті 30 жылдан астам уақыттан бері тұрып келе жатқан адамдар бар.
– Әкімдіктегілер бұл көшеге асфальт төсеу жоспарда тұрғанын айтты. Бұдан бірнеше жыл бұрын шағынауданның кейбір көшелеріне ғана асфальт төселді, бірақ біздің көше тағы қалып қойды. Бізден кейін қоныстанған тұрғындардың көшесін асфальт салуға әзірлеп жатыр. Соның анығын білгіміз келеді. Көшеде жарық та жоқ, әсіресе қыс мезгілінде түстен кейін оқитын мектеп оқушыларына қиын, — деді ауыл тұрғыны.
Махамбет ауылдық округінің әкімі көшенің тұрғындарымен кездескенде бюжет қаржысы ауысса ғана асфальт төселетінін айтыпты. Оның қашан жүзеге асары белгісіз, әйтеуір әзірге тасжол төсеуге дайындалып жатпағаны анық.
Сол ауылдағы тағы бір тұрғын – Алтын Демишева да осыдан үш ай бұрын редакцияға хабарласып, ауылдағы шешімін таппай тұрған мәселелерді көтерген болатын. Ол газет бетінде жарияланды да. Алайда ол да орындал- мапты.
– Көшеге жарық пен «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су желісі жүргізіледі деп жыл сайын уәде беріледі.
Бірақ шешімі жоқ. Әйтеуір қашан тілдессек те «сметасы қаралып» жатады. Махамбетте жұмыс болмағандықтан, тұрғындар қалаға қатынайды. Сондықтан, қалаға қатынайтын қоғамдық көліктердің жүру аралығын жиілетсе жақсы болар еді. Сұраныс көп болған соң шығарған жаңа автобус аздық етіп тұр. Автобуспен бару үшін бір апта бұрын билет алып қоюға тура келеді. Дәрігерге қаралу үшін де об- лыс орталығына сабыламыз. Өйткені, жергілікті жерде білікті, өз саласын меңгерген мамандар тапшы, — дейді А.Демишева.
Махамбет ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сапаров биыл жоспар бойынша округте жол салу қарастырылмағаны туралы басын ашып айтты. Дегенмен
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үнемделген қаражат есебінен көшелерге жол салуға тапсырыс беріпті.
– «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша негізгі көшелерге су желісі жүргізіліп, тәулік бойы тұрғындар тұтынып отыр. Аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа сүзгілер ауысты- рылды. Бүгінде одан ешқандай проблема жоқ. Ал, «Махамбет- Атырау» бағытына бұрын тек 25 орындық автобус жүрсе, қазір 44 адамдық Ikarus, 33 орындық Yutong көлігі күніне төрт, кейде бес рет жолаушы тасымалдайды, — деді Нұрлан Зинелғабиденұлы.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы биыл қай көшелердің салынатыны туралы мәлімет алу үшін ресми түрде хат жолдау қажеттігін айтты. Оның дауыс ырғағынан ұққанымыз, жұмыс уақытын босқа жұмсап, телефонмен жауап бергісі келмейтін тәрізді. Жә, мұнымен де келістік. Алдағы уақытта аудандағы инфрақұрылым, құрылыс салалары туралы нақты жұмыстарға арнайы тоқталатынымызды оқырман қаперіне береміз.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button