
Көпірлер жаңа технология арқылы тексеріледі
Қазақстанда жол инфрақұрылымын цифрландыру мен қауіпсіздікті арттыру аясында көпірлерді жедел диагностикалау технологиясы енгізілмек. Бұл технология жол бойындағы көлік қозғалысына шектеу енгізбей-ақ, ауыр арнайы техникасыз көпірдегі жасырын ақауды бірнеше минут ішінде анықтауға мүмкіндік береді.
Республика Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, диагностикалық кешен жоғары сезімтал сенсорлармен, оның ішінде көпір құрылымындағы дірілді тіркейтін акселерометрлермен жабдықталған. Сонымен қатар құрылғы деформацияны тіркейтін тензодатчиктермен қамтылған.
–Мәселен, бұл технология көпірдің тірегіне ауыр жүк көлігі соқтығысып қалғанда жедел диагностика жасау үшін тиімді болмақ, — деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Габдуллина Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Айта кету керек, жаңа технологияның басты артықшылығы – диагностиканы жедел әрі нақты жасауға болатындығында. Осы кезге дейін көпірлерді тексеру белгілі бір уақытты, техника мен арнайы мамандарды талап етті. Қазір барлық деректі тек бір ғана құрылғыны қолдана отырып алуға болады. Бұл жүйе қандай да бір зақым болса инженерлік шешімді тез қабылдауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ